Сақтық – саулық кепілі
Короновирус ушыққан уақытта әлем келер жылдарға үлкен үмітпен қараған. Ал биыл пандемияның беті қайтып, бірқатар шектеулер алынды. Халық бастапқыдай үйіне тығылмай, көшеде еркін жүре алатын жағдайға жетті. Бірақ бір қиындықтан пайдалы ілім ілетін қоғам індет кезінде үйден шықпай-ақ қашықтап, қажетті шаруаларын дөңгелетуді меңгерді. Кейбір бизнесмендер банкротқа ұшыраса, енді бірі тығырықтан шығар жол тауып, кәсібі өрледі. Осылайша басқа түскен ауыртпалықтан сабақ алған кәсіпкерлер өздерін ресми сақтандырып, сұранысы бар жаңа істің бағытын қолға алды. Яғни күнделікті тұрғындарға қажетті азық-түлік саудасымен айналысушылардың саны күрт көбейді.
Осы күндері біреу сәл салқын тисе, алдымен жанындағыларға зиянын тигізбеу мақсатында медициналық бетперде тағуды әдетке айналдырды. Ауруханаларға ретсіз сырттан адам кіргізбеу ережесі енгізілді. Қажет болған жағдайда ғана ПЦР тесттен өтіп, толық вакциналанған болуы шарт. Әрине індет қайта бой алмағанын барлығы қалайды. Сонда да болса сақтанғанға ғана бәле жуымайды. Бұл орайда жыл өткен сайын халыққа медициналық қызмет көрсететін жекеменшік қызмет жеткізушілер үлесі артуда. “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” елімізде оңалту қызметтерінің дамуына қолдау көрсетеді. Оның ішінде науқастардың коронавирустан кейінгі жағдайларын оңалтуға, қауіпті созылмалы сырқаттардың ерте сатыда дамуының алдын алуға мүмкіндік береді.
Жалпы медициналық оңалту үш кезеңнен тұрады.
Біріншісі, ауруы асқынып тұрған науқастарға, хирургиялық операция жасатқан, жарақат алған адамдарға арналған. Ол стационарлардың құрылымдық бөлімшелерінде жүргізіледі. Егер науқасты ауруханаға жатқызу қажет болмаса, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін және негізгі ауру емделіп болғаннан кейін науқас оңалтудың екінші немесе үшінші кезеңіне жіберіледі.
Оңалтудың екінші кезеңі мамандандырылған бөлімшелерде немесе республикалық денсаулық сақтау ұйымдары, мамандандырылған оңалту орталықтары мен көпбейінді стационарлар базасында өтеді. Бұл кезең ауру басталған сәттен бастап тоғыз ай ішінде жүргізілуі қажет. Курстың ұзақтығы мен жиілігі нозологияға, науқасты денсаулық жағдайына, тағы да басқа факторларға байланысты.
Үшінші кезеңде медициналық оңалту емхана-амбулатория деңгейінде, күндізгі және тәулік бойғы стационарларда, оңалту орталықтарында, шипажайлар мен курорттарда, үйдегі стационар жағдайында, сондай-ақ қашықтықтан жүргізіледі. Курстың жиілігі мен ұзақтығы пациенттің денсаулығына қарай белгіленеді.
Коронавирустық пандемия оңалтудың қаншалықты қажет екенін және қаншалықты маңызды екендігін көрсетті. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халық үшін оңалтудың қолжетімділігін арттыру бойынша белсенді жұмыстарды жалғастыруда.
Коронавирус инфекциясы ковидтен кейінгі түрлі асқынулармен ауырғандар үшін қауіпті. Ковидтен айығып шыққан науқастардың басым көпшілігін демікпемен қоса, жүрек, буын ауруларының белгісі мазалайды. Сондықтан науқас короновируспен ауруханаға түскен кезде ем-шарамен бірге дәрігер реабилитологтың да кеңесін алады.
Осы жылдың басында омикрон штаммы шығып, ел жаппай соған ұқсас симптомдармен ауырып шыққаны белгілі. Осыған орай Қазалы теміржол ауруханасының дәрігер эпидемиологы Назгүл Мергенбайқызы карантинге қайта кірмес үшін азаматтардың жеке жауапкершілігі маңызды екендігін айтуда. Коронавирустың ықтимал толқынының алдын алу мақсатында қазалылықтар арасында ревакцинациялау және қоғамдық орындарда сақтық шараларын сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстарын көптеп жүргізу қажет.
– Қазіргі таңда біздің ауруханада ковид жағдайы тіркелген жоқ. ПЦР тестілеуіне кей жағдайларда 1-2 адам тіркеледі. Онда да сапарға шығарда болмаса ауруханаға жатқызыларда. Мерзімді тұмау балалар мен үлкендер арасында бар. Күніне 4-5 адам ауруханаға түседі, – дейді эпидемиолог.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА