Тегіс жолда сүрінбейік
Ердің жасынан асқан әрбір азамат артындағы елге берешек екенін түсініп, барымен бөлісуі керек. Мұны табыспен өлшеу – қате. Біліміңді, тәжірибеңді осы қоғамның игілігіне сарп етсең, борышыңды өтегенің деп білемін. Қазақтың ардақты ағартушысы Ахмет Байтұрсынов «Адам баласы үшін өмір бақи сүйіп, қастерлеп өтер басты құндылықтары туған, өскен жерің» демекші, осы жерде кіндік қанымыз тамғаннан кейін, үнемі жоқшысы, жанашыры болып жүреміз. Жақсылығына халықпен бірге марқая қуанып, көңілге қаяу салар жайлар кездесе қалса, «Әттеген-ай» деп жабырқап қалар жайымыз бар.
Еңселі еліміз бүгінде әлемге әйгілі мемлекеттер қатарынан орнықты орын алуға бет бұрды. Қала да, дала да жылдап емес, ай санап айшықтанып, көріктеніп келеді. Себебі туған жердің сәулеті мен тазалығына облыс, аудан басшылығы айрықша көңіл бөлуде. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Әйтеке би кентінің орталығында бағдаршамдар бейнебақылау камералары, жарықшамдар қойылып, жаяу жүргінші жолдары салынып, жол жолақтары сызылып, абаттандырылуда.
Кентіміз жылдан-жылға ұлғайып, жаңадан көптеген тұрғын үйлер салынып, Қазалы қаласымен екі ортаны қосу бағытындағы ауқымды жобаға бюджеттен қыруар қаржы бөлінуде. Күре жолдың бойында бірсыпыра мекемелер кеңселері салынып, ғимараттар бой көтеруде.
«Аяқ киімің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда» демекші, аралықтағы автожолды кеңейту мақсатында 4 жолақты жол салынуы сағызша созылып кеткеніне көпшіліктің алаңдаушылық білдіріп жатқаны да жасырын емес. Осы орайда аталмыш жолмен қанаттас, аудандық ауруханаға қарай «Ақарықты» кесіп өтетін қосалқы жол салынса дұрыс болар еді.
Жоғарыдағыдай нәтижелі жұмыстар ауданымызда көлік пен жүргіншісі көбейе түсетін ертеңгі күн талабына сай келуі үшін ретке келтірілуде. Бұған бюджеттен қыруар қаржы мен еңбек күші жұмсалуда.
Қазалы халқының да әл-ауқатын жоғары деңгейге жатқызуға болады.
Ауданда бүгінгі күні 10 мыңға таяу әртүрлі көлік құралдары тіркелген. Бұдан басқа сенімхатпен, өзге елдің нөмірімен жүрген 3 мыңға таяу көлік бар. Өзім де 30 жылдан астам уақыттан бері көлік жүргізушісімін.
Қазіргі таңда ішкі істер органдарының материалдық техникалық жағдайы жыл сайын жақсара түсуде. Заманауи әртүрлі құралдармен жабдықталған. Тәртіп сақшыларының тазалық сақтау, қылмыстың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларын болдырмауға байланысты атқарып жатқан шараларына, өз басым, ризамын. Алайда кейде темір тұлпар тізгіндеген кейбір жүргізушілер көшелерде заң талаптарын бұзып, апатты жағдайлар қалыптастырады. Сондайда көшедегі бағдаршамға, жол белігілеріне бағынбау, автокөлікті қарсы бағытқа қоя салу, жылдамдық шектеуін сақтамау, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, теміржол бойынан өту ережелерін бұзу, тағы басқа көптеген келеңсіз жағдайларға куә боламыз. Шыны керек, қазір көлік жүргізуге қорқатын болдық.
Дүниежүзілік ДСҰ мәліметіне қарағанда, жыл сайын жол көлік оқиғасынан әлемде 1,2 миллионнан астам адам көз жұмып, 500 мыңға жуық жан жарақаттанады екен. Ал Қазақстанда жыл сайын 2 мыңнан астам адам ажал құшатын көрінеді.
Қазалы аудандық полиция бөлімі штаб тобының инпекторы полиция майоры Жанбол Шамшаевтың айтуы бойынша 2021 жыл ішінде тегіс жолда сүрініп, жол қозғалыс ережесін бұзған 2413 көлік жүргізушісіне хаттама толтырылыпты. Өкініштісі, орын алған жол-көлік оқиғалары салдарынан 10 адам қайтыс болып, 60 адам дене жарақатын алған. 1516 заң талаптарын бұзған көлік иесіне 26,7 миллион теңге айыппұл салынып, 1392 адамнан 23,7 миллион теңге өндірілген.
Қорқыныштысы, арақ ішіп жол көлік оқиғаларына себепші болған 94 көлік жүргізушісі анықталған. Оларды Қазалы аудандық сотының шешімімен 15 тәулікке қамаққа алып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қолданылған. Сонымен қатар арақ ішіп, ұзақ мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылған 4 дерек тіркеліп, олардың үстерінен қылмыстық іс қозғалған екен.
Сондай-ақ жыл ішінде 5 жасы жетпеген жасөспірімнің көлік айдағаны анықталып, олардың ата-аналарына және өздеріне әкімшілік жаза көріліпті.
Көбіне заң талаптарын бұзатындар – топтасып жол бермейтін үйлену той картеждері, жабайы жарыс ұйымдастыратын жастар, шетелдік нөмірлі көлік иелері, көз келген жерге тоқтай салатын жолаушы тасымалдайтын газель жүргізушілері екенін көріп жүрміз.
«Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, көңілде жүрген жайттарды жасырып қалмай, құзырлы орган басшыларына төмендегі жайларды назарға алғаны жөн болар деп ойлаймын.
Байқағаным, ірі жол-көлік оқиғалары жаңадан асфальтталған көшелерде орын алды. Оның себебі асфальтталған көшенің жұмысын Әйтеке би кенті өз есебіне алғаннан кейін ғана конкурс жарияланып, жол белгілері қойылады. Сол екі аралықта екі-үш ай өтіп кетеді. Бұл жағдайды болдырмау үшін келешекте жол салушы мекемеге жол белгілерін бірден орналастыру жүктелетін смета жасалса дұрыс болар еді.
Мектептердің маңдарындағы автотұрақтарды ретке келтіріп, лажы болса бағдаршамдармен қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ көшелердегі жол белгілерін жаңғырту қажеттігі туындап тұр. Көбінің тозығы жеткен. Жанқожа батыр көшесіндегі ТЭЦ бағаналарының тасасынан көлік жүргізушілерің келе жатқан автокөліктерді байқау мүмкіндігі төмендіктен аталмыш көше қиылыстарына да міндетті түрде бағдаршамдар қойылмаса, автокөліктердің «сүзісу» жағдайлары жалғаса беретіні сөзсіз.
Аудан орталығындағы Әйтеке би кентінде 2017 жылы құны 12 миллион теңгеге 50 бейнебақылау камерасы орналастырылған болатын. Ол камералардың атқарған қызметтеріне қарық болғанымыз шамалы. Кент әкімі Қайрақбай Орынбасаровтың жуырдағы халықпен есепті кездесуінде бұл туралы сұрағанымда аталмыш камераларды есептен шығару үшін (списание) қажетті құжаттар әзірленіп жатқанын айтқан болатын.
2021 жылдың қыркүйек айында Әйтеке би кентінің көшелеріне Оңтүстік Кореяда жасалған 15 камераны қызылордалық «BARLAU» LTD деп аталатын компания 10,9 миллион теңгеге орнатқан. Қуанарлығы, осы камералардың көмегімен полиция қызметкерлері өткен жылғы 3 айда 926 құқық бұзушылық деректерін анықтаған. Өкініштісі, полиция қызметкерлерінің айтуы бойынша, 15 дана бейнебақылау камераларының үстіміздегі жылдың басында 3 данасы, ал қазіргі таңда 6 данасы істен шыққан. Өзім қаржы саласының ардагері ретінде, бюджет қаржысына қатты жаным ашиды.
2022 жыл басталғаннан бері жағдай көңіл құлазытады. Масаң күйде көлік басқару дерегі азаймай тұр. Бүгінгі күнге дейін бұл жағдаймен 16 адам тіркелсе, көлік құралдарын басқару құқығынан айрылған жүргізушінің осы жағдайда басқарудың 1 дерегі тіркелген.
4 жол көлік оқиғасынан 5 адам дене жарақатын алса, оның біреуі №266 мектеп-лицейдің жанындағы кішкентай бүлдіршіннің ауыр дене жарақаты.
Мақаланы дайындау барысында кент шетіндегі айып тұрағында «тұмсықтары» бұзылған 18 автокөліктің тұрғанына куәгері болдық. Айыпты көлік иелері тәулігіне 2400 теңгеден ақы төлейтін көрінеді. Осындай жөнсіз жағдайларға бармай-ақ, әркім өз игілігіне пайдаланып жүрген жеке көлігін заң талаптарының аясында басқарса орынды болар еді.
Тәртіпке бас иген құл болмайды. Ендеше, тәртіп сақшыларының нұсқауларына құлақ түріп, өз дәрежесінде орындап жүрейік, ағайын!
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы саласының ардагері