Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қадамы қарышты Қарашеңгел

Қадамы қарышты Қарашеңгел

Кейінгі ұрпақ білмеуі мүмкін, Қарашеңгел ауылдық округі қазіргі атауына алғанға дейін бірнеше рет таратылып, қайта құралды. Тарихқа сәл шегініс жасасақ, 1934 – 1949 жылдары №3 ауыл Советі болып аталып, округке Басықара, Ленин, Қызылту колхоздары қараған. Бұдан кейін 8 жыл бойы Карашеңгел ауылдық Советі атауы телініп, 1977 жылға дейін Қарашеңгел ауылдық кеңeci деп бекітілді.
1977 жылы Қызылту совхозының орталығынан кеңсе салынып, 5 елді мекеннен тұратын Үйрек, Водокачка, Алтай, Ойынды, Көбек өз алдына Қызылту совхозынан ауылдық кеңес болып ашылған. 90 жылдық тарихы бар ауылдық Совет 1991 жылдан бері Қарашеңгел ауылдық округі деп танылды.
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен Қызылту совхозына Тұран елінің мақтанышы, қазақтың батыры «Жалаңтөс батыр» бабаның есімі берілді.
1997 жылдың шілдесінде Қарашеңгел, Басықара, Құмжиек біріктіріліп, Құмжиек ауылдық округі әкімдігі болып құрылды.

Шағын бизнес шаруасын шалқытқан
Ауылдық округ аудан орталығына жақын орналасқан. Бар-жоғы 12 шақырым. 6 елді мекені, соған шашырай қоныстанған 1500-ден астам халқы бар. Кезінде Қиыр Шығыстан Қазақстанға күшпен қоныс аударылған корей жұртына пана болған ауылдың бүгінгі тірлігі көз сүйсіндіреді. Өйткені кәсіпкерлігі құлаш жайған. Тарқатып айтайық, Қарашеңгел ауылдық округі бойынша 48 шағын және орта бизнес субъектілері бар. Оның ішінде 3 заңды тұлға, 15 шаруа қожалығы, 31 жеке кәсіпкерлерден тұрады. Іскер азаматтардың белсенділігі 100 процентті құрайды екен. Бұл дегеніміз ауылда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп қойып, тірлік істемей жатқандар жоқ екенін аңғартады. Мұндайда қазір ауыл статистикасын тиікке көтеріп отырған белсенді кәсіпкерлер кімдер деген сауал тууы заңды.
2021 жылы «Бастау-Бизнес» (Стартап) грант бойынша 14 адам бизнес жобасын ұсынып 583,4 мың теңгеден, барлығы 8,2 млн теңге грант жеңіп алған. Ауылдағы шағын кәсіпкерлік осылайша демеу көрген.
2022 жылдың 1 сәуірінен бастап Қызылорда қаласының «Атамекен Ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы «Бастау-Бизнес» жобасы Еңбек сайтына тіркеліп, оқу шарттарына сәйкес кәсіпкерлік негізде оқытуға 15 азамат тіркеліп қойған. Тек жоба басталуын күтіп отыр. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» аясында 48 млн теңге несие алып, тірлігін қамдаған «Жалаңтөс батыр» серіктестігі жергілікті салаға ерекше серпін беріп отыр.
Бұдан бөлек, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға 2022 жылдың екінші тоқсанында 3 отбасының 21 мүшесіне 353 526 теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Ауылдық округ әкімі міндетін уақытша атқарушы Ләззат Алидің сөзіне сенсек, жыл басынан бері қоғамдық жұмысқа 25 адам қабылданған.
– Жалаңтөс батыр ауылы және Үйрек елді мекеніне орамішілік газ құбырының құрылысына мердігер «РемСтрой» ЖШС арқылы жұмыссыздар есебінде тіркеуде тұрған 15 азаматты уақытша болса да тірлікпен қамтыдық. Сонымен қатар қосымша мемлекеттік мекемелерден өтінім www.enbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы субсидияланатын жұмыс орындарына өтінім тапсырылып, жұмыстар жүргізілді. Ауыл көлеміндегі мекемелерге жастар тәжірбиесі бойынша 4 жас маман жұмысқа қабылданды, – дейді ол.

Төрт түлік айналасындағы тірлік
Әлгі алты елдімекенді қосқанда, шілде айындағы есеп бойынша 1517 мүйізді ірі қара, 4346 уақ мал, 1549 жылқы, 78 бас түйе бары белгілі. «Жалаңтөс батыр» серіктестігі, «Қият», «Қыдыр», «Өркен», «Рауан», «Дін-Нұр», «Қуан-Ата», «Жалаңтөс батыр», «Ұлан», «Сая», «Салмаев Ш» шаруа қожалықтарының нәтижелі бастамалары мен іскерлігінің арқасында 113 адам маусымдық жұмыспен қамтылған.
Мал шаруашылығымен айналысып отырған жеке және заңды тұлғалардың ағымдағы жылдың 1 ақпан мен 31 мамыр аралығында «Ауыл шаруашылығы бірдейлендіру» дерекқор жүйесінде бұрын тіркелмеген ауыл шаруашылығы жануарларын тіркеу үшін «Жасыл дәліз – 3» бағдарламасы өткен. Соның нәтижесінде бұрын есепке алынбаған 258 бас мал тіркелді.
Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар жануардың ауруы көп екенін жақсы біледі. Мұның алдын алу да орасан тірлік. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда құтыруға қарсы МІҚ-ға – 300, уақ малға – 40, жылқыға – 40 екпе салынған. Сондай-ақ аусыл, сібір жарасы, нодулярный дерматит, қарасан, Лептоспироз, өттеу, бруцеллез, күлшеш пен құс тұмауына қарсы мыңдаған жануарға вакцина егілген.
Бұдан бөлек, аллергиялық мәселеге байланыс­ты алдын алу шаралары күн тәртібінен түспей тұр. Мәселен, жақын күндері мақаға қарсы 50 жылқы, туберкулездің алдын алу үшін 200 сиыр тексеруден өткізілген.
Ал маз азығы жайында айтпас бұрын, былтыр «Жалаңтөс батыр» шаруашылығы 600 гектар жерге күріш егіп, әр гектарына 25 центнерден өнім, 100 гектарға бидай егіп, 3,6 центнерден пайда көргенін еске сала кетейік. Сонымен бірге 85 гектар жерге жаңа жоңышқа, 217 гектарға көне жоңышқа егіліп, 1772 тонна өнім алынған. Серіктестік 500 гектар табиғи шөптен 1314 тонна өнім алса, биыл көне жоңышқа 217, жаңа жоңышқа 200, мақсары 80 гектар аумаққа егілді. Жер емген диқандар мезгілі келгенде қыстық мал азығын молынан алмаққа ниетті.

Келбетіне күш салған
Ауылдық округтердің, әсіресе, оның орталығын заман көшіне сай көрікті ету мемлекеттің басымдық беріп отырған бағытының бірі екені түсінікті. Осының инерциясымен биыл көгалдандыру мен абаттандыру жұмысына қомақты қаржы бөлініп, ресурс жыл басынан бері әктеу, сырлау және санитарлық тазалық жұмыстарына жұмсалған. Бұл қаржы каналдарды тазарту, қыршу, аяқ су арықтарын тазалау, күл-қоқыстар арнайы орындарға шығару қамтыған.
2022 жылы аудандық бюджет есебінен ҚызылОй көшесіне түнгі жарықшамдар орнатылған. Ал су тапшылығының алдын алу мақсатында наурыз айының басынан бастап «Жалаңтөс батыр» ЖШС, «РЗА» АҚ және ауыл тұрғындарымен бірлесіп «Мәдениет», «Қызылой», «Тасарық» каналдарына механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, «Талдауыл», «Қаратай», «Астырт», «Мәдениет» жайылымдары суландырылғанын жұрт көріп отыр. Сонымен қатар ауылға аяқ су келетін «Қызылой» каналының бойына жаңадан су тоспасы орнатылды. Жалаңтөс батыр ауылының батыс беткейінде орналасқан бұлақ көзін ашуға ағымдағы жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржы қаралып, «Прайд ЛТД» ЖК жеңімпаз атанғанын айта кетейік.
Жыл басынан бері ауылдағы көше жарықтарының жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кейбір істен шыққан шамдар энергия үнемдейтін жарықдиодты LED шамдарына ауыстырылған. Сонымен қатар, адам өмірінің қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында ауылішілік трасформаторларға қоршау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауыл әкімінің міндетін атқарушы алдағы уақытта қолға алатын істері туралы да ашық айтты.
– Ең алдымен Жалаңтөс батыр ауылының әуе электр желілері мен бағаналары және трансформатор қондырғыларының тозуына байланысты қайта жаңғыртуды көздеп отырмыз. «Тасарық», «Мәдениет» каналдарына механикалық тазалау, ауылдағы 9 көшенің жолдарын кезең-кезеңімен жылына 3 көшеден асфальттау да күн тәртібінен түспейтін тірлік. Сондай-ақ, Үйрек елді мекенінің көшесіне түнгі жарық шамдар, Шитүбек, Көбек елді мекеніне сервистік ауыз су жүйесін орнату жоспарда бар. Жалаңтөс батыр ауылы мен Ойынды елді мекеніндегі шаруашылық үшін бұлақ қазып беруіміз керек, – деді Ләззат Әли.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

15 қазан 2022 ж. 622 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 64

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930