Сырлы сезімді Сейіл ақын
Биыл Қазақстан, КСРО Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі, Қазалы ауданының құрметті азаматы, ақын Сейіл Боранбаевтың туғанына 90 жыл толды. Осы орайда Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музей ұжымы жерлес қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Өлең-жыры халқының жүрегінде...» атты тағылымдық шара өткізді.Оған музей жанындағы «Өнеге» бірлестігінің, «Жас Ғанитанушылар» үйірмесінің мүшелері, аграрлы-техникалық колледж студенттері, Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектеп мұғалімдері мен қалалық кітапхана қызметкерлері қатысты. Кешті Қазалы қаласының әкімі Рахметулла Ізтілеу ашып, үлгілі іске ұйытқы болған ұжымға алғыс білдірді.
Артында өшпес мұра, үлгілі із қалдырған Сейіл Боранбаевтың есімі жырсүйер қауымға жақсы таныс. Ол 1930 жылғы 14 қаңтарда Қазалы ауданының Сағындық ауылында дүниеге келіп, Қожабақыдағы №25 мектепті бітірген соң, 1949 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының тарих факультетіне түсті. Еңбек жолын Қостанай облысы, Қаратүбек мектебінде мұғалім болудан бастап, Қызылорда қаласы, Қазалы ауданында білім саласында қызмет етті. Бертін келе Қызылорда облыстық «Ленин жолы», Қазалы аудандық «Социалистік жол», «Ленин туы» газеттерінде жауапты хатшы, бас редактордың бірінші орынбасары, редактор, Қызылорда облыстық баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі басқармасының бастығы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қызылорда облыстық ұйымының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды.
Ақынның балалық шағы Ұлы Отан соғысы уақытына сәйкес келді. Қолына қару алып, майданға аттанбаса да, келтірілген ауыртпалықты сезініп өсті. Елдің қабырғасы қайыса көтерген қасіреті өлеңіне арқау етті. Алғашқы өлеңі 1949 жылы Қазалы аудандық «Большевиктік колхоз үшін» газетінде «Көсем суреті» деген атпен жарияланды. Ақынның артына қалдырған жалынды жырлары көпті тәнті етіп, жыр-дастандары оқырман көңілінен шықты. Сырлы сезімге толы Сейіл ақынның туындылары өзге тілдерге аударылды, өзі де бірнеше өзге ұлт ақындары мен жазушыларының еңбектерін қазақша сөйлетті. Ақынның бірнеше кітабы жарық көрді. Ол проза жанрында да өз қолтаңбасын қалдырды.
Сейіл Боранбаев журналист, жазушы, ақындығымен қатар қоғамдық жұмысқа да белсене араласты. 1957 жылдан КПСС мүшесі, Қазалы аудандық, Қызылорда қалалық партия комитетінің мүшесі, Халық депутаттары аудандық және қалалық Кеңестерінің депутаты болып бірнеше рет сайланған. Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі болды. Қазалы ауданының Құрметті азаматы атанды. Зайыбы Нәзипа Сабихова екеуі өмірге ұл-қыз әкеліп, тәлімді тәрбие берді.
Кеште журналист-ақын Жетіскен Мәкеналының жары Марияш Марданқызы, әріптесі, баспахана саласының ардагері Салима Қонарбаева, «Қазалы» газеті бас редакторының орынбасары Сахи Қапар ақынның қызмет барысындағы адамгершілігі мен парасаттылығына тоқталып, өткен күндерден естелік айтты. Сондай-ақ бауыры, ұзақ жылдар аудандағы құрылыс саласын басқарған сәулетші Телағыс Бұқарбаев, дүниеден өткен інісі Ерсайын Бұқарбаевтың жары Күнсұлу Бұқарбаева шара төрінен табылып, жүректе сақталған толғаныстарын жеткізді. Музей жанындағы «Жас Ғанитанушылар» үйірмесінің мүшелері ақын өлеңдерін оқыды, қалалық мәдениет үйінің қызметкері Айбек Мамбетов баянмен шарықтата ән шырқады. «Аранды қырдың ақыны» атты виртуалды көрме көпшілік назарына ұсынылды.
Тағылымдық шараны музей жанындағы «Өнеге» бірлестігінің төрағасы Малкайдар Дүйсенов қорытындылап, қонақтарға ескерткіш сыйлық тапсырды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА