Бала саулығы басты міндет
Қазір шетелдерде балалар арасында бір уақытта респираторлық вирусты, ковид пен тұмауды жұқтырып жатқандар көбейіп барады. Біздің елде ковидке қатысты дерек шықпағанымен осы жылдың тамыз айының орта шенінен басталған ауызқуысы вирусы, аденовирусты инфекция, трахит пен ларингит қошақандар арасында белең алды.
– Тамыз айынан басталған балалар арасындағы індет қыркүйек пен қазан айында да өршіді. Бір айда 77, 75, 70 баладан емдеу бөлімімзге келіп түсті. Негізінен мен басқарып отырған балалар бөлімінде 10 орынға есептелген. Осыған қарамастан науқастарды қабылдау міндетіміз болғандықтан қосымша терапия мен гинекология бөлімдерінен төсек орындар қарастырылды. Сонымен қатар өз бөлімімізге де мезгілінде бірнеше төсек қосылды. Осылайша аурып ем іздеп келушілерге жан-жақты медициналық көмек берілді.
Қазір ауру саны шектеліп, біршама саябырсыды, – дейді Қазалы теміржол ауруханасы балалар бөлімінің меңгерушісі Жаңагүл Елубаева.
Тәжірибелі дәрігердің айтуынша, ауызқуысы вирусы қоршаған ортада кең таралған және балаларда да, ересектерде де ішектің басым зақымдануымен өткір жұқпалы аурулардың дамуында маңызды рөл атқаратын қоздырғыш. Статистикаға сәйкес, балалардың көпшілігі балалық шағында ротавирустық инфекцияны жұқтырады. Көпшілігінде бұл бірнеше рет қайталанады. Аталған вирусты инфекция жыл бойы пайда болуы мүмкін. Дегенмен дерт күзгі-қысқы кезеңде болу ықтималдығы жоғары. Ротавирустың дамуы мен таралуына ұйымдасқан топтарда, балалар мен басқа ұжымдарда кеңінен кездеседі.
Көпшілікті балаларды жаппай аурухана төсегіне байлайтын вирустың гастроэнтериттік белгілеріне не жатады деген сауал мазалауда. Зақымдану мен белгілері алғашқы күні пайда бола бастайды. Инфекция дамуының типтік жағдайында, инкубациялық кезең аяқталғаннан кейін науқастың іші ауырып, кебу, жүрек айнуы, құсу мазалайды. Көп ұзамай дене температурасы көтеріледі. Ротавирустық жұқпалы ауру кезінде 37-38,5 градус Цельсий шегінде фебрильді реакция жиі тіркеледі. Температураның көтерілу кезеңі асқазан-ішек жолдарының зақымдану белгілерінен (сұйық сулы нәжіс, гүрілдеу, метеоризм) бұрын болуы және олармен бір мезгілде жазылуы мүмкін.
Аденовирусты инфекцияда патологиялық процесс типті түрде жұтқыншақта дамиды. Қабыну процессі жоғарыдан төменге қарай түсіп интерсициальды инфекцияланған шырыш төмен асқазанға, ішекке түсіп асқорыту жолын зақымдануы себебі болады. Шырыш қабаттарынан вирус қан тамыры арқылы қанға өтіп вирусемияны тудырады.
Бүгінде ата-аналар осы ауруларға немқұрайлы қарауына байланысты балаларда дерттің асқынуы пневмония, ауыр сусыздануда кездесіп балалар бөліміне ауыр жағдайда түсуде.
– Соңғы үш айда балалар арасында індет болды десекте болады. Аурухана директоры бұл жағдайда бізге көмек беріп, ауруханаішілік бөлімдерінен балаларға арнайы палаталарды бөліп берді. Құбыл Ршымбетұлының көрегенділігімен халықтың қамын ойлайтын жақсы басшы екенін тағы да бір дәлелі болды. Осы орайда балалар бөлімінің дәрігерлері мен аға мейіркеші мен мейіркештері білек сыбанып қызмет жасағанын айтап өтсек те артық болмайды, – дейді балалар дәрігері.
Жаңагүлдің кеңесінше, өршіп тұрған індеттің кезінде ата-аналар балаларын адамдар көп шоғырланған жерлерге, тойларға, ойын-сауық орындарына апармағаны абзал. Сонымен қатар жеке бас гигиенасын сақтап, жылы сұйықтықты молынан ішкізуге, балаларды құнарлы тамақтандыруға, жеміс-жидектерді көбірек тұтынуға, айлық сәбилерді тек қана ана сүтімен қоректендіруге, иммунитетін көтеретін витаминдер беруге шақырды. Бала ауырып бастаса, үйдегі жағдайда әртүрлі дәрілермен маманның нұсқауынсыз ем жасамай, тез арада учаскеге қарасты аймақ дәрігеріне көрсету қажеттігін ескерді. Әрине мұндайда дәрігерлермен тығыз байланыста болып, дұрыс тамақтану үрдісін қалыптастыру басты ереже саналады. Сондықтан сәби денсаулығына қырағы қарап, уақытылы ем қабылдаған жөн-ақ.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА