Әже әлпеші – тәрбие кеніші

Қазір әже мектебі өз болмысын әлсіретіп алғандай. Заман талабы ма, кім білсін, әйтеуір ғаламды шарпыған жаһандану ұлттық тәрбиеге әу бастан-ақ өзінің кесірін көрсеткен. Сол себепті бүгінгі әжелердің бұрынғы әжелермен салыстырғанда өмір сүру қалпы, тәрбиеге ден қоюы жағынан барлығы өзгерген.
– Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын...» деген екен.
Сол қайсар батырдың болжамы бүгінгі күні орындалып отыр. Рас қорқу қажет. Себебі, әже мен ата мектебінен тәлім алмаған бала ескіні ұмытып, қазіргінің ағымымен кетеді.
Жалпы көргені мен өмірден түйгені көп көнекөз қарияларымыз тәрбиенің нәрін бала бойына сіңіре білген. Ибалылық пен имандылық та сол ортадан даритын. Әже тәрбиесі арқылы бала жақсы мен жаманды ажыратып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйренеді. Әдетте оны алған баланы жұрт «тәрбиелі бала», «көргенді бала» деп баға беріп жатады. Өйткені әженің мейірімі мен шапағатына бөлене отырып бала мінез-құлық, тіл, діл, жалпы рухани тәрбие алады. Сонымен қатар елгезек, үй шаруасына бейім, мейірімді, адал болып өседі, – дейді Данияр Шейхисламов.
Әрбір әже тәрбиесін алған жанның үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие арқылы ғана еліне, жеріне, Отанға деген сүйіспеншілік сезім орнығады. Ал отбасындағы басты құндылық ұлттық тәрбие деуге болады. Оның дәнін себуші жандардың бірі – әжелер екені даусыз. Тұла бойы тұңғышын атасы мен әжесінің тәрбиесіне беріп, «атасы мен әжесінің баласы» деп есептеп, солардың бауырына басатын жалғыз ұлт қазақ қана. Атасы мен әжесі бауырына басып, меншіктеп алған баланы «менің балам» деп тіпті өзінің ата-анасы да айтпаған. Бұл әке мен баланың, ене мен келіннің арасындағы сыйластықтың да бір белгісі іспеттес.
Қазіргі әже бала тәрбиесінен гөрі жан тыныштығын көбірек қалайды. Ақыл айтып, ертегі оқып әуре-сарсаңға түскенді құптамайды. Осыдан соң қатыгез, мейірім мен адами құндылықтардан ада ұрпақ өсіп-өнетіні айдан анық. Тіпті сол ұрпақ ата-анаға деген құрметтен жұрдай болып өседі. Ал ата-ананы қадірлемеу, сыйламаудың да арты неге апарып соғатынын өзіңіз-ақ болжай беріңіз.
Бүгінде ертегі тыңдап, жыр-дастанмен сусындап жүрген бала саусақпен санарлықтай ғана. Алайда «әже әлдиін тыңдап өскен ұрпақтың соңғы буыны да солар бола ма?» деген ой да жоқ емес. Себебі армандарға жетелеп, алысқа қол создыратын әже әңгімелерінің орнын теледидар мен ғаламтор алмастырды. Бірақ тәрбие кешіктіруді кешірмейтін, қателікке бой алдыруды көтермейтін іс. Ендеше кеш болмай тұрғанда бала тәрбиесіне жауапкершілікпен мән беріп, ел ертеңінің еңселі болуына бүгіннен атсалысып, бесіктегі тәрбиенің жайын түзейік. Сол бесікті тербетіп, «әлдилеп» ән айтатын, сол әуен арқылы өз ұлтының ұлылығын ұрпақ санасына сіңіретін, тілі мен ділін дарытатын қазақы тәрбиенің бастауы – әжелер мектебі.
Серік АҚМЫРЗА