Кітапхана – ізгілік мекені
Жуырда Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, Арықбалық ауылдық округі және Жанқожа батыр ауылдық мәдениет Үйінің ұйымдастыруымен, «Кітапхана – ізгілік мекені» атты ардагер кітапханашылармен көрікті кездесу кеші өтті.
Шырайлы шараға қонақ болып Базар Базарбайқызы мен Бақыткүл Айнияз және Айжан Сәндібекова сынды ұлттың рухани азығы саналатын кітапханашы мамандығында көп жылдар бойы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ардагер кітапханашылар келді.
Көңілді кештің сахна шымылдығы Арықбалық ауылдық округі әкімінің сүбелі сөзімен түрілді.
– Қазақ елі қандай қиын заман болса да, рухани құндылықтарымен, мәдени мұраларына селкеу түсірмеді. Өткенімізді ой елегінен өткізер болсақ, тағылымға тұнып тұрған салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениет, әдебиет пен тарихын қағазға түсіріп қаттап, кітап қылып шығарамасада, ауыздан ауызға таратып, ұрпақтан-ұрпаққа насихаттап, аманат етіп отырған. Кешегі дуалы ауыз дана бабаларымыз бен жырауларымыз ізгілік пен ізеттіліктің, имандылық пен ибалылықтың жаршысына айналған еді.
Бүгінде сол асыл қазыналарымызды жас буынға жеткізуші алтын көпір – кітап пен кітапханалар. Өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихы да, əдебиеті де, басқа ғылым кереметтерін де кітапханадан табамыз.
Осындай киелі орында қызмет еткен ардагерлер мамандарымызды құрметтеп, арнайы кеш өткізіп жатырмыз. Бүгінгідей мерейлі сәтте еңбектеріңізге толағай табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін.
Білім бұлағының қайнар көзі – кітапханамыз сарқылмай, өркендей берсін, – дейді ауыл әкімі Мәулен Қайруллаев.
Сонан соң, ауыл әкімі мен аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Асанова бірқатар кітапханашыларға аудан басшысы Мұхтар Оразбаевтың арнайы алғыс хаты мен кеш қонақтарына арнайы сый-сияпатын жасап табыс етті.
Онан кейін шырайлы шараның өтуіне мұрындық болған Толағай Дүнки мен Мәдениет саласының ардагері Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Ұлжан Ахметова ардагер кітапханашыларға, ақ тілегін білдіріп, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Әбенұлының алғыс хатын табыстады.
Кеш «Асыл әжелер» тобы мен ауыл өнерпаздары әннен шашу және жазба ақындар мен жыршы-термешілердің фестиваліне ұласты. Сөзден маржан тергендер кеш қонақтарына арнау жасап, жыршы-термешілер барша көрермендерге жыр-шашуымен кеш тәмамдалды.
Серік АҚМЫРЗА