Ысырапшылдық ырысты қашырады
Өткен аптада көрші Болат ақсақал үйге іздеп келіпті. Анам жұмыста екенімді ескертіп, келген соң жолығатынымды айтыпты. Шаңыраққа оралған бойда осы жағдайды естідім. «Қария арнайы аялдаған болса, бір айтары бар болғаны» деп солай қарай беттедім. Кездескенімізде атам бірден әңгімеге көшті.
– Балам, осыдан бірер күн бұрын «Садақа сауда емес» деген мақалаңды оқыдым. Содан соң көптен ойымда жүрген өлік жайлау мәселесін саған айтқанды құп көріп отырмын. Қазір бұл үлкен жұмысқа айналды. Мен шариғатқа қарсы емеспін. Бірақ мен айтқалы отырған түйткілдер шариғатта көрсетілмеген. Бұл – нәпіл садақа тарату және шал-шауқандарға шапан жабу. Оған қоса соңғы уақытта «ошақ» деген дүние кеңінен таралып келе жатыр. Ошақ деген – бір адам бақилық болса, соған ағайын-туыстан жиналған ақшаны халыққа таратып беру қажет екен. Мұны маған осылай түсіндірді. Себебін сұрасаң бұл – өлікті сыйлағандық деп жатады. Негізі бұл құптарлық іс емес. Бұндай жағдай қазақ дәстүрінде кездеспеген. Міне, мұның барлығын халыққа жіті түсіндіріп, тоқтатудың жолын қарастыру қажет, – дейді қария.
Болат ақсақалдың айтуынша, бұл үрдіс тек Қазалы мен Арал аудандарында ғана көптеп кездеседі екен. Ал қалған аумақтарда мүлдем жоқ. Әңгімені тыңдай келе, осы бір мәселе жөнінде оқырманға ой қозғап, анық-қанығына көз жеткізуді құп көрдік. Сөйтіп, сұрақтың жауабын білмекке ауданның бас имамы Берік Сүлейменовке қоңырау шалдық.
– Бұл шариғатта міндеттелмеген амал. Бүгінгі күні соны жасамауға ұсыныс жасап жатырмыз. Бірақ, біреуі қабылдағанымен екіншісі, өзім білемінге салады. Ертеректе нәпіл садақаны Пайғамбар жасынан асып қайтыс болғанда тарататын болған. Ал егер қыршын, жастайынан көз жұмса таратпайтын болып келіскен. Алайда бүгінгі күні қайтыс болған жанның үй-іші мойнына қарыз болып кетпесін деп таратып жатады. Бұған ескерту әлі де жасалып жатыр, – дейді Жанқожа батыр атындағы орталық мешіттің бас имамы.
«Садақаны сауыңда бер» дейді халқымыз. Енді оның да сапалысына ұмтылатын шақ жетті. Ол – «Садақа жария», яғни сауабы еш сарқылмайтын садақа. Жария дегенде «көпке жария қылып беріледі екен ғой» деп қалуымыз бек мүмкін. Мүлде олай емес. Ал садақа – жалпы алғанда мал-мүлікпен қатар, ықылас-ниетпен, тіпті себепкер болумен де жасала береді.
Мәселе барысында тағы бір түйткіл алдымыздан шықты. Ол – өлік шыққан үйдің дастарханы, тойдың дастарханымен бірдей деңгейге жеткені. Бұл шариғатта ысырапшылдыққа жатады екен.
– Дінімізде меймандарға ас тарту етудің сауапты іс екендігі аят, хадистерде баяндалған. Қазақ дәстүріндегі жетісі, қырқы, жылын беру де тектен-тек пайда болмаған. Ол кезде қазақ ауылдарында ағайын-туған, жекжат-жұрағаттардың арасы өте шалғай болған. Көршілердің өзі де жақын жерде болмаған. Сондықтан алыстан көңілқос айта келген қонақтарға арнайы мал сойдырып, ет астырып, ас ұсыну қалыптасқан. Алайда қазіргі уақытта, қайтқан кісінің құрметіне берілетін құдайы астарды ысырапқа жол бермей атқару қажет. Ислам діні аталмыш асты қарызданып, қауғаланып міндетті турде өткізуді құп көрмейді. Себебі қазіргі уақытта адамдардың көбісі өзінің тұрмыс-тіршілігіне мән бермей, жетпей жатқан жағдайда да мол қаражат жұмсап, жылқы сойып, садақа беріп, әбігерге салынып, ас беруді әдетке айналдырған. Тіпті шектен тыс ойына келген әрекеттерге, ысырапшылдыққа жол берілген. Орамал, жыртыс, ақша тарату шариғат міндеттемейтін ысырапшылдық. Санамыздағы ысырапшылдық сияқты кемшілікті имандылық тәлім-тәрбие, арқылы түзетуіміз қажет. Құран мен сүннеттегі осыншама ұстанымдарға құлақ түрілсе, ысырапшылдықтың алды алынары сөзсіз. Бұл жөнінде талай рет конференцияда бас түйістіріп, ескертіліп келеді, – дейді ауданның бас имамы Берік Сүлейменов.
Осы тұста мына бір оқиға ойға оралып отыр. Бұрынырақта Ислам дінінен хабары бар бір кісінің көршісінің әкесі қатты ауырыпты. Дімкәс әкесін қаратуға дәрігерлер мен емшілерге жүгінеді. Ешқандай нәтиже болмаған соң әкесінің ауруы дендеп қайтыс болады. Әкесін соңғы сапарға шығарып салу үшін баласы қатты қиналады. Діндар көршісінен ақыл сұраудың орнына, бәленбай жердегі ту биені жеткізу, қалаға барып мәуе – жеміс-жидек, тағы басқа заттарды әкелу, екі-үш қазан күріш басу, есіктің алдынан ұзына бойы бірнеше қатар дастарқан мәзірін дайындау, жыртыс, шапан жабу, тағы сондай көптеген таусылмайтын жоралғыларды тауып, қазаға келген кісілерді құрметтеу рәсімімен айналысып кетсе керек. Әлгі бала қаза болған әкесін мың сан жұмыспен жүріп ұмытып кетуге шақ қалады. Ал діндар көршісі азалы үй иесіне осының барлығы бекер, ысырапшылық деп түсіндірумен әлек. Марқұмның баласының уәжі «Әкемнен немді аяймын» деп қарызға белшесінен батқан.
Шынында бұлай қауғаланып қиналғанша, марқұмға азын-аулақ дастарқанға құран бағыштасаң да жетеді емес пе?! «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген. Сондықтан «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» дейтін қазақ үшін сарқылмайтын садақаны санасына сіңіріп, айналамызда болып жатқан бұрыс жайттардың алдын алуға көптеп жұмыс жасау қажет.
А.БАҚЫТҰЛЫ