Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Автонесие: Сенім мен сәтсіздік

Автонесие: Сенім мен сәтсіздік

Біраз болды. Нақтыласақ, жыл басынан бері жеңілдетілген автонесиеге қатысты гу-гу әңгіме ел ішінде жайылып кетті. Бағдарламаның игілігін көргені бар, тіпті хабарсыз қалғаны бар әйтеуір жұрттың аузынан түспеді. Кейін барлығы басылғандай көрінген. Алайда қараша айында қайта жалғасатыны туралы жаңалық жетті. Рас, өтірігін қайдам, әйтеуір жоспарға ілігіпті. Осыған дейін біраз талқыға түсіп, сынға іліккен бағдарлама алдағы уақытта қалай іске асары белгісіз. Көлікті болам дегенге үміт сыйлаған автонесиенің келешегі қалай болмақ? Бүгін осы тақырып төңірегінде саралап көрелік.

Баға бақылауда бола ма?
Жуырда Өнеркәсіпті дамыту қорының басшысы Ринат Гаппаров автонесие алғандардан түскен проценттер банк шоттарына құйылып жатқанын, осыған орай автонесие беру жалғасатынын сөз етті. Гаппаровтың дерегі тіптен қызық болды. Тіпті алдағы 30 жылға жоспар құрылған көрінеді.
«Алдағы 30 жылда дәл осы бағдарлама арқылы 60 мыңға жуық машина жаңарады. Револьверлік жолмен қайтатын қаражат жылына 7,7 миллион теңге тұратын – 1 858, 10 миллион тұратын 1 430 көлік рәсімдеуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Жалпы, осы автонесие туралы хабар шыққалы қоғам бағдарламаға белсене қатысты деуге болады. Сәуірде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңілдетілген автонесиенің шарттары анықталғанын жария еткен еді. Несие тек отандық, яғни елде құрастырылған көліктерге ғана берілді. Оның ішінде «Lada» брендінің көліктері мен «Chevrolet маркалары» бар. Танымал «Kia» мен «Hyundai» маркаларын да сатып алуға мүмкіндік берілді. Бұл тізімге қытайлық «JAC» көліктері де қосылғаны есте. «Renault» пен ресейлік «УАЗ» өнімдері де бар. Дегенмен бұл тізімдегі маркалардың қымбат, премиум санаттағыларын жұрт несиеге ала алмады. Көп адамның елде құрастырылған деген аты бар төменгі санаттағы көліктерге көңілі көншімегенін білеміз. Сын көп айтылды, әсіресе баға мен сапаға. Оның үстіне, утилалым мен бюджет ақшасына жеке зауыттардың көлігін несиеге беруді әділетсіз санайтындар да бас көтерді. Расымен де, биыл басталған жеңілдетілген автонесие бағдарламасы жоспардағыдай іске аспағанға ұқсайды. Өткен айда бағдарламаға бөлінген 100 миллиард теңге сарқылды. Ресми дерек бойынша, 1 қыркүйекке дейін 13 307 несие беріліп, 11 мың автомобиль өткен. 100 миллиардтың 35 миллиардын Еуразиялық банк алса, Банк ЦентрКредит – 27,5 миллиард, Қазақстан Халық Банкі – 22,5 миллиард, «Forte Bank» 15 миллиард теңгесін алды. Банктер бұл қаражатты халыққа 4 процентпен көлік алуға берді. Иә, көлікті болғандар жетерлік, алайда автонесие арқылы темір тұлпар тізгіндегендердің саны 10 мыңнан асқаны жөніндегі ақпаратқа күмән көп.

Кемшілік қай жерден кетті?
Бір тұстан қарасақ, сол кездегі елдегі дүмпуді басу сияқты көрінген бұл бағдарлама тым асығыс басталғанға ұқсайды. Көлік өндірушілердің Үкіметке беретін есебіне күмәнмен қараушылар көбейді. Осыған дейін кезегі жылжымағанына өкпелі жұрт көп еді. Тамызда қоғам белсендісі Диас Нұрақын «Hyundai» маркалы көлікті салоннан жеңілдетілген несие арқылы алуға кезекке тұрғанын, банктің мақұлдауын алса да, 5 айдан бері компания темір тұлпарды әзірлемегенін айтып, біраз жайды жайып салды. Яғни, «жылына бірнеше мың көлік шығарамыз» деп жарияға жар салған компаниялардың өтірігі әшкере болғандай. Оның үстіне, «көлік жоқ» дейтін автосалондар мен банктер соңғы кездері 20 проценттік автонесиелерді ұсынатынды шығарған. Демек, қайткен күнде де бағдарламаның іске асуында былықтың бары анық. Сөйтсек, «Hyundai» Trans Kazakhstanның жағдайы да мәз емес екен. Тамызда елдегі зауыт сұранысқа ие «Hyundai Accent» пен «Hyundai Creta» модельдерін шығаруды уақытша тоқтатқаны хабарланды. Украинамен шиеленіскелі бері Ресейден жабдықтар жеткізілмейтін болған. Кәсіпорын бұған дейін қорда қалған жабдықтарды пайдаланып жұмыс істеген екен. Ал Қазақстан автобизнес қауымдастығы елге басу айтып әлек. Қауымдастық көлік көбін алға тартады. Осындай түсініксіз жайлар бар. Жұрт басқа көліктерге көз салайын десе, бағдарлама тек 10 миллион теңгеге дейін несие береді. Басқа деп отырғанымыз – нарықта 13-14 миллион теңге тұратын «Elantra», «Sonata», «Tucson» маркалары. Артылған соманы сатып алушы табу керек. Бұдан кейін бағдарламаның тиімділігі жөнінде айту қисынсыз. Айтпақшы, автоөндірушілер енді жаңа көлік түрі мен бөлшектерді Түркиядан тасымалдауға көшті. Қыркүйекте елімізде екі жаңа модель ұсынылды. Сертификаттаудан өткен «Hyundai Bayon» мен «Hyundai i20» нарыққа келді. Яғни олар алдыңғы «Creta» мен «Accent» деңгейіндегі көліктер. Сонымен, компания жаңа көлік түрін әкеліп, тапшылықтың орнын толтырды. Алайда бұл әрекет қаржы сарқылған тұсқа сәйкес келгені қобалжытты. Әйтеуір бір бағдарламаның қолбайлауы тыйылмады.
Автонесиені қолдайтын автосарапшы Олжас Оқас мұның халық үшін тиімді екенін көптен айтып жүр. Оның ойынша, автонесиенің проценті төмен.
«Қазақстандықтар жаңа көлік алып, оны бірнеше жылда төлеп тастаса, бізге утилизациялық зауыт та керек емес. Көрші елдер сол көліктерді сәл арзан бағамен алып кетеді. Ал біз қайтадан жаңа көлік сатып ала аламыз. Мұндай саясатты қазір Біріккен Араб Әмірліктері ұстанып отыр», – дейді ол.
Енді қараңыз, отандық автокөлік өнеркәсібіне бөлінген қаражаттың 80 проценті жинақтаушы бөлшектер мен оның материалдарын сатып алуға жұмсалады. Яғни, қаражат шет елге кетеді. Салдарынан елдің төлем қабілеті нашарлап, теңге бағамы қысымға түседі. Мысалы, 200 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінсе, оның 160 миллиард теңгесі шетелге жөнеледі. Мамандар сайып келгенде автонесиенің басты мақсаты – ӨКМ операторының ақшасын жұмсау болып тұрғанын айтады. Экономист Ғалым Құсайыновтың айтуынша, арзан несие ақшаның құнын кетіреді.
– Нарық механизмін дамыту керек болған кезде бұрынғы әдістерге қайта оралдық. Инфляция 10 проценттен асқанда 4 процентпен несие беру – ақшаны теріс мөлшерлемемен несиелендіруді аңғартады. Мемлекеттің басты мақсаты не? Халықты көлікпен қамтамасыз ету ме, әлде халықтың жайлы жүріп-тұруына жағдай жасау ма? Егер осы сұрақтарға жауап берсек, ӨКМ операторының ақшасын келесі нәрселерге жіберген абзал. Олар – ауыл шаруашылығы техникасының лизингін қаржыландыру және техникасын локализациялау, қоғамдық көлікке инвестиция ұлғайту, – дейді ол.
Қазір автокөлік сарапшылары отандық көліктерді сатып алуға ақша бөлу темір тұлпардың құнын тағы 10-30 процентке көтеретінін жиі ескертеді. Енді алдағы 30 жыл бойы бұл несие бағдарламасы жалғаса берсе, баға жыл сайын құбыла беретін тәрізді.

«Бұрынғыны өзгертетін әдіс керек»
Бұл бағдарламаның ең басты бір артықшылығы ғана бар. Ол – елдегі көліктердің жаңарғаны. Әйтпесе, жұрт үшін несиеге көлік алу тиімді емес. Өйткені көлік жүре бастаған күнінен-ақ бағасын жоғалта береді. Ал «отандық өнеркәсіп» деген атау алған, елде құрастырылып жатқан көліктерге жаппай сұраныс жоқ. Автомобиль саласы кәсіпорындары одағының былтырғы дерегі бойынша, еліміздің жолдарында жүрген 1 миллион 200 мың көлікке 20 жылдан асып кеткен. 2015 жылы шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі елде 59 процентті құраған. 2020 жылы 70 проценттен асты. Қазір одан әрі артқаны анық. Сонда елдегі 4 миллион көліктің 3 миллионға жуығы тозған болып саналады. Демек, 10 миллион теңгеге жетпейтін бағадағы көліктерді жұрт несие арқылы алып жатқанда, ескі, есесіне арзандау көліктерге сұраныс әлі толастамайды. Содан кейін шетелден көлік тасымалдауға асығатындар көбейсе заңдылық. Пайдаланылған көліктерді Армения, Грузия, Қырғыз Республикасы, Ресейден алып келуге қазір көбі қорқады. Өйткені ел ішінде заңды тіркеу ақысы тура көліктің бағасына тең деген ұғым қалыптасқан.
Түйіндей келе, бағдарламаны сәтті не сәтсіз болды деп дөп басып айту қиын. Автокөлікке құмартқандардың арқасында автонесиеге сұраныс болды. Бірақ сұраныс иелерінің бәрі игілік көре алмады. Бұл – біз білетін жағы ғана. Экономикалық тұрғыда бұл бағдарламаға кімге тиімді екені белгісіз. Әйтеуір, банктердің қоржыны аздап молайғаны анық.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
08 қазан 2022 ж. 446 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031