Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Немере несімен бөлек?

Немере несімен бөлек?

Қандай халықтың болсын, ұрпақ тәрбиесінде айнымас дағдысы, өзіндік ділі қалыптасқан. Ел ертеңіне бейжай қарамаған қазақ отбасындағы әрбір мүшенің қалыптасу жолы мен дамуына айрықша назар аударған. Ұлттық ұғыммен сусындатып, болашақ иесін есті етіп тәбиелеуге отбасынан бастап, жақын-жуық, көрші-қолаң, қала берді қоғам болып атсалысқан. Олардың арасында айрықша орны бар немере туралы біздегі көзқарас мүлдем бөлек. Баласынан өрбіген, үлкендер бауырына басып, еркелете отырып адамдыққа тәрбиелейтін немере деген кім? Олар неге меншіктеледі? Немереге өзге халықтар да солай емірене ме? Бұл сұрақтарды әр салада еңбек етіп, бүгінде құрмет төрінен табылып отырған жандарға бағыттадық.

Құдайберген Есекей,
заң саласының ардагері:
– Кейбір үлкендердің немере мен жиенді айыра алмай жататыны, тіптен жиенді немере деп атайтындар да бар. Дұрысы, немере – ұлыңның баласы. Ұл болсын, қыз болсын, өміріңнің жалғасы. Сондықтан да олармен қарым-қатынас кезінде әрбір ата мен әже Хакім Абайдың: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап,татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады», – деген сөзін естен шығармауы керек.
Нендей тылсым екені белгісіз, немерені өз балаңнан артық көресің. Әлде өз балаң есейіп кеткен себепті көрінеді ме екен... Жоғарыдағы сөзді ескере отырып, немерені жақсы көруді жалаң еркелетумен емес, ой-санасын оятумен астастырған дұрыс-ау деген ойда қаламын. Әке–шешесі де баласын жек көрмейді. Бірақ қазіргі заманда олардың баланы ұдайы еркелетуге, ой-өрісін оятуға мүмкіндіктері де болмай жатады. Осындайда немерені теледидарға телміртіп, ұялы телефонға үңілтпей, еркелетіп, есті әңгімеге үйір ету ата-әженің міндеті деп білемін.
Біздің отбасымызда немеремен етене араласатын әжесі Айшагүл бүлдіршіндердің тілі шыққаннан тақпақтар жаттатып, еліміздің Гимнін үйретеді. Ертегі айтып беріп, оқу жасына жеткенде сабағына жәрдемдесіп, жазу мен оқуға машықтандырады. Мен немерелермен дойбы ойнап, газет, балаларға арналған кітаптарды оқытқанды ұнатамын. Бір өкініштісі, қазіргі кішкентайлардың кітаптарының безендірілуі жақсы болғанымен, мазмұны өте күрделі. Сондықтан Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар оқылық» атты кітабындағы қысқа әңгімелерімен таныстырып жүрмін. Ауырлауын өзім оқып беріп, не түсінгенін сұрап отырамын. Себебі немере атадан алған өнегесі мен ілімімен озық тұрады.
Есейіп кеткен немерелердің атасы мен әжесін туған ұлынан бетер бағып отырғандарын да көріп жүрміз.
Біз үшін немерелер былдырлаған тілі, шырқаған әні, қуана құшақтаған риясыз пейілі, үйді толтырып, өмірімізді жалғар ізімен ерекше. Тек осы қымбатымызды тәрбиелеуде олқылықтар жіберіп, өзіміз қолымыздан арзандатып алмасақ екен.

Сәуле Қожантай,
ҚР Білім беру ісінің үздігі:
– Кішкентай кезімізде кейбір кейуаналардың немерелерін қыз­ғыш­тай қорып жатқан күйін көріп, «Неге олай етеді екен?» деген ойда қалатынмын. Қазір салмақтап отырсам, ол кісілердің бұл амалында үлкен астар жатыр екен. Өмірлік тәжірибесі толысқан мұндай жандар кішкентайларды кісілікке баулып, болашағына бағыт сілтеуші қызметін атқарады.
Немере адам баласы үшін тәттілігімен, табиғи тазалығымен, ұнамды қылығымен, өзекті жарып шыққан ұл-қызыңның жалғастылығымен құнды. Қазақ адамның санын айтпайды. Бірақ Алланың берген әзірге осы жеті қуанышымен өмірін ұзартқандардың бірі өзіміз. Ұзақ уақыт ұрпақ тәрбиесімен айналысып, өмірге ұл-қыз әкелсем де, немереге деген сезімді олармен салыстыруға мүлде келмейді. Әрбірінің жеңісі, жемісін көргенде текке ғұмыр сүрмегеніңді сезінесің.

Есенгелді Мәли,
ауылшаруашылығы саласының ардагері:

– Адамзат баласы заңның емес, салт-дәстүр ықпалына иек артқанда ғана бақытты өмір басталады, бірлігі мығым ел түзіледі. Отбасы құндылығы ата-әже, әке-шеше, бала, немерелердің мызғымас, өшпейтұғын ауызбіршілігі – өткенді жоғалтпай, жеткізуінде жатыр. Немереге лайықты тәрбие беру – бізге жеткен бабалардың тағылымдық жолы.
Тағдыр бізді анадан жастай айырып, тіршілік қамытын өзгелерден бұрынырақ кигізді. Есесіне әр қиындықтың соңында жақсылығы болатындай, ерте немере сүйдік, шөбере қолынан май жаладық. Қазір тоғыз ұл-қыздан жиырма төрт немере, бес шөбереміз бар.
Балаңның, сенің кішкентай кезіңдегі қылығыңды көз алдыңа келтіретін немерені, шөберені қалай жақсы көрмейсің... Кемістік кетсе, күйінесің, жетістікке қол жеткізсе, сүйінесің.
Үлкен немерем Жансая әжесі екеуіміздің қолымызда болып, кейіннен әке-шешесіне көндікпей жүргені бар. Қазір ҚазМУ-дың филология факультетін бітіріп отыр.
Шөбереміздің бірі, 6 жасар Айерке атақты сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаеваның талантты шәкірттерінің біріне айналған. Ол Бішкек қаласында өткен Халықаралық мәнерлеп сырғанаушылардың жарысында қола медальға қол жеткізді. Осындай қуанышымен сүйсіндіріп келеді. Немере-шөберенің бәрі бірдей. Әрқайсысы әр жерде тұрғанымен, бәрін сағынып тұрамыз. Олардың да көңілі бізде. Бір-бірінен бөле-жара қарауға келмейді.
Біз сияқты ата әжелердің негізгі міндеті – кішкентай бауырларды бір-бірімен жақындатып, кездестіріп, ағайынды тануға, кімнің кім екенін жете білуге дағдыландыру.

Жеткербай Әбдіров,
«Асыл-Ғани» ЖШС бас есепшісі:

– Әлем халықтарының арасында Шығыс жұрты өзінен өрбіген ұрпақ жалғасы – немересін үлкен үмітпен күтеді. Соның ішінде қазақтың үрдісі бөлек. Бала күнімізде қариялар мен кейуаналардың: «Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер», – деп тілек тілеп отыратынына талай куә болғанбыз. Бұған қоса олар адам баласының әдемі қартая білуінің өзі баға жетпес бақыт екенін сөздерімен де, істерімен де ұғындыра білетін.
«Ұлың – ырысың, қызың – өрісің» дегендей, зайыбым Күлжахан Сарбалаева екеуімізден өрбіген үш перзенттен бүгінгі күні балдай тәтті немере сүйіп отырған жайымыз бар. Әрбірі өзінше бөлек. Жетістікке жетсе, риясыз қуанамыз. Үмітіміз еселене түседі. Солардың арасында Айгүл деген марқұм болған қызымның тұяғы – Аия Сердалы деген жиеніміз республикалық орындаушылар байқауында бақ сынап, аудан даңқын асқақтатып жүр. Өзгелері де құр алақан емес. Олардың қандай сында сыналса да, тақымын қысып, тілегін тілеп отыратын ата-әже болуды бұйырған бақ, еселенген еңбекке санаймын.
Айта кетейін дегенім, дәстүрімізде үлкен немере ата-әженің баласы, сондай-ақ қарашаңырақтың кенжесіне баланады. Олар ата-анасынан «алыстап» өседі. Меніңше, бұның пайдалы да зиянды жағы бар. Соны екши білу маңызды.

Даража Қапар,
Ақжона ауылдық округінің маманы:

– Немере сөзі айтылғанда көңілім ерекше толқынысқа бөленеді. Балаларыңды бағып, жетілдіргеннен кейін олардың жемісі – немере сүюді қаламайтын қазақ жоқ деп білемін. Алғаш жиендерім дүниеге келді. Кішкентай қылықтылар түрлі әрекетімен жақсы көргізбеске қоймайды. Соларды қызықтап жүргенде немерелерім дүние есігін ашты. Сол кездегі сезімді айтып жеткізу оңай емес. Әлі есімде, ұлымның тұңғышын қолыма алғанымда, өзімді әлемдегі ең бақытты, ешқандай арманы жоқ адамдар қатарына қостым. Қазір жұмыс күндері аяқталғанша, үйге жетуге асығып тұрамын. Қос немерем үлкен үйдегі ата-анасының, ата-әжесінің тәрбиесіне тел қанығып өсуде. Өмір нәсіп етсе, шөбере сүюден үмітіміз бар.
Қазір «басым бәлеге қалады» деп немере жауапкершілігін келін мен ұлға беріп, өздері тыныштықты қалайтын құрбы-құрдастарымыз да кездеседі. Оларды немерелерінің жақсы көруі мүмкін емес деп ойлаймын. Тіпті жылдар өте келе ата-әжесін еске алуды ұмытатындар осындай балалардан шығады деп ойлаймын. Бала барлығын біледі. Өзін барынша мейірлене құшып, құшырлана иіскеп отырған жанды неге жек көрсін?..
Сондықтан барлық адам осындай немере қызығымен сүйсінсін деген тілек айтқым келеді.

Бибігүл Күзембаева,
кітапханашы:
– Немеренің әрбір адам үшін маңызы бөлек, орны ерек. Бұрындары балалар әке-шешесін біліп тұрса да, жөн сұрағандарға «атамның баласымын», «әжемнің баласымын» дейтін. Бұл да әдемі жарастықтың үлгісі.
«Көп баланың ортасында жүрген қария бала болады, көп қарияның арасында өскен бала дана болады» демей ме халық нақылы. Үлкендер арасынан бала есті сөз естиді. Құймақұлақ болып өседі. Бала жасындағыны ұмытпайды. Бірақ өзімсініп, оны бөлектеп өсіріп, туған ата-анасына былапыт сөздер айтқызып, жамандап отыратындар да бар. Ондайларды көргенде ата-анасының өзі тәрбиелегені жөн бе деген ойда қаласың. Ата-әжесінің баласы болу дұрыс. Алайда оның да өз жауапкершілігі бар. Бала өсіп-жетілген кезде, қалыптасу жолында ата-әжесі көп қасында бола бермейді Олар бөлек шықса, немесе қариялар өмірден өтсе, «екі жақ» болып қалатын жағдайлар да жиі кездеседі. Мұндайда жасөспірім өз ата-анасының тәрбиесіне көндіге алмайды, тым еркінсіткеннің зардабын тартады. Сондықтан үйдегі адамдардың барлығы бала тәрбиесіне бірдей атсалысуы керек.
Әрбір адам бала сүюден, немере күтуден үмітті болса, өзін өмір бойы тәрбиелегені жөн. Оларға үлгі болу үшін ізденісін арттырып, өмірден көкірегіне көп нәрсе түюге дағдыланғаны дұрыс. Сол кезде ғана абыройыңды асқақтатар, ұлттың көшін тәрбиелеуге атсалыса аламыз.

P/S. Немере – қос тарапты бір-бірімен жалғайтын алтын тін. Оған немқұрайлы қарау, сүйекке таңба, атқа сыз деп білген қазақ, ұрпағының ұлықты болуы үшін бар күш-жігерін жұмылдырған. Немере үшін де ата-әженің орны ерекше. Халқымыздың танымал тұлғалары Бауыржан Момышұлы, жазушы Бердібек Соқпақбаев, эстрада жұлдыздары Саят Медеуов, Мейрамбек Бесбаев, Роза Әлқожа – ата-әжесінің балалары. Бұл жандарды тәрбиелеген ата-әжелер де, әке-шешелер де ұтылған жоқ. Ұтты, ұлт абыройының асқақтауына атсалысты, өнерін өркендетуге өлшеусіз үлес қосты. Қазақ баласының ерте бастан даналыққа бой ұруының басты себебі отбасындағы ата-әжелер институтынан алған тәліміне тікелей байланыстылығына бұлар анық айғақ. «Балам – балым, немерем – жаным» деген жұрттың өзінің ізін жалғап, өркенін өрістететін тәлімі – халықтық педагогиканың теңдесіз жетістігі, өлшеусіз өресі.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
15 шілде 2019 ж. 8 279 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 88

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930