Балабақша байырғы тәрбиені бере ала ма?
Қазақтың біртуар азаматы Бауыржан Момышұлы: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Ең алдымен, балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Дәмді, дәстүрді білмейтін балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке-шеше жоқ», – деген екен. Тарихқа үңілсек, тар жол, тайғақ кешулерге қарамастан, қазақ ұлттық дәстүрін ұмытпай, ұрпағына ұлағатты тәрбие бере білген. Тұла бойы тұңғышын «атасы мен әжесінің баласы» деп есептеп, солардың бауырына басатын ұлт қазақ қана. Дегенмен, данагөй ата мен әже баланы ешқашан өзінің әке-шешесінен алыстатпай, оларды құрметтеуді міндеттеп, дұрыс тәрбие беріп отырған. Бүгінгі күні осы құндылықтарымыз тамырынан ажырап барады. Өйткені сәбиін әлдилейтін ана ғана емес, немересін ертегімен өсіріп, еміренетін әжелер азайды. Бір отбасының, бүкіл ұлттың болашағы балаларды тәрбиелеу жауапкершілігін балабақшаға артып қойған сияқтымыз. Алайда ата-әженің орнын балабақша баса ала ма? Осы сұрақ төңірегінде ата-ана мен жауапты мамандардың пікірлерін сұраған едік.
Гүлбаршын Рахманқызы, ана:
Бірақ мұнда берілетін тәрбие ата-әженің тәліміне балама бола алмас. Құдайға шүкір, балаларымның қос ата-әжесі бар. Бақшадан тыс кезде ата-әжесімен бірге уақыт өткізгенді жақсы көреді. Ата мен әженің тәрбиесін алған бала үлкенге бірінші барып амандасуды, сөзін бөлмеу керектігін біледі. Қазіргі заманға сай ата-әжелер жұмыс істеп, сүйікті ісімен айналысуы мүмкін. Немесе денсаулықтарына қарап, өзіне уақыт бөлуді қаласа да, жас ана ретінде оны қолдаймын, қарсылық білдірмеймін. Дегенмен сәбиді азамат етіп тәрбиелеуде ақ жаулықты әжелер мектебінің еңбегі орасан екенін айтуға тиіспіз.
Сая Қасымбек, драматург (Жеке парақшасынан алынды):
Бір мысал айтайын, жақында өзіме арнап тіккен көйлектен артылған кішкене мата қиындысынан гүл жасап, иығыма тағып көрдім. Оны байқап, қарап тұрған немеремнен: «Қалай, әдемі ме?» – деп сұрадым. Ол: «Иә, әдемі» – деп жауап берді. Егер оны отырғызып қойып, «Мынаны қара, осылай істе!» деп үйрете бастасаң, мән бермес еді. Сондықтан тәрбиелеу керек деп есіңе түскенде, қажет болғанда ғана емес, бала мен немереге күнделікті, ағымды түрде тәрбие беру керек. Балабақша әженің тәрбиесін бере алмайды. Бірақ балаға да, немереге де өнегелі болу үшін, алдымен, ата-ананың өзін тәрбиелеу керек.
Нұргүл Жәниет, Баишев университетінің оқытушысы:
Сонымен қатар қазір балабақшаларда тілі кеш шығып келе жатқан не сөйлемейтін баламен логопед мұғалім жеке жұмыс жасайды. Психолог, тәрбиешілердің арқасында ортақ тәртіпке үйреніп, өз ойын, қалауын ашық білдіретін болады. Түрлі ойындар мен іс-шаралар барысында өзінің қабілетін танытып, талантының алғашқы ұшқынын көрсетеді. Сондықтан баланың жеке тұлға болып қалыптасуына балабақшаның әсері мол.
Ал ата-әже тәрбиесін ештеңе ауыстыра алмас. Бірақ қоғамға, заманға қарай тәрбие құндылығы да өзгеріске түсуде. «Баланы тәрбиелегің келсе, алдымен өзіңді тәрбиеле» деген нақыл еріксіз еске түседі. Қай кезде де сөз емес, іс-әрекет балаға үлгі екенін ұмытпайық.
Мағрипа Сүндетова, Батыр ана:
– Ата-әжесінен немесе балабақшадан тәрбиеленген баланың үлкен айырмашылығы бар. Ата-әжені көрген бала қай жерде қалай сөйлеуді біліп, салмақты болып өседі. Ал балабақшаға барған бала бұл жағынан кешірек жетіледі. «Тәрбие тал бесіктен» деген сөздің мәнісі осында жатыр. Отбасындағы берілген тәрбие, тәлім өмір бойы балаға азық болып, тұлға болуына септігін тигізеді.
Ал бала балабақшада белгілі бір сағаттарда ғана болады. Мұнда олар тәртіпке бағынуды үйренеді, үйдегідей көп еркелік жасамайды, балалармен бірігуді, бөлісуді үйренеді. Әже тәрбиесі туғаннан бастап үздіксіз жалғасып, күндіз-түні беріледі. Сондықтан ұлттық тәлімге бекіген ата-әже тәрбиесін ешқандай мектеп, балабақша алмастыра алмайды.
Дина БӨКЕБАЙ