Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тегіс жолда сүрінбейік

Тегіс жолда сүрінбейік

Еңселі еліміз әлемге әйгілі мемлекет қатарынан орнықты орын алуға бет бұрды. Көшелердегі батпаққа батып жататын автокөлік пен жаяу жүргіншілердің көрген қиыншылығы келмеске кетті. Қала да, ауыл да жылдап емес, ай санап айшықтанып, көріктеніп келеді. Себебі туған жердің тазалығы мен сәулетіне облыс, аудан басшылығы айрықша көңіл бөлуде.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Әйтеке би кентінің орталығында бағдаршам, бейнебақылау камерасы, жарықшамдар қойылып, жол жолақтары сызылып, абаттандырылды. «Әкім жақсы болса, елді түзетеді» демекші Мұхтар Оразбаев ауданға келгелі бері сөз бұйдаға айналған бірсыпыра көшелердегі жолдарға тас төселіп, асфальтталды.
Ердің жасынан асқан әрбір азамат артындағы елге берешек екенін түсініп, табыспен өлшеу керек. Білімің мен тәжірибеңді осы қоғамның игілігіне сарп етсең, борышыңды өтегенің деп білемін. Қазақтың ардақты ағартушысы Ахмет Байтұрсынов «Адам баласы үшін өмір бақи сүйіп, қастерлеп өтер басты құндылықтары туған, өскен жерің» демекші осы жерде кіндік қанымыз тамғаннан кейін үнемі жанашыры болып жүреміз. Жақсылығына халықпен бірге марқая қуанып, көңілге қаяу салар жайлар кездессе, «Әттеген-ай» деп жабырқап қаламыз.
Туған өлке жылдан жылға ұлғайып, жаңадан көптеген тұрғынүйлер салынуда. Қазалы қаласымен екі ортаны қосу бағытындағы ауқымды жобаға бюджеттен қыруар қаржы бөлінуде. Күре жолдың бойында бірсыпыра мекеме кеңселері салынып, ғимараттар бой көтерді.
«Аяқ киімің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда» демекші, аралықтағы автожолды кеңейту мақсатында 4 жолақты жол салынуы сағызша созылып кеткеніне көпшіліктің алаңдаушылық білдіріп жатқаны да жасырын емес. Осы орайда аталмыш жолмен қанаттас аудандық ауруханаға қарай «Ақарықты» кесіп өтетін қосалқы жол салынса, көлік кептелісі біршама азаяр еді. Жоғарыда айтылған нәтижелі жұмыстар ауданымызда көлік пен жүргіншісі көбейе түсетін ертеңгі күн талабына сай келуін реттеуде. Бұған бюджеттен қыруар қаржы мен еңбек күші жұмсалуда. Қазалы халқының да әл-ауқатын жоғары деңгейге жатқызуға болады.
Ауданда бүгінгі күні 10 мыңнан астам көлік құралдары тіркелген. Бұдан басқа өзге елдің нөміріміен жүрген 3 мыңға таяу көлік бар. Өзім де отыз жылдан астам уақыттан бері көлік жүргізушісімін.
Қазіргі таңда ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жағдайы жыл сайын жақсара түсуде. Заманауи әртүрлі құралдармен жабдықталған. Тәртіп сақшыларының тазалық сақтау, қылмыстың алдын алу, жол-көлік оқиғаларын болдырмауға байланысты атқарып жатқан шараларына өз басым ризамын. Алайда кейде темір тұлпар тізгіндеген кейбір жүргізушілер көшелерде заң талаптарын бұзып, апатты жағдайлар қалыптастырады. Сондайда көшелердегі бағдаршамға, жол белгілеріне бағынбау, автокөлікті қарсы бағытқа қоя салу, жылдамдық шектеуін сақтамау, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, теміржол бойынан өту ережелерін бұзу, тағы басқа көптеген жағдайларға куә боламыз. Шыны керек, қазір көлік жүргізуге қорқатын болдық.
Дүниежүзілік ДСҰ мәліметіне қарағанда жыл сайын жол көлік оқиғасынан әлемде 1,2 миллионнан астам адам көз жұмып, 500 мыңға жуық адам жарақаттанады екен. Ал Қазақстанда жыл сайын 2 мыңнан астам адам ажал құшатын көрінеді.
Қазалы аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Ғалымжан Толықбайұлының айтуынша, 2022 жыл ішінде тегіс жолда сүрініп, жол қозғалыс ережесін бұзған 3239 көлік жүргізушісімен хаттама толтырылыпты. Өкініштісі, орын алған жол-көлік оқиғалары салдарынан қайтыс болғандардың саны 2021 жылмен салыстырғанда өсім алған. 1793 заң талаптарын бұзған көлік иесіне 30,9 миллион теңге айыппұл салынып, 1703 адамнан 28,5 миллион өндірілген.
Қорқыныштысы, арақ ішіп жол көлік оқиғаларына себепші болған 101 көлік жүргізушісі анықталған. Оларға Қазалы ауданының сотының шешімімен жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қолданылған.
Жыл ішінде ешқандай құжатсыз көлік айдаған 625, міндетті сақтандырудан өтпей, автокөлік басқарған 230 азаматқа хаттама толтырып көлік құралдары ақылы автотұраққа қойылған. Жалпы жыл ішінде ақылы айып тұрағына әртүрлі құқық бұзушылықтар жасағандары үшін 942 автокөлік қойылған. Айыпты көлік иелері тәулігіне 2400 теңгеден ақы төлейтін көрінеді. Бұндайда еріксіз таңдай қағасың, сонда 942 адамның көлігі бір тәулікке ғана «қамаққа» түскені үшін 2 миллион 261 мың теңге ақша төлеген бе?
Көбіне заң талаптарын бұзатындар топтасып жол бермейтін үйлену той кортеждері, жабайы жарыс ұйымдастыратын ­жастар, шетелдік көлік иелері, кез келген жерге тоқтай салатын жолаушы тасымалдайтын газель жүргізушілері екенін көріп жүрміз.
«Айтпаса сөздің атасы өледі» деген бар. Көңілде жүрген жайттарды жасырып қалмай, құзырлы орган басшыларына төмендегі жайларды назарға алғаны жөн болар деп ойлаймын.
Байқағаным, ірі жол-көлік оқиғалары жаңадан асфальтталған көшелерде орын алды. Оның себебі асфальтталған көшенің жұмысын Әйтеке би кенті өз есебінен алғаннан кейін ғана конкурс жарияланып, жол белгілері қойылады. Бұл жағдайды болдырмау үшін келешекте жол салушы мекемеге жол белгілерін бірден орнату жүктететін смета жасалса дұрыс болар еді. Қазір көптеген көшелерде көше тұрғындары өздері жасанды жол кедергілерін жасаған, бұған да мән беру қажет.
Мектептердің маңдарындағы автотұрақтарды ретке келтіріп, реті келсе бағдаршамдармен қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ көшелердегі жол белгілерін жаңғырту қажеттігі туындап тұр. Көбінің тозығы жеткен. Жанқожа батыр көшесіндегі жылу бағаналарының тасасынан көлік жүргізушілерінің келе жатқан автокөліктері төмендіктен аталмыш көше қиылыстарында да міндетті түрде бағдаршамдар қойылмаса, автокөліктердің «оғысу» жағдайлары жалғаса беретіні сөзсіз.
2021 жылы Әйтеке би кентінің көшелеріне Оңтүстік Кореяда жасалған 15 камераны қызылордалық «Barlau» LТD деп аталатын компания 10,9 миллион теңгеге орнатқан. Қуанарлығы осы камералардың көмегімен полиция қызметкерлері 2022 жылы 976 құқық бұзушылық деректерін анықтаған.
Кент әкімі Қайрақбай Жақсыбайұлының мәлімдеуінше, биыл кент көшелеріне 30 бейнебақылау камералары орнату жоспарланған. Оң болсын дейміз, қай жерлерге орналастыруын полиция қызметкерлерімен ақылдасқан дұрыс болар деген ойым бар.
Айта кететін жайт, жол көлік оқиғаларының себептерінің бірі жайылымға шығатын малдардың бақташылар арқылы бағылмай, жолдарды кез келген жерден кесіп өту салдарынан орын алуда. Сондықтан полиция қызметкерлері қараусыз мал иелерін анықтап, тиісті шара көру жұмыстарын жалғастыра беру керек.
2023 жыл басталғаннан бері жағдай көңіл құлазытады. Тәртіп сақшылары 396 заң талаптарын бұзған көлік иелеріне хаттама толтырып тиісті шара көріп, 34 автокөлік айып тұрағына қамалған. Осындай жөнсіз жағдайларға бармай-ақ әркім өз игілігіне пайдаланып жүрген жеке көлігін заң талаптарының аясында басқарса орынды болар еді ғой.
Тәртіпке бас иген құл болмайды. Ендеше тәртіп сақшыларының нұсқаулықтарына құлақ түріп, өз дәрежесінде орындап жүрейік, ағайын.

Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы саласының ардагері,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
21 қаңтар 2023 ж. 506 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031