Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Заманына сай маман

Заманына сай маман

Бүгінде адамзаттың қиялы мен тапқырлығына шек жоқ. Жыл өткен сайын білімді жандардың жан-жақты ізденімпаздығының арқасында ғылым мен технология қарқынды дамуда. Соның ішінде тұрмысқа қажетті заттардың бір түрден екінші кейіпке енуі тұтынушылардың қызығушылығын арттыруда. Оларды трансформер жиһаз деп атайды. Яғни, шағын бөлменің кеңістігін тарылтпайтын жинақы бір дүниеден бірнеше пайдалы бұйым шығады екен. Мәселен, шкафтан диванға немесе төсекке айналады. Диваннан екі қабатты (ярусты) төсек болады.
Сондай-ақ, манежден үстел, төсек, кресло, диванға айналатын бөбекке арналған жиһаздар да кездеседі. Осы сынды дүниелерді дайындау қазалылықтар үшін таңсық емес. Оны Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің мұғалімі Жұмағали Бегалиев өз шеберлігімен дәлелдеді.
Жұмағали Бегалиев Қазалы қаласының тумасы. Целиноград инженерлік құрылыс институтын «Ауылшаруашылық құрылысы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын құрылысшы болып бастаған ол, қазір Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде арнайы пән оқытушысы қызметін атқарады. Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде өндірістік оқыту шебері болып жұмыс істейді.
Жұмағалы Жұмаханұлы күнделікті сабақ барысында болашақ ұсталарға түрлі ағаш бұйымдарын, оның ішінде тұрмыста қолданылатын нан тақтай, оқтау, турағыш тақтай, шәй үстелі, орындық жасауды үйретіп келеді. Ол оқу орнының абыройын асқақтатуға тынбай күш салып келеді. Түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иемденуде. Соның қатарында облыс бойынша ұйымдастырылған «Кәсіптік білім және бизнес: әріптестер сұхбаты» VIІІ облыстық еңбек форумы аясында техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарының арасында өткізілген бағдарлы байқау-көрмесінде колледж ұжымы екінші орынды иеленді. Облыстық білім басқармасының екінші дәрежелі дипломымен марапатталды. Байқауда қолөнер бұйымы – жиналмалы үстел-орындық өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру саласы мамандарының қызығушылығын арттырған болатын. Білікті маман оқу орындарының кәсіби білім беру бағытындағы ерекшелігін айқындайтын «Кәсіптік білім және бизнес: әріптестер сұхбаты» VIІІ облыстық еңбек форумы қарсаңында шәкірттеріне жиналмалы үстел-орындық әзірлеу идеясын ұсынып, аталған бұйымды жасады.
«Әр топқа бір шығармашылық жұмыс әзірлеу тапсырылған күннен бастап ой үстінде жүрген едім. Үйде қызым әлеуметтік желілерден көрген осы жиналмалы үстел-орындықтың суретін көрсетті. Сол мезетте осы дүниені жасап көрсем деп шештім. Сызбаға қарап отырып, тобымның студенттерімен бірігіп жасап шықтық. Ұнағаны соншалықты, студенттер тағы біреуін жасап көргісі келді. Сөйтіп екі дана бұйымды дайындап шығардық. Облыстағы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары арасында аталған еңбегімнің жоғары бағаланғанына қатты қуандым. Қазір оны көрген тұрғындардан сиқырлы үстелді жасап беруге ұсыныстар түсіп жатыр. Бар білгенімді болашақ мамандарға үйретсем деймін. Алда әлі де талай жұмыстар жоспарлап отырмын», – дейді Жұмағали Жұмаханұлы.
Бүгінде керемет жиналмалы үстел-орындық жұрттың назарын өзіне аударып, бұған халықтан көптеп  сұраныс түсуде. Болашақ ұрпақтың білімді, қоғамға қажетті маман болып өз ісіне жауапкершілікпен қарауы бүгіннен басталады. Алға қойған жоспарларды басшылыққа алған колледж ұстаздары шәкірттерді оқытумен қатар, белгілі бір мамандыққа баулуда бар білімін сарп етуде. Адам қабілетінің дәрежесі мен кәсіби іскерлігі үйлесім тапса, бизнеспен айналыса алатын, заманына сай мамандар шығатыны анық.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
08 желтоқсан 2022 ж. 143 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 69

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930