Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Егемендікпен бірге еңсе көтерген

Егемендікпен бірге еңсе көтерген

Егемендік алған жылдары бой көтеріп, халық игілігіне берілген ғимараттар қатарында білім ордалары да бар. Тоқсан бірде салынған мектептер бүгінде отыз жылдық тарих жинады. Талай шәкірттің қанатын қомдап, қияға самғатты. Ұлағатты ұстаздар ұжымы түрлі белестерді бағындырды.
Халық депутаттары Қазалы аудандық Кеңесі атқару комитетінің қаулысы негізінде 1990-1991 жылдары Әділбек Сарабеков басқарған МПМК-06 мекемесі Қазалы қаласындағы №95 орта мектеп құрылысын салды. Ол 1991 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пайдалануға берілді. Білім ордасы жерлесіміз, әдебиет сыншысы, аудармашы Қалжан Нұрмахановтың есімімен аталды. 864 оқушыға арналған мектепте 1997 жыл Қалжан Нұрмаханов жылы болып жарияланып, мұражай ашылды. 1992-1994 жылдары шағын орталық ашылып, балабақша жұмыс істеген. Кейін оңтайландыру кезінде қаржы жетіспеуіне байланысты жабылып қалған еді. 2009 жылы мектеп жанынан «Еркетай» шағын орталығы қайта ашылып, қазір онда 100 бала тәрбиеленуде.1991 жылдан 1999 жылға дейін мектепті ҚР Білім беру ісінің үздігі Оңталап Романов басқарды. 1999 – 2006 жылдар аралығында ҚР Білім беру ісінің үздігі Нұрлыбек Есбосынов, 2006-2008 жылдары ҚР Білім Министрлігінің «Құрмет» грамотасының иегері Ғабит Сағидуллаев басшылық етті. 2008 жылдың қаңтар айынан бері білікті ұстаз Оңталап Маханбетов басшылық қызметте.
Педагогикалық ұжымы жас ұрпаққа жан-жақты білім мен тәрбие беріп, талай шәкіртті ұясынан ұшырып, аянбай еңбек етіп келеді. Білім мен өнерді қатар ұштастырған киелі білім ордасы алдағы күннің талабына сай зор міндеттерді орындауды мақсат етеді. Қазіргі таңда 52 мұғалім жұмыс істейді. Олардың жетеуі педагог-зерттеуші, он бесі педагог – сарапшы, он алтысы педагог-модератор, екеуі бірінші, біреуі екінші санатты. Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектеп ұжымы жыл сайын жоғары жетістіктерге жетіп, оқу жылын табысты қорытындылап келеді. «Білім.Тәрбие.Құндылық» атты педагог қызметкерлердің республикалық І съезіне мектеп мұғалімдерінің белсенділікпен қатысқаны үшін мектеп басшысы мен ұжым «Өркениет» Қазақстан Республикасы педагогтарының біліктілігін арттыру және қайта даярлау әдістемелік орталығының «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті мен талапкерлер арасында байланыстырушы көпір бола білгені әрі кәсіби бағдар беру жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін мектеп директорының бағдарлы оқыту ісі жөніндегі орынбасары Ляйла Дәстенова оқу орны ректорының Алғыс хатымен марапатталды. «Әлеуметтік педагог жұмысының өзектілігі мен негізгі бағыттары» атты облыстық вебинарда «Өмірдің қиын жағдайына тап болған отбасымен жүргізілетін жұмыс» тақырыбында жұмыс көрсеткені үшін мектептің әлеуметтік педагогы Гүлбану Омарова Алғыс хат пен сертификат иеленді. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Ержанова, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жаңабек Көпенов, әлеуметтік педагог Гүлбану Омарова Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің төсбелгісімен марапатталды. Аудандық «Үздік дінтану пәнінің мұғалімі – 2021» байқауында дінтану пәнінің мұғалімі Жаңабек Көпенов үшінші, аудандық «Үздік психолог – 2021» байқауында мектеп психологі Дамира Аққоянова екінші орын иеленді. Аудандық «Үздік жас маман – 2021» сайысында жас маман Бауыржан Қауымбай екінші орынға лайық деп танылды. «Арт – терапия арқылы психоэмоциялық саулықты реттеудегі маңызы» атты облыстық семинарда «Ойын терапиясы арқылы балалардың танымдық процестерін дамыту» тақырыбында жұмыс көрсеткені Дамира Аққоянова Алғыс хат пен сертификат иеленді.
– 2020-2021 оқу жылы біз үшін айтарлықтай табысты болды. Мектеп бітірген он шәкірттің 8-і грант негізінде оқуға түсті. Екі түлегіміз ақылы бөлімде жоғары білім алуда. Елдос Меңдуахас «Алтын белгі» иегері атанды.
Биылғы оқу жылында Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігі Қызылорда облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының Қызылорда облысының оқу орындары арасында «Біз есірткісіз өмірді қалаймыз!» ұранымен өткізілген дабылқағушылар топтарының сайысында шәкірттеріміз жеңімпаз атанып арнайы бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды, – деген мектеп басшысы ұжым болып әлі талай белесті бағындыратындарына бек сенімді.
***
Қазалы ауданынан Шығысқа қарай 57 шақырым жерде орналасқан кең алқапты түбекте 1942 жылдары жиырма шақты отбасы болған. Осы жылдың қысында Ақтөбе облысынан 5 ат, 30 сиыр, 6011 ақ қойды, 35 отбасын оңтүстікке көшіру кезінде, қыс өте қатты суық болып, әрі қарай малды айдап жүруге мүмкіндік болмай, «Кеңтүп» елді мекеніне келіп қыстап, мекендеп қалады. 1943 жылы «Кеңтүп» елді мекенімен бірігіп «Қазалы қой совхозы» болып құрылды. Совхоз орталығында «Кеңтүп» елді мекенінде халықты тұрақтандыру мақсатында 1947 жылы КССР министрлер советінің Оңтүстік Қазақстан өлкесі Қызылорда облысы, Қазалы сохозы орталығынан бастауыш мектебін ашу туралы қаулысы шығып, алғашқы мектеп 1947 жылы салынды. 1947 жылдан 1951 жылға дейін жер атауына байланысты «Кеңтүп» бастауыш мектебі болып аталды. Бастауыш мектеп ғимараты төрт бөлмелі болып, 37 бала оқыды. Сабақ беретін мұғалімдер саны 6-ға жетті. Ауылда мектеп жасындағы бала көбейіп, жергілікті тұрғындарының көмегімен қолдан кесек басып, мектеп жанынан тағы бір ғимарат бой көтерді. 1951-52 оқу жылында «Кеңтүп» бастауыш мектебі 7 жылдық мектеп болып ашылды. Мектеп екі ғимараттан тұрды. Оқушылар 72-ге, мұғалімдер 13-ке жетті. 1953-1954 оқу жылында 8 жылдық мектеп болып ашылды. Әр жыл сайын білім алушылар саны артып отырды. 1960-1961 оқу жылында 10 жылдық №100 «Кеңтүп» орта мектебі болды. 1962-1967 жылдар аралығында мектеп ауласын көгалдандыру мақсатында оқушылар мен ұстаздар күшімен үлкен спорт зал салынды. Төрт сынып бөлмесінен тұратын қосымша құрылыс бой көтеріп, мектептің материалдық-техникалық оқу базасы ұлғайды. 1963-1964 оқу жылында аудандық спорт мектебінің «Еркін күрестен» алғаш рет филиалы ашылды. Совхоз орталығынан алыс елді мекенде тұратын малшылардың балдарын оқумен қамтамасыз ету үшін 50 балаға арналған мектеп жанынан интернат үйі салынды. Бертін келе 11 жылдық №100 «Кеңтүп» орта мектебі болып құрылды. Осы жылдары мектепте бастауыш орыс сыныптары ашылып, орыс, татар, башқұрт, тағы басқа ұлт өкілдерінің балдары оқи бастады. 1989-1999 оқу жылынан бастап осы уақытқа дейін 11 жылдық №100 орта мектебі аталып келеді.
Тәуелсіздік алған 1991 жылы мектеп ауласынан жаңа үлгідегі 704 орындық үш қабатты мектеп ғимараты салынып, 1992-1993 оқу жылында пайдалануға берілді. 2008-2009 оқу жылында мектеп ғимаратының бірінші қабатынан 50 орындық интернат үйі ашылды. Білім ошағында 210 оқушы оқиды. Шәкірттерге тәрбие мен білім беретін отыз алты ұстаз бар. Өткен оқу жлында мектеп бітірген 14 түлектің 5-уі жоғары оқу орнында грант негізінде білім алып жатыр. Арнаулы оқу орнында екеуі мамандық игеруде. Ақылы негізде бес бала жоғары, бір бала арнаулы орта білім алуда. Біреуі жұмысқа орналасқан.
– Мектептің тарихы – тереңде. Бірнеше даму сатысын өткердік. Заман талабына сай шәкірттердің жан-жақты білімді болып өсуіне ұжым аянбай атсалысып келеді. Тәуелсіз елдің талапты ұл-қызын тәрбиелеуде ортақ мақсат жолында тер төгеміз, – дейді мектеп директоры Руслан Қаржаубаев.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

16 желтоқсан 2021 ж. 595 0

Күнде лимон жесе не болады?

01 желтоқсан 2024 ж. 82

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031