Қазалы Қазалы аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Жастардың дені – кәсіпте

Жастардың дені – кәсіпте

Еліміздегі кәсіпкерлік саласына көрсетіліп жатқан қолдау көңіл қуантады. Жұмыссыздық мәселесін шешудің де, экономикалық серпіліс жасаудың да тиімді тәсілі осы. Осыдан біршама уақыт бұрын Алаш арысы, қазақтың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлы: «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек», – деген еді. Қазалылық жастар сол айтылғандай бір ортаға жиылып, «Бастау бизнес» жобасы бойынша білім алып жатыр. Олардың арасында кәсібі барлар мен дәулетті болу үшін талап қылып жүргендері де жетерлік.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында өтіп жатқан жоба бойынша қазіргі таңда 40 адам оқу курсынан өтуде. Оның үштен бірін жастар құрайды. Қазалы қаласының жиырма бес жасар тұрғыны, көпбалалы ана Жаңагүл Шарапат та осы орталықтан бір ай бойы кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, қаржымен жұмыс жасаудың ілімін алған.

– Мемлекеттің жастарға жасап отырған жеңілдіктерін ұтымды пайдалану, салық саласындағы қолдаулар жайында толық мағлұмат алдық. Кәсіпті дөңгелетіп кетудің тиімді әдістерін оқытты. Бұрыннан кондитерлік цех ашуды армандайтын едім. Бірте-бірте мақсатым шындыққа айналып келеді. Оқу курсы аяқталған соң көпшілік алдында жобамды қорғадым. Ол мақұлданып, жақында облыстық комиссия алдында баяндама жасаймын. Қайтарымсыз гранттан үмітім бар. Бәрі жақсы болса, алдағы уақытта тіл үйірер торт дайындап, аудан тұрғындарына жөнелтетін боламын, – дейді ол.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жобада білімін шыңдап жатқан жастардың басым бөлігі шаруашылыққа ден қойған. Бірі құс асырап, өнімдерін өткізуді қолға алса, екіншісі мал шаруашылығымен айналысып, төрт түліктің санын көбейтпекші. Сол арқылы жергілікті жердегі ет пен сүт бағасын қолжетімді етуге үлес қосады.

Айта кетейік, қазіргі таңда аудандағы халықты жұмыспен қамту орталығына 191 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуға тіркелген. Кәсіпкерлік негіздеріне бейімдеу бағытында «Бизнес кеңесші» аясында жыл басынан бері 20 адам оқу курсын аяқтады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

23 сәуір 2019 ж. 206 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031