Ковид-19: Соңғы тәулікте 15 науқас көз жұмды; жағдайы ауыр – 400
Шымкент «сары» аймаққа оралды. Айдың басынан бері қауіптің "қызыл" деңгейінен түспеген шаһарда эпидахуал біршама жақсарған. Түркістан облысында да қазір жағдай тұрақты. Ал қалған өңірлер КВИ таралу қаупі жоғарғы – "қызыл" аймақта.
Десе де індет жұқтырғандар бойынша соңғы тәуліктегі көрсеткіш біршама төмендеген. Соңғы бір тәулікте коронавируспен 7491 адам тіркелді. Оның ішінде әсіресе кішкентай балалардан көп анықталып жатыр. Коронавирус жұқтыру жағынан Алматы қаласы көш басында – бір күнде 1556 адам індетпен тіркелген. Жағдайдың әлі де тұрақталмауына байланысты мектептер соңғы қаулы бойынша жұмысын жалғастырады. Ashyq жобасына қатысты талаптар да өзгеріссіз қалды. Дәрігерлерді коронавирусты жастардың көптеп жұқтыруы алаңдатып отыр. Әсел Қалықова, Алматы қаласы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары: - Өткен аптада 14 жасқа дейінгі балалар арасында індетті жұқтыру айтарлықтай өсті. Бірден 5,4%-ға, яғни 1463-тен 1 920-ға дейін көтерілді. Жасөспірімдер 1%-ға, 388-ден 589-ға дейін көрсеткіш өсті. Сондай-ақ Ashyq жобасы аясында 17-26 қаңтарда «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 1255 адам анықталды. Маңғыстау облысында соңғы күндері стационарда жатқан науқас саны артқан. Арасында жүкті және босанған әйелдер мен балалар аз емес. Мамандар мұның барлығына тұрғындардың салғырттығы себеп дейді. Аймақта жедел жәрдем қызметінің жұмысы да қауырт. Соңғы тәулікте 734 шақырту түсіпті. Жансақтау бөлімінде жатқандардың да жағдайы ауыр. Асқар Сағымбаев, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: - Жансақтау бөліміндегі төсек-орын облыста 46 болса, онда 19 адам емделуде. Он науқастың жағдайы ауыр, 9-ы қатаң жағдайда. Осы ауырғандардың 90 пайызы вакцина алмаған. Төсек-орын толымдылығы жансақтау бөлімінде 41%. Облыста 53 жедел жәрдем бригадалары жұмыс атқаруда. Қарағанды облысында коронавирус жұқтыру көрсеткіші төмендеп келеді. Өткен аптада статистика 2 мыңнан төмен түспесе, бүгін ауру 954 адамнан анықталған. Дегенмен дәрігерлер мұнда да кесел жүкті және жаңа босанған әйелдер мен балалар арасында жиіледі деп отыр. Соның салдарынан мерзімінен бұрын босану, шаранынаның өлі туылуы және жаңа туған сәбилердің ағзасында ковидке қарсы антиденелердің түзілуі сияқты өзгерістер байқалып жатыр. Татьяна Баширова, дәрігер: - 2021 жылдың жазында ауру жұқтырғандар қатарында жүкті әйелдер болған жоқ. Бұл үрдіс осы жылдың қаңтарынан басталды. Бүгінге дейін ауру жұқтырған 70 жүкті әйел анықталды. Қаңтар айында 190 бала кесел жұқтырған. Оның 25-сі бір жасқа да толмаған. Ал індеттен соңғы тәулікте тағы 15 адам ажал құшты. Ауруханада емделіп жатқан 400-ден аса науқастың жағдайы ауыр. Бүгінге дейін індет жұқтырғандардың жалпы саны 1 миллион 233 мыңнан асқан.