Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тұлпар мініп, топ бастаған

Тұлпар мініп, топ бастаған

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-танымдық мақаласы «Халық тарих толқынында», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақалаларының заңды жалғасы ретінде қоғамдық ортаға серпіліс әкеліп, көпшілік арасында кеңінен талқылануда. Біз бүгін сондағы маңызды мәселелердің қатарында сөз болған, ұлы дала көшпенділерінің сенімді серігі – жылқы, ат туралы ой-пікірімізді ортаға салуды жөн көрдік.

Иә, дүниеге алаш жұрты болып жаратылғалы бері «Ер қанаты – ат» деп білген қазақтың өмірін жылқысыз көзге елестету қиын. Ұлан-ғайыр ұлы даламыздың бүгінгі ұрпағына дейін сақталып келе жатқанының өзі осы «мінсе – көлік, жесе – ас» дегеннен әрі асып, жылқының жаудың бетін қайтарудағы жауынгерлік үлесін айтып жеткізу де өзі бөлек әңгіме. Сондықтан да қазақ өзін алдымен жылқы мінезді жұртпын деп санайды. Жылқы ішінен тұлпарын таңдап бәйгеге қосады, аты озғанның бағы да озады деп біледі. Атақ-даңқы елге тарайды. Бір ғана «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба!» – деген сөзбен-ақ, намысқа намыс қосып, ел бірлігін ойлаған ханды, ұлы қолбасшыны еске алу асындағы аламан бәйгеге қатысудың маңызы зор екенін түсіндіреді. Сағынайдың асы болмағанда көрнекті ақын Ілияс Жансүгіровтің атақты «Құлагер» поэмасының дүниеге келуі мүмкін бе еді? Жоқ, әрине. Мұндай мысалдар көп-ақ.

Елбасы «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес», – деп бүкіл түркі дүниесінің түп қазығы, кең байтақ атамекенімізді ерекше ардақ тұтады. Елбасы ұлт қасиетін ұлықтай отырып, ұлы дала төсін дүбірлеткен жылқы туралы ойларын әрі қарай былай тарқатады: «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымды алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империясы тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі».

Елбасы одан әрі жылқы мінген ата-бабамыздың басқа да күнделікті тұрмыстық, өмірлік мәдениетті де дамыта түскенін атап көрсетеді. Жылқының қолға үйретілуіне байланысты, тақымына басқан сәйгүлігіне еркін мініп жүруі үшін ер-тұрман, жүген-ноқта, үзеңгі-таға сияқты ат әбзелдерінің, ыңғайлы киімнің, оның ішінде шалбар мен саптама етіктің дүниеге келуі де көшпенділер салт-дәстүрінің ажырамас бөлігі. Соған орай ағаштан, темір, қола тағы басқа металдардан жасалатын бұйымдар көбейген. Кішкентайынан ат құлағында ойнауды меңгерген ата-бабалардың өзінің өмірлік серігі – жылқының арқасында ұлы даланы иеленуі заңды болып көрінеді. Қазақ қазақ болғалы атқа жай ғана мініп қоймай, оның бес тұрманының сақадай сай және әдемі болуына зор мән берген. Ер-тұрманды, киім-кешекті бағалы былғарымен, жалт-жұлт еткен алтынмен әшекейлеу, сол замандардағы тұрмыстың да жаман болмағанын көрсетеді. Жылқыға деген зор құрмет бара-бара оның қымбат ер-тұрманымен, ал ұрыс үстінде қаза болған жауынгерді өзі мінген атымен бірге жерлеу дәстүріне дейін әкелді. Ал аламан бәйгелердің алдын бермеген сәйгүліктердің құны қазіргі заманның бағасымен салыстырғанда да таңдай қақтыратыны белгілі. Оза шауып бәйге алған тұлпарын үйірлі жылқыға, керек десеңіз бес қарулы батыр мен айдай сұлу аруға айырбастамаған мысалдар тарихымызда жетеді.

Жылқымен біте қайнасып кеткен ата-бабамыздың салт-дәстүріндегі әрбір екі сөздің бірі атқа байланысты болып келеді. Оның көбі өнегелі, тәрбиелік мәні зор мақал-мәтелдерге, даналық тәмсілдерге айналып үлгерген. Қараңыздаршы: «Ат тұяғын тай басар», «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп», «Ат айналып қазығын табар, ер айналып елін табар». Осылай жалғасын таба беретін көкейге қонымды нақылдарды сүйсіне оқи бергің келеді.

Ұл дүниеге келгеннен бастап «құлыным» деп өсіретін қазақ, сол баланы сүндетке отырғызған бойдан тайға мінуді де үйретеді. Сондай-ақ ер бала дүниеге келгенде сол күндері туған құлынды немесе ботаны нәрестенің еншісі – бәсіресі етіп атау да ата салты. Халқымыздың ұғымы бойынша, перзент болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Сондықтан оны мінбейді, сатпайды. Қайта оны жүйрік немесе жорға етіп баптайды. Бәсірені ұрпағымен бірге қадағалайды, көз тию­­ден, көлденең келер жыртқыш аңнан қорғайды, бұла қылып өсіреді. Бала да «маған атаған малым бар, бәсірем бар» деп, айналаға, малға, ағайынға жақсы ықылас көрсетіп, түзу пейілмен өседі. Бұл ата-бабадан қалған, көне заманнан бері келе жатқан жақсы ырым. Баланың бәсіресі бәйгеге салса жүлделі, додаға түссе қайратты, тойға барса мақтанышы, жауға шапса сенімді серігі, ұрыстан аман алып шығатын жүйрігі әрі қаруы дейтін ізгі тілектің бәрі осы ұлы дала көшпендісіне тән қасиет.

Халқымыз сонымен бірге «Тұлпар мініп, ту алған», «Тұлпар мініп, бәйге алған» деп жатады. Алғашқысы ұрыс, соғыс жағдайын білдірсе, екіншісі бейбіт замандағы ас беру кезіндегі, қуаныш-той үстіндегі ат жарысын, бәйгені айтқаны. Ат жарысының, атты баптаудың жылқы шаруашылығын өркендетумен қатар тәрбиелік мәні де зор. Додаға қосатын атты таңдап, оны бәйгеге жаратуға дейінгі ұзақ мерзімге бәйге атына шабатын бала оның бапкері, қазақша айтқанда, атбегімен, ат сейісімен бірге жүріп, сәйгүліктің бар қыр-сырын білуі тиіс. Ат сейістің бар айтқанын тыңдап, жадында ұстаған бала бәйге атына берілетін жем-шөп, суының мөлшеріне дейін біліп, оның нені ұнатып, нені жақтырмайтынын және жаттығу кезінде атының қандай қабілеті, артықшылығы барына қанығады. Мұның бәрі бәйге алдындағы істелетін еңбек. Осындай ерекше күтім мен жақсы дайындық қана бәйге кезінде өзінің нәтижесін береді. «Пәленшенің аты бірінші келіпті» деп жар салады. Әңгімеге арқау, жырға тақырып табылады. Тайбурыл, Байшұбар болып батырлық, эпостық жырлардан орын алады. Құлагер, Ақбақай, Маңмаңгер сияқты ән-жырға қосылып, халықпен бірге жасайды. Тұлпарды ерекше жаратқан сейістер мен көріпкел-сыншылардың да есімдерін ел ұмытпайды. «Күреңбайдай сыншы екенсің ғой» деп атбегілерін мақтап жатады. «Тайында – қақта, құнанында – сақта, дөненінде – бапта, бестісінде – бәйгеге қосып, бағын сына» деген сөздерді де белгілі сейістер қалдырған. Сондықтан ат қосу, ат шабысы, оның ішінде әрбір қазақтың айызын қандыратын аламан бәйге – қашаннан бергі қазақтың намысы мен жігерін қайрайтын ұлттық спорт түрінің төресі болып саналады. Бәйге табандылық пен тапқырлыққа үйретумен қатар, ұлт ретіндегі әдет-ғұрып, салт-сананың озық үлгісін айшықтап көрсете алатын өнер.

Жылқы десе ішер асын жерге қоятын қазақ ат құлағында ойнаудың бар қыр-сырын меңгерген. Тағы да Елбасы айтқандай: «Бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тартуды барынша жетілдірді. Соған байланысты қарудың да құрылымы өзгеріп, күрделі, ыңғайлы әрі қуатты бола түсті. Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көкбұзарға айналды... Сарбаз бен оның мінген атын қорғауға арналған сауытты да алғаш рет біздің бабаларымыз жасаған. Еуразия көшпенділерінің айрықша маңызды әскери жаңалығына баланған мұздай темір құрсанған атты әскер осылайша пайда болды».

Шынында да Еуразияның кіндігіне орналасқан Ұлы даламыздың көшпенділері тұрмыс салтын, жауынгерлік дәстүрін жетілдіріп ғана қоймай, Шығыс пен Батыстың арасындағы өркениеттер мен мәдениетті жалғастырудағы алтын көпірдің рөлін атқарды.


Иә, ұлы даланың бар қадір-қасиеті, халықтың барлық өнегелі әдет-ғұрпы, қаймағы бұзылмаған мінезі сол даланың төсінен орын алған алыстағы ауылдарда жатқан сияқты көрінеді маған. Астанада тұрып жатсақ та, Қазалы өңірінде, ауылда, Сарыбұлақта – туған жерде болып жатқан жаңалықтарға құлақ түріп жүреміз. Жақында ауылдың қадірменді қариясы, ұлағатты ұстаз Сражадин Шамұратов өзінің жетпіс жасқа толуына орай дүркіретіп аламан бәйге өткізіпті. «Бөтен ауылдың аты озғанша, өз ауылыңның тайы озсын» дегендей, ауылдағылар аламан бәйгеде екінші болып келген, ауылдан шыққан белгілі кәсіпкер Сайран Әбдірасыловтың торы жүйрігінің шабысына тәнті болыпты. Ауылдың жыршы-термешілері атақты Балқы Базар термесінің мақамымен терме-жырларын төгіпті. Жүйрікті мақтапты. Ауылдың ұлттық коды, бәйгенің бренді деген осы емес пе?!

Әңгімемізді түйіндей келгенде, шыр етіп дүниеге келгеннен бастап ат жалын тартқан ата-баба тарихынан, салт-дәстүрінен алар өнеге жетеді. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-танымдық еңбегінен тарихи сананы қалыптастыра отырып, мемлекетшіл сананы орнықтыру керек екенін ұғасың. Бір сөзбен айтқанда, өз қадір-қасиетімізді біліп, өткеннен үйреніп, ұлттық кодты жандандыруға әркім өзінің үлесін қосуы қажет.

Біз жылқы мінезді халықпыз. Осы қасиет бізді қазіргі уақыт көшінен қалдырмай, алға ұмтылуға жетелейді.

Сәдуақас ЖҰБАТОВ,
Астана қаласы


25 желтоқсан 2018 ж. 2 829 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930