Ұстанымы биік ұжым
Жанкенттегі білім ордасы алғаш рет 1928 жылы Кеңес үкіметі құрылғаннан кейін сауат ашу мектебі болып ашылған. Бұдан соң әр жылдары екі кластық бастауыш мектеп, жеті жылдық, сегіз жылдық болып, 1978 жылдан бері орта білім беру ошағына айналды.
2009 жылдың қараша айында жаңа мектеп салынды. Қазір оқушылар заманауи оқу ғимаратында білім алуда. 250 орындық типтік жобадағы мектепте 16 оқу кабинеті, 140 орындық акт залы, 60 орындық асхана, спорттық құрал-жабдықтармен қамтылған зал, 4 компьютерлік сынып, кітапхана, 3 оқу шеберханасы бар. Физика, химия, биология кабинеттері зертханалық жұмыстарға арналған құралдармен жабдықталған.
2009 жылдың қараша айында жаңа мектеп салынды. Қазір оқушылар заманауи оқу ғимаратында білім алуда. 250 орындық типтік жобадағы мектепте 16 оқу кабинеті, 140 орындық акт залы, 60 орындық асхана, спорттық құрал-жабдықтармен қамтылған зал, 4 компьютерлік сынып, кітапхана, 3 оқу шеберханасы бар. Физика, химия, биология кабинеттері зертханалық жұмыстарға арналған құралдармен жабдықталған.
Биылғы оқу жылында 13 сынып комплектісі жұмыс істеуде. Шәкірттерге 42 мұғалім дәріс береді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаздар түрлі деңгейдегі білім жетілдіру курстарынан өтіп, шәкірттерді тәрбие мен білім алуға баулуда жан-жақтылығын танытуда. Бала бойындағы талантын танып, одан әрі ұштастыруға ұйытқы бола білген педагогтардың еңбегі өлшеусіз. Талай түлекті тасқияға өрлетіп, есімін мақтанышпен айтып отырған мұғалімдердің мерейі үстем. Аталған білім ордасынан түлеп ұшқан азаматтар бүгінде ғылым, өнер, денсаулық, білім, тағы басқа салаларда өзіндік із қалдырған және басшылық қызметтерді абыроймен атқарып, ел ықыласына бөленген жандар.
Аталған білім ордасынан талай түлек қияға қанат қағып, биік белестерді бағындырды. Мектептің ғана емес ауылдың мақтанышына айналды. Бізбен әңгіме тиегін ағытқан мектеп директоры Аманбай Орақбай: «Тасқияға өрлеген түлектер қатарында ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Мұқан Нұралиев, ішкі істер саласының қызметкері, полиция майоры Гүлнар Келімбетова, қазіргі ауыл әкімі Нәби Үргенішбай, балабақша меңгерушісі Шаттық Көбеген, дәрігер Қожахмет Қуанғалиев тағы басқа көптеген азаматтар бар. Ғылым, білім саласынан бөлек, өнер әлеміне қанат қаққан әнші, айтыскер ақын, жыршы, қобызшы да шәкірттердің бары кеудеге қуаныш ұялатады. Біз үнемі олардың өнегелі өмір жолын оқушыларға үлгі етіп отырамыз. Болашақтан да зор үміт күтеміз», – дейді.
Ұлағатты ұстаздар тәрбиесін бойына сіңіріп, білім көкжиегіне ұмтылған шәкірттер түрлі сайыстарда шыңдалып, мектеп қоржынын жүлдеге толтыруда. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Ұлы даланың рухани құндылықтары» атты көрме байқауында Гүлнұр Елубаева «Ұлттық ою-өрнек» номинациясы бойынша, бірінші орын иеленді. «Табиғатты аяла» республикалық форумының аудандық кезеңінде география пәнінің мұғалімі Гүлназ Боранбаева баптаған оқушылар екінші орын, «Жас эколог» республикалық қашықтық жобалар байқауында Лаура Салыбекованың оқушысы Ақпейіл Анық бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Мектеп мәртебесін биіктеткендер қатарында Наркен Еркін мен Ақтілек Дінислам да бар. Белсенді оқушылар облыстық ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары. Республикалық «BILGEN BAIGE» ұлттық білім сайысына қатысып, жүлделі орын иеленген бастауыш сынып оқушылары Әсима Әділбек, Дильяра Амангелді, Бірлік Нәби, Ерсұлтан Сағидулла, Жансерік Ерболатұлы, Колғанат Әріпбайдың да алда талай асуды бағындырарына оқытушылар бек сенімді.
Мектеп – білім тірегі, ұстаз оның жүрегі. Ал ұстаздың еселі еңбегінің жемісі ол – шәкірт жетістігі. Бұл ретте ата-ана жауапкершілігінің де орны ерекше. Бұл ретте білім ордасында ұстаз, оқушы, ата-ана арасындағы алтын көпір берік қалыптасқандығын байқауға болады.
– Балаларым 3-4 сынып оқушылары. Сабаққа ынтасы жоғары. Өнерге де қабілеті бар. Білім берумен ғана шектеліп қоймай, бала бойындағы талантын танып, оны ұштай білген ұстаздарға алғысым шексіз, – дейді Күлзат Есмаханова.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА