Самарқан төрінде түркі мұрасы жаңаша таныстырылды

2025 жылғы 4 қарашада Өзбекстанның Самарқан қаласында өткен ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясы аясында Түркі мәдениеті және мұрасы қоры түркі өркениетінің бай рухани қазынасын танытқан ерекше жобалардың тұсаукесерін өткізді.
Іс-шарада түркі мемлекеттері басшылары бекіткен «Түркі әлемінің келешегі – 2040» және «TURKTIME» стратегиялық құжаттарына сай әзірленген «Түркі әлемінің мәдени коды» атты мәдени мұра Каталогы мен көптілді, көптомдық «Түркі фольклорлық мұрасы» Антологиясы таныстырылды.
Сессия аясында ЮНЕСКО шешімімен 15 желтоқсан – Дүниежүзілік түркі тілі тобының күні болып бекітілгені де атап өтілді.
Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова іс-шараны ашып, ЮНЕСКО мен Өзбекстан тарапына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, аталған жобалардың түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтаудағы тарихи маңызын атап өтті.

Сондай-ақ жобалар кураторлары Рустам Музафаров пен өзбек ғалымы Жаббор Ешенқұлов, түркі елдері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері сөз сөйлеп, Қордың еңбегін жоғары бағалады.
Қонақтар қатарында Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Қазақстан, Түрікменстан және Венгриядан келген беделді тұлғалар болды. Олар түркі тілдері мен мәдениетін халықаралық деңгейде дәріптеу – өркениетаралық диалогқа зор үлес екенін атап өтті.

Салтанатты кеш этно-фольклорлық «TURAN» ансамблінің әсерлі өнерімен түйінделіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.














