Қазақстанда 8 су қоймасы салынады
Қазақстанда сегіз жаңа су қоймасы салынбақ, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Қазақстанның Су кеңесінің отырысында Су саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы қаралды.
«Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 8 жаңа су қоймасын салу және 16 апатты су қоймасын реконструкциялау жоспарланған, бұл қосымша су көлемін жинақтауға, 124 елді мекенде су тасқыны қаупін азайтуға және 170 мың гектардан астам жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Бұдан басқа, суару арналарын реконструкциялау, магистральдық және шаруашылықаралық арналарды автоматтандыру, сондай-ақ су ресурстарын басқаруды цифрландыру көзделген, бұл судың ысырабы мен артық шығынын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
«Алдағы үш жылда біз экономикаға және азаматтарымыз үшін барынша тиімді болатын өзекті мәселелерді шешуіміз керек. Алдымен, жоғары нәтиже беретін, сондай-ақ, бірінші кезекте реконструкциялануы тиіс су құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басым жобаларды іріктеп алуымыз керек», – деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар, Премьер-министр кешенді жоспар шеңберінде су шаруашылығы саласына кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ заманауи технологиялық шешімдер мен ғарыштық мониторингті қолдана отырып, судың жұмсалуын бақылау тетіктерін енгізу жөніндегі шараларды қарастыру қажет екенін айтты.