Келешегі кемел кәсіпкер
Бүгінде Майлыбас ауылдық округі бойынша кәсіпкерлік субъектілердің жалпы саны – 38 нысанды құрайды. Оның ішінде: 22 шаруа қожалығы болса, 8 сауда дүкені, 2 жолаушылар тасымалы, 2 буфет қызметі, 1 үйді жалға беру, наубайхана мен 2 жүк тасымалымен айналысатын кәсіпкерлер тіркелген.
Жыл сайын мемлекеттің ауыл шаруашылығына деген қолдауы ұлғайып, оны шаруашылықтарға беру жолдары да жетілдіріліп келеді. Мұндай мүмкіндікті қолайлы қолданған Гүлжан Махамбетжанова Ақсуат ауылында «Ақниет» шаруа қожалығын ашты. 2017 жылы мемлекет ұсынып отырған «Құлан» бағдарламасымен «Қазалы несие» серіктестігі арқылы 15 млн теңге қаржы алды. Аталған жоба асыл тұқымды мал басының үлесін ұлғайтуға ыңғайлы жағдай туғызады. Бағдарламаның жүзеге асуынан жылқының өнімділігін арттыру күтіледі. Несие мерзімі 7 жылға дейін, жылдық үстемақы 14 пайыз. 2 жылға дейін негізгі қарызды қайтармай, тек ғана өсімпұлды төлейді.
Кәсіпкер бұл қаражатқа 60 бас бие мен 5 асыл тұқымды айғыр сатып алған. Сонымен қатар, аукцион арқылы 500 гектар жер алыпты. Негізгі мақсаты – мал басын көбейтіп, асылдандыру екен.
«Жылқы малы – жеті қазынаның бірі, мінсең көлік, жесең ет, ішсең қымыз. Шөліңді қандырып қана қоймай, көптеген ауруларға ем болады. Күш-қуат береді. Қарасаң көз көркін тойдыратын қасиетті жануар. Шүкір, елдің жағдайы жыл өткен сайын жақсарып, жер-жерлерде Қамбар ата төлі үйір-үйірімен жайылып жүр. Жұбайым Әбдіхалықпен ойласа келе, несие алып, жылқы асырауды жөн көрдік. Өткен жылы құжаттарын дайындап, ойлағанымыз іске асты. Бұл ретте «Құлан» бағдарламасының шаруаларға тигізер көмегі зор. Алдағы уақытта тағы да мемлекеттен қаржы алып, мүйізді ірі қара малын бағуды көздеп отырмын.
Жалпы, кәсіпті 2002 жылы Әбдіхалық екеуміз тұрмыстық заттарды сатудан бастадық. Соның арқасында осы күні «Ақ маржан» атты дүкен ашып, халыққа қажетті құрылыс заттарын саудалаймыз. Онда 3 адам жұмыспен қамтылған. Негізгі мамандығым есепші», – дейді кәсіпкер.
Гүлжан Кенжеболатқызы отағасы Әбдіхалық екеуі үш қыз бен ұл тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА