Брендке айналған тәтті
Осыдан бірнеше жыл бұрын Үкіметте айтылған шағын кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздық есебіндегі азаматтардың мәселесін кәсіп ашу арқылы шешу туралы нақты жоспар құрылғанын білеміз. Сол сәтте көпшіліктің ойында «бұл қалай болар екен» деген үміттен басым күдік болғаны жасырын емес. Алайда бүгінгі күні мемлекет тағайындаған грантқа бизнес жоспарын тапсырып, қайтарымсыз қаржы алып жатқандар қаншама. Соның арқасында елдің барлық аймағында Қазалыда жасалған өнімдер сатылымда жүргенін мақтанышпен айтуға болады. Бұл жергілікті талапкерлердің кәсіпке деген икемі мен алға қойған мақсатқа жетудегі ерік-жігерінің мықтылығында екенін айту керек.
Елдің кез келген қаласында білім алатын қазалылық студенттер: «Қазалы» мұз конфетін» ала келші деген достарының өтінішін талай мәрте орындағаны анық. Мұны осында тұратындардан гөрі сырт жақтағы ағайындар қаттырақ жақсы көріп, жейтіні рас. Бұрындары ащы, тәтті болып бөлініп, тұтынушыларға жол тартатын конфеттің енді сегіз түрі өндіріліп жатыр. Аудан брендін жетілдіруді қолға алған кәсіпкер Сандуғаш Әбілқасымқызы аталған істі 2018 жылы жолға қойды. Бірақ ол кезде конфеттің 4 түрін ғана шығаруға мүмкіндігі болғанын айтады. Нақты мақсат пен жүйелі жұмыстың арқасында екі жыл ішінде өндіріс қуатын екі есеге дейін арттыра алған. Бүгінде ащы конфетпен қатар, рокс, соломка, барбарис, апельсин, лимон, дюшес, тіпті шоколадтың дәмі татитын тәттілердің өзіндік тұтынушылар тобы бар.
Бизнес саласында жүргендер кәсіп ашқан бойда мол табысқа жету уақыт пен тәжірибені талап ететінін жақсы біледі. Сандуғаш та алғашында дайын өнімдерді аудан орталығындағы сауда нүктелеріне өткізген. Болашақта брендті жетілдірген бойжеткеннің кәсіптегі алғашқы қадамы осылай суреттелері анық.
– Бұған дейін басқа да сауда түрлерімен айналысып көрдім. Осылайша кәсіпкерлік саласында мол тәжірибе жинап, кәсібімнің көкжиегін кеңейтпек мақсатта, жаңа қадамдарға аяқ бастым. Яғни, осы «Қазалы» кәмпитін сатумен айналысып көрдім. Сонан соң конфеттің дәмін татқан жандардан сұраныс көбейіп, тіпті көрші аудандардан да тапсырыстар жиілеп кетті. Солайша тәтті түрлерін көбейту кәсіпкердің ойына осыдан кейін ойыма сап етті. Көп ойланбай таныстарымнан мемлекет жастарға кәсіппен айналысу үшін жарты миллион теңге грант тағайындап жатқанын, оны ынтасы бар кез келген адамның жеңіп алуға болатынын естідім. Сөйтіп, «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқу курсынан өтіп, сол уақытта 555 600 теңге грант иегері атандым. Мемлекет бөлмен қаражатқа конфет шығару цехына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, тәтті шығаруды одан әрі дамыттым. Бүгінде сауда көзі жақсы, өтімді. Себебі кәмпиттің бұл түрі ешқашан өзінің сапасы мен түрін жоғалтпайды және әрқашан елдегілер үшін бренд болып қала бермек, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде шағын цехтағы 3 кондитер маманы күніне 150 келіден астам конфет түрін дайындайды. Кәсіп иесінің кішкентай қызы Меруерт Темірбай да анасына қолынан келгенше қолғабыс қылады. Сандуғаш Әбілхасымқызы алдағы уақытта конфет түрлерін 1 келілік дайын қаптамаларда шығаруды жоспарлап отыр.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат