Бала тілі – бал, бірақ...
Соңғы уақытта елімізде сөйлеу патологиясы бар балалар саны артуда. Бала тілінің тежеліп, кеш шығуы ата-аналармен бірге дәрігерлерді де алаңдатып отыр. Баланың дамуы құрсақтан басталатынын ескерсек, сөйлеу қабілетінің бұзылуы ананың жүктілік кезіндегі денсаулығына байланысты болады екен. Сонымен қатар тұқымқуалаушылық, дыбыс шығару жүйесінің жұмыс істемеуі, бала мен ата-ана арасында өзара қарым-қатынастың, тілдесудің болмауы да әсер ететін көрінеді. Мұның бәрі тілдің кеш шығуына себепші факторлар. Дегенмен бұл себептерді көпшілігі айтпаса да біледі. Көбісін мазалайтыны оның алдын алу және салдарымен қалай күресеміз деген сұрақ. Расында баласының тілі кеш шыққанын байқаған уақытта ата-ана әуелі не істеу керек? Тақырыпты осы сауал төңірегінде өрбітсек.
Баланың сөйлеуін дамытуды кешіктіруге болмайды. Көп жағдайда ата-аналар баланың 2,5-3 жаста сөйлемеуіне қалыпты жағдай деп қарайды. Сөйтіп бала сөйлеуінде қиындықтардың пайда болуына өздері себепші болып жатады. Әрине оларға кінә артудан аулақпыз. Дегенмен сондай қиындықтарға тап болған сәттен-ақ ата-ана дереу логопед мамандарға баруы қажет. Білікті маман баланы тиісінше невролог пен психологқа бағыттап, сөйлеу тежелуінің себебі анықталғаннан соң барып, түзету жұмыстарына кіріседі.
Бүгінде ауданда сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға түзету мекемелері мен арнайы оңалту орталықтары қызмет көрсетуде. Онда білікті дефектолог, логопед мамандар жұмыс жасайды. Осы орайда Қазалы ауданының психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің логопед мұғалімі Әсем Түймебаева бала тілінің кешеуілдеуі мен кездесетін қиындықтар турасында пікір білдірген-ді.
– Бала дұрыс сөйлеуді және логикалық бейнелі сөз тіркестерін құруды үйренуі үшін уақыт керек. Бала алғаш тәй-тәй басып, анасының көмегімен қадамын жасағаны секілді, сөйлеу де жетелеуді қажет етеді. Ата-аналардың қым-қуыт тіршілігі балалардың прогрессивті немесе пассивті дамуына әкеліп соқтырып жатыр. Мультфильмдерді көп көретін немесе үнемі ән айтатын ойыншықтармен ойнайтын балалар да пассивті сөйлеу жақсы дамиды, бірақ өзіндік белсенділігі қалыптаспайды. Бұл тірі сөйлеу мен механикалық толқын ұзындығының айырмашылығына байланысты. Бала сөйлеуі үшін онымен мүмкіндігінше көп сөйлесу керек, ертегілерді өздері оқып, бесік жырын айту керек немесе кəсіби мамандардан кеңес алуы қажет, – дейді логопед маман.
– Халқымыз «Бала тілі – бал» деп бекер айтпаған. Әрбір ата-ана көз қуанышына айналған баласының алғашқы қадамы мен бірге былдырлап сөйлегенін асыға күтетіні анық. Бізде солай тағатсыздана күттік. Балам 2 жастан асқанша сөйлемеді. Тек айтатыны «нәм, әп», – деген екі сөз. Мұны басында еркелікке баладық. Тілі толыққанды шықпаған соң, балабақшаға беруге де имендік. Ортаға үйрене алмай, апайлары айтқанын түсінбей қалады деп қорықтық. Таныстарымыз бұған қалыпты жағдай деп қарамай, дәрігерге жүгіну керектігін айтты. Сонда да оны онша елең қылмадық. Бірақ 3 жастан 4 ай асқанда ғана оны арнайы маманның қарауына апаруға шешім қабылдадық. Үздіксіз ем шараларын алған соң, балам біршама жетістіктерге жетті. Сөздік қоры қалыптасып, сөйлем құрауды үйренді. Қазір де орталықтан ем алып, жаттығуларды жүйелі жасап тұрады. Бұйырса балам дәл қазіргіден де жақсы сөйлеп, бізді қуантады деп сенемін, – дейді Гүлзира есімді ата-ана.
Психологтардың пайымдауынша, балалардың тілінің дамуында тежелістің, сөйлеу белсенділігінің төмендігі көп жағдайда қоршаған ортаның әсерінен болады. Отбасындағы ұрыс-керіс, ата-ана тарапынан бала тәрбиесіне қатысты қысым немесе шектен тыс еркелету де баланың сөйлеу ынтасын төмендетеді. Айтар ойын соңына дейін тыңдамай, сөзін бөлу де тілдік дамудың кері кетуіне әсер етеді.
Сондай-ақ психикалық дамуында тежеулік бар, интеллектісі төмен балаларда да тілінің дамуында кешеуілдік болады. Олардың сөздік қоры әдеттегіден аз болып қана қоймай, қоршаған ортадағы құбылыстарды өздігінше қабылдай білмейді. Мамандар балаларға жиі көңіл бөліп, оларды ортаға бейімдеп, тиісті мамандардың нұсқауымен емдік шараларды үздіксіз алғанда ғана баланың сөйлеуін жетілдіріп, дамытуға болатындығын айтады.
Олай болса, балаңыз өз қатарластарынан қалмай сөйлесін десеңіз, бүгінгі жасалатын дүниені ертеңге қалдырмаңыз деп кеңес береміз.
Арайлым ЖҮСІПОВА