Кәсіпке бет бұрған ауыл
Аранды ауылдық округінде қай кезде де қызу тірлік. Мұндағы ағайын таң атқаннан кеш батқанға дейін күнделікті шаруасын шыр айналдырады. Ауылдық округіне қарасты 2 елді мекенде, яғни Аранды мен Қожабақы ауылында 360 отбасында 2035 адам тұрады. Міне, осы отбасындағы еңбекке жарамдылары күйбең тірлікке білек сыбана кіріседі.
Бүгінде округ бойынша жауапкершілігі шектеулі серіктестік, өндірістік кооператив, наубайхана, монша, 12 шаруа қожалығы, 8 аралас заттар дүкені, 9 сауда нүктесі, 18 мал шаруашылығымен айналысатындар бар. Сонымен қатар, 4 құс шаруашылығы және әртүрлі бағыттағы қызмет көрсету түрлерін ұршықша иіріп отырған 29 жеке кәсіпкер өз ісін дөңгелетіп отыр. Бір ғажабы, осы аталған 84 кәсіпкерлік субъектісінде 152 адам жұмыспен қамтылған. Бұл шағын ауыл үшін өте жақсы көрсеткіш. Осындай еселі еңбектің арқасында өзгелерге үлгі болып тұр.
Мал баққанда береке бар
Биыл жыл басында көпбалалы ата-ана Самат Балтабайұлы мал шаруашылығын дамыту, түлік басын көбейту саласы бойынша 1200000 теңге грант жобасын қорғап, ұтып алған болатын. Оған іскер азамат 3 сиыр сатып алды.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты бойынша кәсіптік оқуға 21 ауыл тұрғыны «Бастау Бизнес» жобасына қатысуда. Олардың 18-і оқу курсын аяқтап, сертификаттарын алды. Соның ішінде 11 адам жобасын қорғап шықты. Кәсіпкерлер қатарына жаңадан қосылғандарға игілікті бағдарламаның арқасында мемлекет тарапынан алғашқы істі бастарға қолдау ретінде 13,5 миллион теңге қаражаттары қолдарына тиді. Енді олар өздерінің әлеуметтік және тұрмыстық жағдайын жақсартуға және ауыл экономикасын дамытуға үлес қосады. Іскер кәсіпкерлер бойдағы қуатты алдағы уақытта малшаруашылығын дамытуға жұмсайтын болады. Жүйелі жоспар құрған жандардың басты мақсаты – мал басын көбейту, сонымен қоса қосымша тағы басқа да тиімді өндіріс түрін жүргізуді көздеуде.
Қожабақы ауылының тұрғыны Мақсатбек Сейтен кәсіпкерлік мақсатта жер учаскесін алу үшін құжаттары аудандық жер қатынастары бөліміне тапсырылған. Енді оны заңдастыру мақсатында рәсімдеу үстінде. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан мал шаруашылығын дамыту үшін ауыл тұрғындары, микро қаржылық ұйымға «Агронесие» акционерлік қоғамына ұсынылды. Тиісті мамандар қарап жатқан көрінеді. Осындай ретпен кәсібін бастаған Мақсатбек Райымбергенұлы – малшаруашылығын дамытып, оның басын көбейту бағытында 4 миллион теңге несие рәсімдеген. Қазір жылқы алып, кәсіпкерлік жүргізу үшін тиісті мекемелерден кеңес алды. Қажетті құжаттарын дайындады. Сонымен бірге, жеке кәсіпкер Маржан Ермекбақызы да мал шаруашылығын қолға алуды құптады. Маржан Әбілқасымова да Мақсатбек Сейтендей Аранды ауылының маңайын жылқы үйіріне толтыруды көздеп тұр. Бұл бағыта жетістікке жетіп, игеру үшін әрине, қомақты қаражат қажет. Мұндай істі демеп жіберуге 7 миллион теңге несие алу мақсатында арнайы құжаттарын тапсырды. Енді көрсеткен жобалары қаралуда. Бүгінде «ЦентрКредит» банкінен 5,0 миллион теңге несие алып, жұмыстарын жүргізуде.
Округ бойынша жұмыссыз жеті маман жастар практикасына жіберілді. Ақылы қоғамдық жұмысқа 34 адам тартылды. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 7 отбасыға тағайындалды.
Туған жерге қамқорлық
«Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді» деген рас. «Туған жерге демеу» акциясы аясында ауылдық округте туып-өсіп, сырт жерлерде табысты кәсіп жасап жүрген тұлғаларға кіндік қаны тамған мекенге мүмкіндігінше, кәсіп көзін ашып беру ұсынылған болатын. Сондай-ақ, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға атсалысуға үндеген өтініш білдірілді. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік субъектілерінің бірін ауылдық округтің есебіне тіркету шаруалары атқарылуда. Мәселен, келесі жылға ауыл азаматы Байназар Достанмен жекеменшігіндегі автокөліктерінің бірін тіркетуге көндірілді. Енді оның салық төлемін жергілікті жерге түсіруге келісімі алынды. Бұған қоса, округке қарасты Аранды ауылына, сол елден шыққан белгілі кәсіпкерлер: Берік Жомартұлы мен Темірхан Бердәліұлы қаржылай қолдау көрсетті. Атап айтқанда, Берік Сыдықов 50 миллионға имандылық үйін салып берсе, ал Темірхан Кенжебаев 34 миллиондық саябақ құрылысын жүргізуде. Ауыл перзенттері 1975 жылы туылғандар мектеп бітіргендеріне 30 жыл толуы аясында Қожабақы ауылының кіре берісіндегі паспортты 2,3 миллион қаржыға жаңартып берді.
Осылайша, ауыл кебеті заманауи үлгіде әсемделіп, көздің жауын алып тұр. Және де Қожабақы ауылына аудан демеушілігімен саябақ салынды. Сонымен бірге, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында және жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізу бағытында спорт кешені салынғалы жатыр. Аранды ауылына аяқ су үшін дизелді насос СНП-500/10 алынып, орнатылды. Округтегі ғасырлық тарихы бар, мемлекет қорғауындағы мәдени-тарихи ескерткіш «Келімбет» кесенесіне ауыл тұрғыны, баба ұрпағы Болат Бисембаевтың ұйымдастыруымен ұрпақтары 1,2 миллион теңге қаржыға сыртқы қоршауын жүргізді. Ауылдың 1986 жылы дүниеге келген перзенттерінің демеушілігімен орталық саябақтың алдына «Туған жерім Қожабақы» 500 мың теңгеге, 1966 жылғылар Қожабақы ауылының қысқаша тарихын 220 мың теңгеге гранит тасқа жаздырып, орнатты.
Ағымдағы жылдың 22-23 қазанында ауыл күніне орай «Ауылым – Алтын бесігім» атты мерекелік шара Қожабақы ауылы жастарының ұйымдастыруымен жоғары деңгейде аталып өтті.
Шара аясында ұлттық спорттық ойын түрлері, жаяу және ат жарысына арнайы жүлделер тігілді. Жүлделі орындарды иемденген жеңімпаздарға сый-сияпаттар ұсынылып, арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, бұл игі шаралар күн тәртібіне енгізіледі. Бұдан әрі тоқтап қалмай, ұдайы ұйымдастырылып, жалғасын таба беретін болады.
Дала малға, егін дәнге толы
Округ бойынша 1 қараша айына 1840 мүйізді ірі қара, 3814 уақ мал, 1171 жылқы, 30 түйе тіркеуге алынған. Барлық мал басы «Жасыл дәліз» бойынша бірдейлендіріліп, базаға енгізілді.
2022 жылғы индикативті жоспарға сәйкес көкөніс, бақша дақылдары су тапшылығына байланысты бір каналдың бойына орналастырылды. Бөлінген жерге егіліп, мол өнім алынды.
«Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 650 гектар күріш, 316 гектар жаңа жоңышқа, 130 гектар бидай екті. Ескі жоңышқаның 508 гектарын күтімге алды. Күріштен 50 центнерден, сонымен қатар, жоңышқадан да жақсы өнім шығарды. Серіктестікте 40-50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Аранды ауылдық округін көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына қаржы бөлінді. Оның ішінде көркейту жұмыстарына, аяқ суға және көше бойларына қойылған көрнекі құралдары үшін, Қожабақы ауылындағы парк аумағын абаттандыруға және ауылішілік аяқсу насосы мен жанар жағар май алуға ақша қаралды.
Қожабақы ауылындағы электронасостың генераторы шілде айында істен шықты. Жаңадан алу үшін қаржы көздері қаралып жатыр. "Бірге Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында бірнеше рет сенбілік ұйымдастырылды. Округ бойынша ақылы қоғамдық жұмысқа тартылғандар ауылдың санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру жұмыстарымен айналысуда. Барлық мекемелер өз аулаларын, су жүретін арықтарын тазалауда, әр аптаның сенбі күндері санитарлық тазалық күні болып белгіленді.
Аранды ауылын көгалдандыру үшін СНП 500/10 дизель насосы алынынған болатын, су жіберу бағытында 1,3 шақырым арық қазылып, су жолдары және насос орнатылды.
Аранды ауылынан 2022 жылға бұлақ қазуға қоғамдастық мүшелерінің келісімі алынды. Бұлақ қазылатын жер белгіленді. Сонымен қатар, «Откорм базы» мен «Мәулімберлі» скважиналарының техникалық құжаттары жасалынды. Биыл осы екі скважинаға тазалау жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.
Округ орталығы Қожабақы ауылындағы парк аумағын абаттандыруға аудандық бюджеттен қаржы бөлінді. Мемлекеттік сатып алу конкурсымен, «Намыс-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып, құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтап, пайдалануға берілді.
Атқарылар шаруа көп
Қожабақы ауылындағы №25 орта мектепте 18 класс комплектісі бар. Мұндағы білім беретін мұғалімдер және техникалық қызметкерлерді қосқанда 86 адам жұмыс істейді. Қазіргі таңда мектепте 336 оқушы білім алуда. Арандыдағы №97 орта мектепте 11 класс комплектісі бар. Онда 107 балаға 78 маман қызмет етеді. Мектеп жанынан ашылған «Арай» шағын орталығында 22 бала тәрбиеленіп жатыр және орталықта 9 қызметкер жұмыспен қамтылған.
Қожабақы дәрігерлік амбулаториясында 1 дәрігер, 22 мейіркеш, 10 техникалық қызметкер халыққа қызмет көрсетеді. Аранды ауылдық медициналық бекетінде 1 фельдшер, 3 техникалық қызметкер тұрғындардың денсаулығын қадағалайды.
Ауылдағы №17 «Айгүл» бөбекжай-балабақшасында 90 бала тәрбиеленуде. Бөбекжай-балабақшасында 14 педагог-қызметкер жұмыс жасайды. Оның 13-і жоғары білімді, 1-і арнаулы орта білімді.
Қожабақы ауылдық кітапханасында 12933 кітап қоры бар. Аранды ауылдық кітапханасында 1010 кітап сақтаулы. Қожабақы ауылдық мәдениет үйі мен Аранды ауылдық клубы халықтың өнері мен шығармашылығын шыңдап тұр.
Ауылдық округ әкімінің жеке қабылдауына ауыл тұрғындары қабылданып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
– Жер беру мәселелері бойынша жеке тұлғалардан «е-лицензия» бағдарламасы арқылы 29 өтініш тіркеліп, заңға сәйкес қаралды және заңды тұлғадан өтініш тіркелген жоқ. «е-Өтініш» бағдарламасы арқылы 5 арыз тіркеліп, заңға сәйкес қаралды, – дейді ауыл әкімі Әбілғазы Томаев.
Оның айтуынша, атқарылар шаруа көп. Алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің стратегиялық бағдарламаларын ауылдық округ көлемінде іске асыруға, азаматтардың әл-ауқатының өсуін қамтамсыз етуге, округ тұрғындарының тұрмыс жағдайының жақсаруына ықпал етпекші. Шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге баса назар аудармақ.
Аранды ауылындағы Н.Қазақбайұлы көшесіне түнгі жарық шамдар жүргізуді қолға алмақшы. Механикалық тазалауды қажет ететін каналдар мен арықтар бар. Олар – «Әбдірейім», «Шанжар», «ВЛКСМ 50-жылдық» каналдары және «Бөкебай» арығы. Ұзындығы – 0,590 шақырым тұратын М.Еселбаева және ұзындығы – 0,430 шақырымды құрайтын Б.Өтепұлы атындағы көшелер орташа жөндеуді қажет етеді. Жоба-сметалық құжаты 69,5 миллион теңгеге жасалынып, тиісті мекемеге тапсырылған.
Қазіргі таңда түнгі көше шамдарымен жарықтандыруды қажет ететін Қожабақы ауылындағы орталық Т.Емешұлы көшесі бар. Оның да қажетті құжаттары дайындалып, мамандарға ұсынылды.
Қожабақы ауылындағы аяқ су көтеретін екі электрлі насостың тозығы жеткен. Біреуі істен шықты, сондықтан жаңа элекронасос алу жоспарда бар. Осының бәрі кезең-кезеңімен шешіледі деп күтілуде.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА