Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыш өнерін өрістеткен өрендер

Қыш өнерін өрістеткен өрендер

Бала тәрбиесi – өзекті мәселе. Қазіргі таңда шәкірттерді жан-жақты дамыту мақсатында мектептерде түрлі үйірме жұмысы жолға қойылған. Мәселен, Қазалы қаласындағы М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейде 35 үйірме бар. Оған мектептегі жоғары сыныптардан 607 оқушы тартылған. Соның ішіндегі «Қыш құмыра» үйірмесінің жұмысымен танысып, жас қолөнер шеберлерінің туындыларына куә болдық.
алімі Тілектес Көпжасаров. Жиырма жылға жуық жұмыс тәжірибесі бар ол ер балаларға ағаш пен темірден тұрмысқа қажетті бұйымдар және түрлі макет дайындауды үйретеді. Сондай-ақ заман талабына сай робот жасап шығаруды да қолға алған. Ерекше атап өтер жайт «Қыш құмыра» үйірмесінің мүшелері саз балшықтан қыш ыдыстар жасайды. Бұйымға қажетті саз топырақты Қуаң бойынан арнайы барып әкеледі екен. «Бұндай саз топырақ Қазақстан бойынша Шымкент және Талдықорған өңірінде ғана кездеседі. Бала күнімде үлкендерден Қуаңдария жағасында саздың сапалы түрі барын еститінмін. Арнайы іздеп барып, таптым. Қазір сол топырақтан балаларға қыш ыдыстар жасауды үйретудеміз. Алдымен сазды он күн жібітеміз. Одан кейін целлофанда 20 күн сақтаймыз. Бұдан соң саз топырақ қоюланып, иленеді әрі түрлі бейне жасауға икемделеді. Топырақты біріктіріп, нығайтып ұстап тұру үшін қоғаның үпілдірігін араластырамыз» – дейді үйірме жетекшісі.
«Үлгісі көптің өрнегі көп, өрнегі көптің ермегі көп» деп халық тәмсілінде айтылғандай бұл үйірменің берері мол, жеткен жетістіктері де аз емес. Үйірме мүшесі мектеп-лицейдің түлегі Оңталап Сырлыбай «Зерде» республикалық ғылыми жобалар байқауының аудандық кезеңінде «Этномәдениеттану» бөлімі бойынша жүлделі бірінші орынды жеңіп алған. Ол жетекшісі Тілектес Көпжасаровпен «Баламалы энергетика – болашақ бастауы» атты жобаның макетін дайындаған. Түрлі аудандық, облыстық тіпті республикалық деңгейдегі байқауларда да шебер қолды шәкірттер бақ сынап жүр. Олардың қатарында республикалық «Алтын қазына» көркем және сәндік-қолданбалы өнер балалар шығармашылық байқауының бірінші орын иегері 8 «б» сынып оқушысы Мерей Нұржан да бар.
– Үйірмеге 30 оқушы келеді. Олар 5 сыныптан бастап қабылданады. Балалардың көпшілігі саз балшықтан ыдыс дайындауға қызығады. Үйірме жұмысы сенбі күні түске дейін жүреді. Алайда, сабақтан тыс уақытта балалардың: «Ағай, шеберханаға барайықшы» деп келіп тұрғанын жиі байқаймын. Бізді оқушылардың осындай ынтасы қатты қуантады, – дейді үйірме жұмыстарын ұйымдастырып, оқушылардың белсенділігін арттыруға атсалысып жүрген мектептің косымша білім беру педагогы Ғалия Нұрсейітова.
Расында шәкірттердің қыш ыдыстарға деген қызығушылығы жоғары екені байқалады. Біз шеберханада отырған оқушылардың епті қимылдарына сүйсіндік. Өздерін Еңлік Жолшара, Үміт Ерсайынова, Зарина Алтынбек деп таныстырған олар 5 «в» сыныбында оқиды екен.
– Мен саз балшықты илеп, одан кесе жасадым. Маған қатты ұнайды. Келешекте ыдыстардың сыртына ою-өрнек салуды да меңгергім келеді, – дейді 5 «в» сынып оқушысы Ерасыл Махмуджан.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, балаға дер кезінде бағдар беру, қабілетін анықтау, оның бойындағы күш-қайраты мен жігерін орынды жұмсауға үйретуші – алдымен ата-ана, онан соң ұстаздар қауымы екені анық. Осы міндет үдесінен шығып жүрген үйірме жетекшісінің ісі көпке үлгі-өнеге.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
10 қыркүйек 2022 ж. 882 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031