Келбеті келіскен Ақжона
Ауданға қарасты ауылдардың ажары артып, кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп, жатқаны рас. Олардың әрқайсысының шежіресі мен даму тарихы тым тереңде. Сондай ауылдың бірі ретінде өзіндік тұрмыс-тіршілігі, жасыл желегі мен ауылшаруашылығы және мәдениетімен ерекшеленетін Ақжона ауылдық округін айтсақ жарасады. Бүгінде ауылдық округ аудан орталығынан қашықтықта орналасқанына қарамастан, ондағы жауапты азаматтар көптеген жұмыстар атқарып, ауыл тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыруға шындап кіріскен.
Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейген
Ақжоналықтар кәсіпкерліктен де кем емес. Жалпы округ бойынша – 77 жеке кәсіпкер тіркелген. Оның ішінде 2-уі заңды тұлға, 14-і шаруа қожалық болса, 61-і жеке кәсіпкер. Осылайша ауылда кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келеді.
Одан бөлек мал шаруашылығы да қарқын алған. Атап айтсақ, округтегі мүйізді ірі қара саны – 1231, уақ мал – 2345, жылқы – 694 және 20 бас түйе есепке алыныпты. Мұндағы тұрғындар иелігіндегі барлық мал басы бірдейлендіріліп, компьютерлік базаға енгізілген.
2022 жылдың 1-і ақпаны мен 31-ші мамыр аралығында «Ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру» дерекқор базасында тіркелмеген мал басын тіркеу үшін «Жасыл дәліз – 3» бағдарламасы іске қосылып, нәтижесінде дерекқор базаға – 180 уақ мал және 15 мүйізді ірі қара тіркелген.
Егін шаруашылығында ауқымды істер көп. Дәлірек айтсақ, ауылда «РЗА-Агро» ЖШС көктемгі егіс жұмыстарын бастап, Майдакөл ауылының 80-ге жуық азаматын жұмыспен қамтып отыр. Биыл «РЗА-Агро» ЖШС 245 гектар күріш егіп, одан орта есеппен 53 центнерден өнім алып, серіктестік егіс науқанында 605 гектар күріш еккен. Ал, ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтар 100 гектар жерге бақша дақылдарын егіп, бүгінде жемісін көруде.
Тазалық – саулық кепілі
Ауылдық округте санитарлық тазарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бүгінде ауылда 25 дана қоқыс жәшігі бар. Оларға жиналған тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы орынға шығарылуда.
Биыл тұрмыстық қатты қалдықтар жинайтын контейнерге «Аманат» партиясы бойынша аудандық мәслихатының, ағымдағы жылдың 27 мамырдағы кезектен тыс ХІХ сессиясының №228 шешімімен 180 мың теңге қаржы бөлініп, баға ұсынысымен жарияланып, жеңімпаз анықталған. Сөйтіп, бөлінген қаржыға 3 контейнер алынған.
Округ көлемінде 10,5 гектар жерге егілген көлеңкелі ағаш күтімге алынған. Аяқ су арықтары да тазартылған. Сәуір айында ауылдың шығыс беткейінде жаңадан 0,5 гектар «Жасыл белдеу» қоршалып, 100 түп алма ағашы мен 100 түп алмұрат ағашы және 150 түп күрең тал, қаратал, сыр талы отырғызылған.
Мәдениетінің мәні жоғары
Майдакөл ауылдық клубында жыл сайын облыстық, аудандық сайыстар өткізіліп, сондағы мәдениет майталмандары мен ауылдың атын асқақтатқан азаматтарды еске алу шаралары да жалғасын тауып келеді. Биыл да дәл солай. Толығырақ айтсақ, 10 маусымда Майдакөл ауылының тумасы, дәстүрлі әнші Шамшаев Мейірхан Киікбайұлын еске алуға арналған «Ән ғұмыр» атты аймақтық дәсүрлі әншілер байқауы өтті. Онда Майдакөл ауылынан Асанов Бақтияр қатысып, жүлделі III орынды иеленген.
Сонымен қатар, 19 маусымда термеші Жұбан Жұбаназаровты еске алуға арналған «Туған жерім – думанды елім» атты аудандық жас термешілер фестивалі өткен.
Ал, 26 маусымда майдангер, халық ақыны Ібайдулла Қалниязовты еске алуға арналған «Жақұт жырдың шайыры» атты облыстық жас ақындар айтысында бас бәйгені Майдакөл ауылдық клубының «Ақберен» жас ақындар үйірмесінің мүшесі Есебай Өміртай қанжығасына байлаған.
Жемқорлықпен күрес – маңызды іс
Сыбайлас жемқорлыққа байланысты жыл басында іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоспарға сәйкес өз деңгейінде жұмыстары атқарылуда. Тоқсан сайын сыбайлас жемқорлықты болдырмау бағытында дөңгелек үстел өткізіліп те жүр. Ақжона ауылдық округі әкімі аппаратының «Майдакөл ауылдық клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналдық кәсіпорнында қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтауын қамтамасыз ету үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметтердің және комплаенс институтын қалыптастыру мақсатында комплаенс офицері бекітіліп, бүгінде жүйелі жұмыс атқаруда.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары тоқсан сайын тұрақты жүргізілуде.
Атқарылар істер көп
Ақжона ауылдық округі әкімдігінің ісі мұнымен шектелмейді. Себебі еңсесі тік, заман ағысына ілесе білген ауылдың алға қойған мақсаты көп.
– Ауылда 100 орындық клуб құрылысын салуға жоба-сметалық құжаттарына 0,5 гектар жерге шешім шығарылып, мемлекеттік жер актісі алынды. Алдағы уақытта жоба-сметасын жасап, қаржы бөлдіруге барымызды салып жатырмыз.
Онан соң, ауыл көшелері орталық Қ.Байжанов, І.Қалниязов пен М.Жеткербаев және К.Ерімбет сынды көшелердің автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізсек дейміз.
Одан бөлек, санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды сақтау бағытында мал қорымының құрылысы, ауыл орталығындағы «Тағзым» алаңын абаттандырып, көркейту көгалдандыру жұмыстарын тұрақты жүргізу де алға қойған мақсаттардың бірі.
Басқа да, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде мал тұқымын асылдандыру мен мал басын көбейтуге қол жеткізу және егін шаруашылығын одан әрі дамытып, оның ішінде бақша егуге тұрғындар мүмкіндігін шектемеу істері қолға алынды.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу. Ауылдық округте салық салу базасын ұлғайту бағытында жұмыстарды ұйымдастыру сынды ауқымды жұмыстарды қолға алып жатырмыз, – дейді ауыл әкімі Нұркен Сералиев.
Серік АҚМЫРЗА