Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қуаңшылықтан қалған қорқыныш

Қуаңшылықтан қалған қорқыныш

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, жыл өткен сайын Қазақстанда шөлді жерлердің аумағы артып барады. Осыдан 3 жыл бұрын ел шекарасының 70 проценті шөлейттеніп, топырағы тозып кеткені жайында хабар тараған. Оған дейін де жарияланған осыған ұқсас болжамдарға бейжай қабылдағанымыз рас еді. Әйткенмен, соңғы жылдардағы қуаңшылық мәселенің жоқ емесін аңғартты. Енді алдағы уақытта шөлді жерлердің үлесі тіптен артатыны мәлім болыпты. Бұл қаншалықты рас? Бүгін осы тақырып төңірегінде саралап көрелік.

Үрей үдетіп тұр

Жуырда Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми сайтында елімізге қатысты ақпарат жарық көрген. Зер салсақ, 2030 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы күшейіп, жер толықтай шөлге айналуы мүмкін екені жазылған. Ойлап қарасаңыз, мүмкін емес дүние секілді көрінеді, алайда бұл процестің қазір белсенді жүріп жатқанын салаға жауаптылар да, мамандар да мойындап отыр.
– Қазақстан – су жөнінен көршілеріне тәуелді, суы тапшы ел. Оның бүкіл территориясының небәрі 2,8 процентін ғана өзен-көлдер алған. Қазірдің өзінде Қазақстан жерінің үштен екісі шөл және шөлейтті аймаққа айналды. Елдегі судың жартысына жуығы көрші мемлекеттерден келеді. Тиісінше, трансшекаралық өзендерді бірлесе пайдалану бұл республика үшін өмірлік маңызды. БҰҰ Даму бағдарламасының дерегінше, соңғы жылдары өңірде климаттың өзгеруі қатты сезілуде. Температураның құбылуы артты, суық пен аптап ыстық толқын-толқынмен өрбиді, қуаңшылық барған сайын жиілеуде, су тапшылығы ушығып, осы ресурс үшін қақтығыстар туындауы ықтимал, – деп мәлімдеген екен БҰҰ.
Ұйым Қырғыз Республикасы мен Тәжікстанды Орталық Азияның «су қорын айдаушы» ретінде атаған. Шынында олардың да бүгінгі жағдайы аса мәз емес. Олай дейтініміз, елдегі аймақтарға тиесілі тұщы судың шамамен 60 проценті Тәжікстандағы тау мұздықтарынан келетін болса, соңғы онжылдықта ол мұздықтардың көлемі 30 процентке кеміген. БҰҰ мәліметінше, мыңнан астам мұздық толығымен жойылған. Орталық Азияда енді құрғақшылық, шөл және құмды дауылдар жиілеуі мүмкін. Олардың тіркелген саны соңғы онжылдықтың өзінде екі есеге артыпты. Соның салдарынан малдың жаппай қырылуы, егістіктердің шетінен қурап, күйіп кету қаупі артқан. Жалпы, жаһандық ұйым дерегін жоққа шығара алмаймыз.


Су тапшылығы орын ала ма?

Есте болса, былтыр қуаңшылықтан мал қырылып, жұрт жаппай ілкі дәстүрмен «тасаттық» бергенін байқадық. Ал «Қазақстанның өзендері» секілді елдегі энциклопедияларға, сонымен қатар 1990-2000 жылдардағы Экологиялық статистика жинағына сенсек, уайымдайтын мәселе жоқ. Себебі оларда Қазақстанда 85 022 өзеннің бары, соның ішінде 84 694-інің ұзындығы 100 шақырымға дейін екені, 305-і бес жүз шақырымға дейін созылып жатқаны жазылған. 500-1000 шақырымнан асатын 23 өзен бар делінген. Бұдан бөлек, Қазақстанда 48 262 көл бар көрінеді. Оның ішінде 45 248-і ұсақ, ауданы 1 шаршы шақырымнан да аспайды. Айдыны 100 шаршы шақырымнан асатын ірі көлдер саны 21 ғана. Бірақ қазір қоғам белсенділері уиккипедияда жүрген осы ақпарлардың маңызы жоқ екенін айтуда. Себебі олардың біразы құрғап, жойылып кеткен.
Шөлейттену – жаһандық мәселе. Алғаш рет шөлейттену мәселесі 1968-1973 жылдары байқалып, әлем назарын аударды. Сол кезеңде Сахара шөлінің оңтүстік аймақтары апатты құрғақшылыққа тап болып, соның салдарынан халықтың едәуір бөлігі жойылып, ауыл шаруашылығы толықтай құлдырады. Шынында жер шарын алаңдатып отырған су тапшылығы да шөлейттенудің салдарынан пайда болады.

Өзендер 5, көлдер 12 есе азайған

Әдепкіде айтып өткендей, елдегі бар делінген 85 мың өзен мен 48,2 мың көлдің қазір қаншасы қалғаны көпті толғандырады. Сауалға көп күттірмей Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жауап қалдырған екен. Олар да жағдайдың жақсы емесін анық жеткізіпті.
– Министрліктің тапсырысымен, 2020 жылы Қазақстанның өзендері мен көлдерінің тізбесі құрылды. Бұл тізім Су ресурстары комитеті төрағасының 2020 жылғы 12 желтоқсандағы №200-Н бұйрығымен бекітілді. Аталған тізбеге сәйкес, Қазақстанда қазір 17 870 өзен және 4 024 көл ғана қалды, – деп мәлімдеген министрлік.
Яғни, БҰҰ-ның мәселеге қарасты пікірі жалған емес. Қазір суын тұшытуға болады дейтін Каспийдің өзін Ресей жағы толассыз ластауда. Жуырда Волгоград қаласында кәріз жүйелері жаппай жарылып, нәжіс пен былық ағыны Еділге және сол арқылы Каспийге төгілгені туралы ақпаратты көзіміз шалды. Оған қоса Каспий жағалауындағы тұщыту зауыттарының қуаты теңіз жағалауындағы облыстардың өзіне жетпей отыр екен. Ал су құбырлары 90 процентке тозған.


Ауызсу жайы алаңдатады

Түйткілдің бар екенін сала мамандары да жоққа шығармайды. Гидрологтер есебінше, еліміздегі өзендер мен уақытша ағын сулардың көпжылдық орташа жиынтық көлемі – 100,5 текше шақырым жобасында. Оның 56 текше шақырымы ғана республика аумағында, қалған 44 текше шақырымы көршілес мемлекеттерден келеді. Көрсеткіш жылдан-жылға азаюда. Мысалы, отыз жыл бұрын Ресей гидрологиялық институтының бағалауы бойынша, еліміздегі су қоры 126 текше шақырым болған, оның 66,8-і жергілікті, 59,8-і – трансшекаралық су. Демек, тәуелсіздік жылдары су ресурстары 25 текше шақырым, жергілікті ағын 10,3 текше шақырым, трансшекаралық ағын 15,2 текше шақырымға кеміді. Ғаламдық, аймақтық климаттағы өзгерістер, еліміздегі және көршілеріміздегі өзен алаптары мен аңғарларының шаруашылық мақсатта бірнеше еселеп игерілуі – негізгі себеп. Аталған деректер жайында Халықаралық Тараз инновациялық институты агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, доцент Марат Молдахметов баяндап берген екен.
– Қазір еліміз Еуразия континентінің аридті, яғни суы тапшы ауданына жатады. Құрлықтың дәл ортасында тұрмыз. Қазақстанға ылғал Атлант мұхиты жағынан батыс және солтүстік батыс желдері арқылы келеді. Ал Тянь-Шань мен Алтайдың биік таулары Үнді және Тынық мұхитынан келетін ылғалға кедергі келтіреді, есесіне Қазақстан Солтүстік мұзды мұхитынан келетін солтүстік және солтүстік-шығыс суық желдерінің өтінде тұр. Осындай ерекшеліктерге сәйкес, еліміздің біраз бөлігін шөлейтті жерлер – Мойынқұм, Бетпақдала, Қызылқұм, Каспий маңы ойпаты, Үстірт, Сарыесік-Атырау аридті аудандары алды. Бұл жерлерге түсетін жылдық жауын-шашын мөлшері – 100-150 мм, ал топырақтың буландыру мүмкіндігі жылына 1000-1500 мм-ге жетеді. Оның үстіне табиғатымыз күрт континенталды болғандықтан, су ресурстары біркелкі бөлінбеген әрі өте шектеулі көлемде, – дейді маман.
Гидрологтің сөзінше, ғалымдар су ресурсы тапшылығы ғаламдық жылынудың салдарынан бұдан әрі ушығады деп болжам жасап отырғаны бекер емес. Климатологтардың болжауынша, Қазақстанның аридтік аумағы үшін қолайсыз гидрологиялық жағдай қалыптасады. Ағындардың қалыптасу жағдайы өзгереді. Ағыны төмендейді және жыл ішіндегі ағынды үлестірімі ауыса бермек. Олар басу және қуаңшылықтың қайталану жиілігі артады деген болжам жасап отыр. «Әрине, бұның бәрін жоққа шығаруға болмайды, бірақ болашаққа үмітпен қарау керек» дейді Марат Молдахметов.
Түйіндесек, жағдайдың көңіл көншітер деңгейде емесін барлық тарап та мойындап отыр. Жауаптылар мәселенің маңызын ескеріп, ертерек қамданып, ғылыми зерттеулерді үдетпесе болмайтындай көрінеді.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
12 қараша 2022 ж. 223 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031