Ойын – ойды шыңдайды
Қазақ халқындағы «Баланы ойын өсіреді» деген даналық сөздің мәні зор. Шыныдығында да бала ойнағанда жүйкесі тынығады, көңілі өсіп, ойы сергиді, денесі шынығады. Сол арқылы тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, ұлттық ерекшелік, дәстүр жайлы таным-түйсігі қалыптасады.
Ойын – бала үшін оқу да, еңбек те. Осы орайда В.Сухомлинский: “Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес, ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірмен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады. Ойын дегеніміз – ұшқыр білімге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты” деген пікір айтады.
Ойын екі түрлі уақыттық бағытты қамтиды: қазіргі және болашақ. Біріншіден осы мезетте қуанышқа бөленеді; екінші жағынан болашаққа бағытталған ойын барысында келешек өміріне ықпал ететін сапалы қасиеттер мен іскерлік дағдылары ұштасады.
Бағдарламалық үстел үсті ойындары, заттық дидактикалық ойындар, логикалық ойлау қабілетін және балалардың шығармашылығын дамытатын тапсырмаларды қамтыған. Ойындардың қай түрін де жеке алып қарастырсақ, бұл баланың таным қабілетін, логикалық ой-өрісін кеңейтіп, сабаққа ынтасын арттырады.
Үстел үстінде қолданатын ойындар – жас өскіннің қимыл белсенділігін, ептілігін дамытады, өзара бірлесіп ойнау қабілетін жетілдіріп, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Жалпы дидактикалық ойын ережелері балаларды ұстамдылыққа, тәртіптілікке баулиды, сонымен қатар ізденімпаздығын арттырып, сөздік қорларын молайтуға көмектесіп, бағдарламалық материалдарды меңгеруіне ықпал етеді.
Сөздік дидактикалық ойындар – бала зейінін, ойлау қабілетін, байланыстыра сөйлеуін дамытады. Сондай-ақ тілін ғана жетілдіріп қоймай, олардың қоршаған орта туралы түсініктерін кеңейтеді, ойнай отырып ойлауға жетелейді, ақыл-ой қызметін қалыптастырады әрі адамгершілікке тәрбиелеу құралы болып табылады.
Заттарды қолданатын ойындар – көбінесе дидактикалық ойыншықтармен және түрлі ойын материалдарымен ұйымдастырылады. Түрлі көрнекіліктермен өтетін заттық ойындар есте сақтау қабілетін арттырып, қызығушылығын оятады, тілін дамытады.
Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті – ойыннан басталады. Олай болса ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» деп айтқан даналық тұжырымын еске тұта жүрейік, баланың еркін ойнауына ерік беруді әрдайым ұмытпайық.
Айнагүл ЕЛЕУСІЗОВА,
Қазалы ПМПК дефектологы