Білімді ұрпақ – білікті ұстаздан
Бозкөлдегі №96 білім беру ордасы Қарасақал Ерімбет атымен аталады. Мектеп басшысының айтуынша, 1934 жылдан бастап, қазіргі ауыл территориясында алғашқы бастауыш мектептер ашыла бастайды. «Жаңабақыт», «Қайықжол», «Қаракөл» колхоздарында бастауыш мектептерінде шәкірттер тәрбиеленген. «Жаңабақыт» мектебіне Коммунизм балалары, «Қайықжол» мектебіне Астаукөл балалары, «Қаракөл» мектебіне Кәукей, Жыңғылдыкөл, Қаратерең балалары жаяу қатынап оқыған.
1937 жылы қаңтарда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Пленумындағы әрбір ауданда қазақ немесе орыс орта мектебін ашу жөніндегі арнайы шешімге орай, 1940 жылы «Дзержинский» және «Коммунизм» атындағы колхоздарда бастауыш, Андреев колхозында 7 жылдық, Сталин колхозында 10 жылдық мектеп ашылды. Бірақ 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан жедел дамып келе жатқан мектептер жүйелі қысқартылып қалады. Көптеген оқытушылар Ұлы Отан соғысына кетіп, мектептерді жабдықтауға қаржылар да жетіспейді.
Бірнше жылдан кейін 1957 жылы ақпанда Андреев, «Коммунизм» колхоздары бірігіп «Бозкөл» совхозы қайта құрылды. Осы тұста «Бозкөл» совхозының орталығынан 8 жылдық мектеп ашылды. 1965 – 1966 оқу жылында «Бозкөл» 8 жылдық мектебі №96 «Бозкөл» қазақ орта мектебі болып қайта құрылды. 1966 – 1967 оқу жылында орта мектептен 24 түлек алғаш рет аттестат алды.
1984 жылы сәуірде КПСС Орталық Комитеті мен СССР Жоғарғы Советі мақұлдаған «Жалпы білім беретін және кәсіптік мектеп реформасының негізгі бағыттары» жарияланды. Онда оқушыларды 6 жастан бастап қабылдап, 11 жылдан аяқтау көзделген. Революцияға дейін Қазақстанда жоғары білім алған тек 22 қазақ болса, бір ғана Бозкөл мектебінде 1986 – 1987 оқу жылында 41 мұғалім еңбек етті. Оның 24-і жоғары, 12-сі арнаулы орта, 5-уі орта білімді мұғалімдер еді. 1989 жылы тамызда жаңа типті 624 орындықты мектеп пайдалануға берілді. Ал 1996 жылдың сәуір айынан бастап білім ордасына сыр сүлейі Қарасақал Ерімбет Көлдейбекұлы атағы берілді.
Әр жылдардағы мектепті Дәстен Мысаев, Әбілқасым Қайыпназаров, Түгелбай Оңдасов, Әбдіжами Сәрсенов, Жанұзақ Келімбетов, Бекқожа Қаюпов, Қуаныш Көмекбаев, Құттыбай Аханов сынды білікті басшылар басқарды. Қазіргі таңдағы мектеп директоры Мархабат Қаниев іскерлігі мен ізеттілігінің арқасында ұжымды бір арнада тоғыстырып, ұйымшылдықтың үлгісін танытып отыр.
Мектеп тарихында аты көпке танылып, білім беру саласында еселі еңбек еткен мұғалімдер жетерлік. Олардың әрбірі өз уақытында ескерусіз қалмады. Атап айтар болсақ, Әлмәмбет Ілиясов «ҚССР еңбек сіңірген мұғалім», Дәстен Мысаев «Лениннің 100 жылдық», Абылай Қасымов «ҚССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», Құлназар Жабағиев «Үздік еңбегі үшін» және «ҚССР халыққа білім беру министрлігі» құрмет грамотасы, Әбдіжами Сәрсенов «Лениннің 100 жылдық» және «ҚССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», Түгелбай Оңдасов «ҚССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталған. Бұдан бөлек «Еңбектегі үздік шыққаны үшін» белгісімен Жаңаберген Якияев, «Халық ағарту ісінің озаты» белгісімен Айнаш Байманова наградталған. Ал Сахит Жаленов ұстаз «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «10 жылдықтың озаты» белгісімен қатар «ҚССР халыққа білім беру министрлігі» құрмет грамотасын алған. «ҚССР халыққа білім беру министрлігі» құрмет грамотасына лайықтылардың қатарында Сареш Сейілов да бар. Бибісара Қожақова «ҚССР оқу ағарту ісінің үздігі» болды. «10 жылдықтың озаты» атанған Бағдагүл Сейітжанова Қазақстан білім министрлігі. Құрмет грамотасында иеленген.
Білім министрлігінің Алғыс хатымен Рита Жалғасбаева және Жанат Қани марапатталған. «Педагогика саласының үздік қызметкері» төсбелгісін Бағдагүл Сейітжанова, Жәния Жалғасбаева, Айымсұлу Балқиева, Қаракөз Өміртай кеудесіне тақты.
Мектеп мұғалімдері үнемі ізденіс үстінде жүріп, шәкірттерге жан-жақты білім беруге күш жұмсайды. Сондай жандардың бірі – Ләззат Әбіхалықова. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін 32 жылдық тәжірбиесі бар ұстаз дайындаған оқушылар аудандық, облыстық, тіпті халықаралық деңгейдегі сайыстарда бақ сынап жүр. Қазақстан Педагогикалық академиясының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ләззат Алтынбекқызы әлі талай шәкіртті шыңға шығарарына әріптестерінің сенімі мол.
– Әр жылдары мектеп түлектері алтын белгіге бітіріп, білім ордасы мен ұстаздар мәртебесін биіктетіп келеді. Олардың қатарында Айнагүл Сисенова, Шаттық Шындалы, Ақерке Талғат, Аружан Асылханова, Салтанат Асамадин, Назым Қараман және Аққу Шапай бар.
Басты мақсат – ел ертеңі болар ұрпақ тәрбиелеу. Осы жолда әріптеср аянбай еңбек етіп келеді. Тәрбие мен білімді тел беретін ордада оқушылардың қоғам үшін қажетті азамат болып қалыптасуына күш салуға міндеттіміз, – дейді мектеп директоры Мархабат Қаниев.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА