Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектеп – киелі мекен

Мектеп – киелі мекен

Жанкент ауылындағы №104 мектептің тарихы тереңде. Алғашында Кеңес үкіметі құрылғаннан кейін 1928 жылы «Сауат ашу мектебі» болып ашылған. 1935-1936 жылдар аралығында Өркенді колхозындағы бастауыш мектепте Әріпбай Бекетов, Өтеубай Топаев, Насрадин Еселбаев, кәріс жігіті Чен Ким және Төлепбай Меңеев қызмет етті. 1937 жылы «Орталау» мектебі болған кездері Тілеген Смағұлов, Қалдан Көмеков мектеп директоры қызметін атқарса, Әріпбай Бекетов, Чен Ким, Төлепбай Меңеев, Рахманберді Сабыр­баев, Үсен Аққұлов, Кәнибек Байбатыров, Әбен Сақауов пән мұғалімдік қызмет етті деген дерек бар.
1940 жылдан мектеп 7 жылдық болып өзгеріп, Т.Смағұлов, Б.Сәулебаев, С.Бәкиев әр жылдарда басқарады. 1945 жылдан 1961 жылға дейін Әлмағамбет Игіліков мектеп директоры болып, халықпен бірігіп «Жылуан» арығының сол жағына мектеп үйін салдырады. 1961 жылы 8 жылдық мектеп ашылып, оны Тілеп Оңғаров басқарды. 1969 жылы 10 жылдық білім беру ошағы болып қайта ашылды. 1965 жылдан 1972 жылға дейін директоры Сәндібек Әбдіразақов ұжымды басқарды. Әр жылдар басшылық тізгіні Мұнарбай Қожахметов, Іният Мұртташев, Әбілқасым Пірәлиев, Қуаныш Көмекбай, Аманбай Орақбай, Талғат Әнес ұстады. Қазіргі таңда Жеңісбек Амидулда №104 орта мектебінің директоры.
2009 жылдың қараша айында жаңа мектеп үйі салынды. Бүгінгі таңда мектеп оқушылары заманауи оқу ғимаратында білім алуда. Білім ордасы 250 орынды типтік жобада салынған. 16 оқу кабинеті, 140 орынды акт залы, 60 орындық асхана, спорттық құрал-жабдықтармен қамтылған спорт залы, 4 компьютердік сынып кабинеті, кітапхана, 3 оқу шеберханасы бар. Физика, химия, биология кабинеттері зертханалық жұмыстарға арналған құралдармен жабдықталған. 2022-2023 оқу жылында 40 мұғалім, 233 оқушы, 12 сынып комплектісі бар. Мектепалды даярлық тобында 20 бала бар.
Қазыналы білім ордасына айналған алтын ұяда әрбір шәкірт білім көкжиегіне сеніммен ұмтылуды мақсат етеді. Мектеп мерейін арттырып, мақтанышына айналған түлектер қаншама. Мәселен, 2021 жылы мектеп түлектері Наркен Еркін «Алтын белгі», Гүлраушан Нұрлла «Үздік аттестатқа» бітірді. Еркіннің бастауыш сыныптағы ұстазы Гүлнұр Бигелдиноваға шипажайға жолдама берілді. Нұрай Талантқызы, Шырай Талантқызы, Ақпейіл Анық, Назкен Еркін, Жұлдызай Сырлыбай «Үздік куәлік» иегері атанды. 2022 жылы Гүлназым Темірбек, Аяулым Асқарбай, Ақбілек Атшабар, Нұрбақыт Сайлыбек «Үздік аттестат», Дильназ Мырзамұрат, Гүлзаһира Бауыржан «Үздік куәлік» иеленді.
Білім бөлімі ұйымдастырған «Алтын қазына» көркем және сәндік-қолданбалы өнер сайысында «Ұлттық ою-өрнегі бар халықтық киімдердің үлгісін жасау» көрме-байқуаында 9 сынып оқушысы Асылай Өсербай бірінші орын иеленіп, облысқа жолдама алды. Жетекшісі Гүлнұр Елубаева. Республикалық «Алтын дауыс» шығармашылық өнер сайысында 4 сынып оқушысы Асылжан Панабек жүлделі бірінші орын алды. Асылжан 16 маусымда Түркістан қаласында өтетін шығармашылық байқаудың қатысушысы ретінде 50 процент жеңілдікті ұтып алды. Өнерлі шәкіртті әзірлеген бастауыш сынып мұғалімі Назкен Мусаева. Қ.Пірімов ауылдық клубында күйші Нәби Жәлімбетовтің 115 жылдығына орай өткен «Күй шежіре, күй дастан» күйшілер байқауында 6 сынып оқушылары Өркен Қойшыбай бас жүлде, Бірлік Нәби «Алғыс» хат иеленді.
ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақпарат саласының үздігі, ақын, жазушы Жұмабек Табынбаевтың 60 жас мерейтойына арналған «Театр – өмір айнасы» атты аудандық драма үйірмелері арасындағы жарыста 5-7 сынып оқушылары үшінші орын тұғырынан көрінді. Мектептің педагог-психологы Бақытгүл Орақбай «Идеялар алаңы» байқауында «Бала дамуына ермексаз бен түйменің пайдасы» жұмысын ұсынып, бірінші орын иеленді.


Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
27 қыркүйек 2022 ж. 390 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930