Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауызбіршілігі мол мекен

Ауызбіршілігі мол мекен

Ауыл әр адамның түпқазығы, рухының бесігі, тамыры тереңге жайылған қазақы дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған ордасы. Сондықтан да болар «Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді» деген өлең шумақтары санамызда жаңғырып тұрады. Осындай айрандай ұйып, бірілігін бекемдеп отырған ауылдың бірі – Аранды ауылдық округі десек жаңылмаймыз. Әйтеке би кентінен 45 шақырымдық қашықтықта жатқан Аранды ауылдық округінің орталығы Қожабақы ауылы саналады. Ол Сырдария өзенінің сол жағалауынан 15 шақырымда орналасқан. Ауылдық округке қарасты екі білім ошағы бар. Арандылық бөбектерге тәлім-тәрбие беруде балабақша жұмыс істейді. Сонымен бірге емхана, фельдшерлік пункт, мәдениет үйі, клуб, екі кітапхана, пошта-байланыс бөлімшесі қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек тігін шеберханасы, «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестік, он екі шаруа қожалығы және «Кішкене Ата» өндірістік кооперативі тұрғындар игілігіне қызу еңбек етеді.
Ынтымағы жарасқан киелі мекенде мемлекет қорғауына алған ескерткіштер баршылық. Қожабақы ауылынан сегіз шақырым жерде қырдың үстінде Орақ батыр белгісі, алты шақырым жерде Келімбет тамы кесенесі (Үшүйтам), отыз бес шақырым аралықты қамтитын жерде Шанжар, Күйік қала және Жаман көл, Ақшүнгүл, Қара көл, Өтеген шүңгүл, Тал шүңгүл, Қулы, Сатыбалды, Бердібек сияқты жер аттары бар.
Қағазға қатталған тарих

Аранды ауылдық кеңесінің құрылғанына да бір ғасырға жуықтады. Келер жылы арандылықтар бір ғасырлық мерейтойын тойлайды деген үмітіміз де жоқ емес.
Тарихты парақтасақ, ауылдық кеңеске алғашында Темірбай Емешов басшылық етті. Одан кейінгі жылдары ауылдық кеңестің төрайымы Мәуе Еселбаева басқарды. Бұдан соң кеңесті басқару тізгіні Өмірзақ деген азаматқа өткен. Өз реттілігіне орай тағы да Темірбай Емешов басқару тізгінін алса, 80-90 жылдары Аманкелді Есетов ауылды аяқтан тұрғызды. Дәл осы тұста ауылдық кеңес Аранды ауылдық округі ретінде құжатталды. Сонымен ең алғаш ауылдық округ әкімі сайланып, 4 жыл тапжылмай тер төккен Жұмағамбет Рахманберген болды. Оның ізін Ахмет Шаттық жалғады. Кейін тізгін Толықбол Амановқа өтті. Бір жылдай бас маман Жарылқасын Қуанбай әкімнің міндетін қоса атқарды. Одан соң бес жыл Қуанғали Қожахмет округ әкімі қызметін атқарды.
Қазір ауылды гүлдендіруде атсалысып жүрген Әбілғазы Томаев округ әкімі деген атағына лайық елдің алғысын алып жүр.
– Аранды ауылдық кеңесіне кезінде Өркендеу, Бірлік, Қожабақы, Аранды елді мекендері қараған. Кейіннен жетпісінші жылдары Өркендеу ауылы өз алдына ауылдық кеңес болып құрылса, ал 2005 жылдан бастап Бірлік елді мекені округ ретінде еншісін алды.
Аранды ауылдық округінің қазіргі орталығы Қожабақы ауылы алғашында Қожабақы артелі болған. Артелдің негізінде М.Горький атындағы колхоз пайда болған. Кеңестік уақытта Фрунзе мен М.Горький атындағы колхоздары бірікті. «Социализм» және «Жантақты» колхоздарының қосындысынан А.Жданов атындағы колхоз пайда болды, – дейді Әбілғазы Томаев.
Берілген мәлімет бойынша ірілендіру саясатына орай М.Горький және Жданов колхоздары қосылады да, оның орталығы А.Жданов атындағы колхоз болды. Осылайша Ф.Энгельс атындағы кеңшар 1963 жылы ақпан айында Қаз ССР Министрлер кеңесінің қаулысымен Қазалы ауданының Жданов, Жанкент және Ф.Энгельс атындағы колхоздарының негізінде "Қаракөл қой" совхозы болып құрылды. Кеңшарға екі қой, бір сиыр фермасы мен 350 гектар егіс көлемі бөлінді. Оған бірінші директорлыққа аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары Нағашыбай Қожабаев тағайындалды. Кейін партия комитетінің инспекторы қызметіндегі мамандығы зоотехник Есенәлі Құлахметов совхоз директоры атанды. Бұл азамат қызмет жасаған кезде ауылшаруашылық дақылдарының көлемі ұлғайып, егістік аумағы 1000 гектарға дейін өсті. Кеңшар орталығы ұлғайып, клуб, қысы-жазы кино көрсететін театр, 50 орындық асханасы мен дүкен, 450 орындық орта мектеп, орталықта жұмысшы қызметкерлерге арнап көптеген тұрғын үй салынды.
Кейін Ф.Энгельс атындағы совхоздан бөлініп, Өркендеу совхозы құрылды. Осылай бірнеше мәрте атауын өзгерткен ауыл Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи атауларды қайта қалпына келтіру саясатына байланысты Қожабақы ауылы атанды.


Даласы малға, егісі дәнге толы

Кезінде мамандандыру есебінен негізгі күріш, қосалқы шаруашылық есебінде ірі қара малы көрші совхоздардан алынды. Қой, жылқы, түйе малдары көрші Бозкөл, Қызылқұм совхоздарына берілді. Бұл кезеңде аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас инженер-механик болып қызмет атқарған Жарылқасын Шарипов директорлық қызметін мұнтаздай атқарды. Ол қызмет еткен кезде егіс көлемі 2000 гектарға дейін ұлғайып, күріш өсіруде аудандағы ХХII- партсъезд совхозынан кейінгі күріш фабрикасы болып есептелді. Күріштен мол өнім алған пайдалы шаруашылық болды. Совхоз жұмысшы қызметкерлерінің тұрмыс жағдайлары көтеріліп, ауылда 19 жеңіл автокөлік, 25 мотоцикл болды.
Бүгінде ауылдың тыныс-тіршілігі артып, халық алажаздай иығынан кетпенін тастамай егін егіп, мал ұстап берекесін тасытуда.
2009 жылы ауылға «Агро-Өркен» ЖШС-не аймаққа танымал азамат, жеке кәсіпкер Мерей Есхожаев демеуші инвестор болып келген. Сол жылдан бастап ауылдың әлеуметтік экономикалық жағдайы қарқынды дами бастады. Серіктестікте бес ауыспалы егістікте 2341,7 гектар тегістелген жер егу кестесі сақталып егілуде. Шаруашылықта "К-700" мен "Т-150" көліктері 3 данадан, 8 дана "МТЗ-80" және малютка-эксковатор тракторы, 5 дана күріш комбайны, 2 дана «Магдон» күріш жаткасы және шетелдік күріш жинау комбайыны мен тағы басқа да техникалар жұмыс істейді. Мұнда 50 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылған. Жергілікті жерден науқан кезеңінде 80 адамға дейін адам егістікке тартылады.
Осы күні мал басы көбейіп, тұрғындар ірі қара ұстауды қолға алуда. Соның есебінен ауылда «Асан» шаруа қожалығы, «Шебер» шаруа қожалығы, «Қожабақы» шаруа қожалығы және «Аранды» шаруа қожалықтары жанданып тұр.
Есепке сүйенсек, 1926 мүйізді ірі қара, 4058 уақ мал, 1197 жылқы, 30 бас түйе бар. Барлық мал басы «Жасыл дәліз» бойынша бірдейлендіріліп, базаға енгізілген. Мал жайылымдық жерлер мен шабындық жерлер суландырылғандығын жеткізді мамандар.


Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

28 маусым 2022 ж. 668 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 51

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930