Жұлдызы жанған ақын ең...
Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Әйтеке би кенттік клубының ұйымдастыруымен Қазақстан Журналистер Одағының және Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын Жетіскен Мәкеналының 70 жылдығына орай «Жұлдызы жанған ақын ең аспаныңда» атты аудандық ақындар мүшәйрасы өтті.
Байқау аясында аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері «Жан жырлары – болмыс сырлары» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Аталған шараға бөлім басшысы Болат Жолтаев қатысып құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ Кенттік клуб директоры Нұрлыбек Сүлейменов ақынның жары Марияш Марданқызына ұжым атынан сый-құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын табыс етті. Ақын шығармашылығын насихаттау мақсатында өткізілген шараға қатысушы талапкерлердің өнеріне ақын, Майдакөл ауылдық клубының меңгерушісі Ермекбай Ағырай, аудандық орталықтандырылған кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Зоя Мұстафаева, Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік тілдің оқытушысы Жұбатқан Таңжанов баға берді.
Екі кезең бойынша өткен сайысқа 15-25 жас аралағындағы өнерпаздар қатысып, көрерменге керемет әсер сыйлады. Бірінші кезеңде ақынға арнау айтып, екінші кезеңде ақын өлеңдерін жатқа оқыды.
Нәтижесінде Жанқожа батыр ауылынан келген Манзура Ұлмамбет бірінші орын иеленді. Арандылық Шынар Ақниет екінші орынға лайық деп танылды. Ал үшінші орынды Ғ.Мұратбаев ауылынан қатысқан Батыр Сәбитов пен Бекарыстан би ауылынан келген Қанат Сырлыбай бөлісті.
Әйтеке би кентінен Асыл Кәдірбай «Көрермен көзайымы», Ғ.Мұратбаев ауылынан Ринат Жұмаділ «Сөз шебері» номинациясымен марапатталды. Өміртай Есебай, Назым Жаңаберген, Жансая Жәми, Назерке Сахыбай, Нұргүл Рахманберді «Алғыс хат» иеленді.
Ұйымдастырушылар тарапынан әрбір қатысушыға арнайы сый-сияпат тарту етілсе, жоғары орынға ие болған жас ақынға Жетіскен Мәкеналының ағайын-туыстары атынан қаржылай сый жасалды.
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ