Тірлігі толымды Бекарыстан би
Ауданда сәні мен салтанаты келіскен ауылдар қатары жеткілікті. Әрбірінің шежіресі мен даму жолы тереңде жатыр. Ол қатарда кент орталығынан 57 шақырым қашықтықта орналасқан, өзіндік тұрмыс-тіршілігі, мәдениетімен ерекшеленетін Майдакөл ауылдық округі де бар. Елді мекеннің өткенін сыр тартып, бүгінгісінен хабар алдық. Бекарыстан би – Қазалыдағы ең үлкен ауыл. 500-ге жуық түтіні бар ауылдың басты кәсібі – мал мен егін. Одан бөлек бақша егетіндер де жоқ емес. Жақын жердегі көлдерден балығын аулап, беймарал тірлік кешкен еңбекқор халық.
Даму қарқыны қуантады
Тереңінен тарқатсақ, бұл округтің тарихы сонау 1924 жылдан бастау алады. Құрамына Бекарыстан би елді мекені кіреді. Бүгінгі көрсеткішке сенсек, қазір ауылда 3000-ға жақын адам тіршілік етеді. Өткен жыл мұндағылар үшін табысты болды. Өйткені өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бюджеттен 1 миллиардқа жуық қаржы қаралып, инженерлік-инфрақұрылым жүйесі жаңғыртылды. Нәтижесінде тұрғындар үшін ауызсу желісі 464 отбасы мен 6 мекеменің шекарасына дейін жеткізіп берілді. Одан соң №24 орта мектептің шатырына күрделі жөндеу жүргізіліп, балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасалды. Ол аз десеңіз, жалпы ұзындығы 14 шақырым болатын елді мекенішілік 10 жол орташа жөндеу көрді. Оған 10 көшеге 459 дана жарықшамы орнатылып, 2 дана КТПН трансформатор қондырғысы қойылғанын қосыңыз. Былтыр ғана ауыл басшысы қызметіне тағайындалған Қонысбек Құрманбаев тұрғындар тілегі назардан тыс қалмайтынын айтып отыр.
– «Өткен күнге өкпе жоқ, келер күннен үміт көп» деп елді мекеннің даму үшін аянбай тер төгіп жатырмыз. 2020 жылы әлем халқын дүр сілкіндірген пандемияға қарамастан округте ауыз толтырып айтарлықтай жүйелі жұмыстар жүрді. Енді биылғы жоспарда үлкен міндеттер күтіп тұр. Барлығы осындағы ағайынның игілігі үшін. Жағымды жаңалықтармен алдағы уақытта бөлісіп отырамыз, – деді ауыл әкімі Қонысбек Кітабияұлы.
Расымен Бекарыстан бидегі қарқынды тірлік қуантып тұр. Мәселен жоғарыда аталғандардан бөлек «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бойынша республикалық бюджеттен 45,5 миллион теңге бөлініп, Ү.Түктібаев, Е.Тілеубаев, М.Күзембаев көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынды. Қуантарлығы, сол жоба аясында 40 адам уақытша жұмыспен қамтылды.
Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейген
Бұл ауылда кәсіпкерлерден көз сүрінеді. Неге десеңіз, бүгінге дейін округ бойынша 146-сы тіркелген. Оның ішінде 6 заңды тұлға, 23 шаруа қожалық, 117 жеке кәсіпкер бар. Былтыр «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» жылдарға арналған бағдарламасының «Бастау-бизнес» жобасы бойынша 3 адам оқуын аяқтап, сертификатын еншіледі. Ал биыл «Бастау-бизнес» жобасы бойынша 1 адам оқуын тәмамдаса, II топпен 3 адам білім алуда. Одан бөлек өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар мен стартап грант арқылы құны 114,3 миллион теңге болатын 51 жоба қаржыландырылды.
Ашып айтсақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен жеке кәсіпкер Б.Сансызбаев 50,0 миллион қаржы несие алған. Мамыр айының басынан бастап жеке бөбекжайдың құрылысы басталды. Жоба құны 75,0 миллион теңгені құрайды. Ал 100 балаға шақталған балабақша. Бас демеушісі ауылдың тумасы, қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында тұратын жеке кәсіпкер Болат Сансызбаев.
– Туған жердің әр азаматы қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, атамекенін бір сәт естен шығармауы тиіс. Өзім Бекарыстан би ауылынан болғандықтан туған жеріме өз үлесімді қосқым келді. Балалар біздің болашағымыз. Сондықтан ауылдағы бүлдіршіндердің жақсы тәлім-тәрбие алуы үшін заманауи талапқа сай балабақша салуды қолға алдым. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Алла қаласа, жыл соңында балабақшаны пайдалануға береміз деген үміттемін, – дейді ол.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен 2 кәсіпкер 22 миллион несиемен 6 жылқы, 472 қой алса, «Сырдария 1» ЖШС-гі арқылы 2 кәсіпкер 16,8 миллион қаржыға 23 жылқы, 172 қой сатып алды.
Сонымен қатар 46 адам 25,5 миллон теңгенің мемлекеттік грантын еншіледі. Соның арқасында округте 1 шаштараз, 1 тігін цехының лентасы қиылды. Сондай-ақ 6 жылқы, 72 сиыр, 32 қой сатып алынды.
Кәсіпкерлік саласы бойынша жыл басынан қазірге дейінгі көрсеткіш жаман емес. Мәселен, 2021 жылдың 4 айында мемлекеттік бағдарламалар мен стартап грант арқылы құны 42,2 миллион теңге болатын 19 жоба қаржыландырылған.
Атап айтсақ, «Бизнестің жол картасы 2021-2025» жылдарға арналған бағдарламасы арқылы ЖК А.Есіркепова «Қасиет» азық-түлік дүкені 2,3 миллион, ЖК А.Зейнелова «Айдана» азық-түлік дүкені 3,7 миллион, ЖК П.Әзиева «Жанқуат» азық-түлік дүкені 500 мың теңге несие алған. Мұнан бөлек «Сырдария 1» ЖШС-гі арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен 3 кәсіпкер 12,9 миллион теңге несие алып, 30 жылқы сатып алды. Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 2 кәсіпкерге ауыл әкімшілігі ғимаратынан 2 бөлме беріліп, шаштараз бен «Сыйлық әлемі» ашылды.
Жастар жайы қалай?
Бекарыстан би ауылындағы жастармен жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Ауыл әкімі олармен үнемі кездесіп ұсыныс-пікірлеріне құлақ түреді. Нәтижесінде өткен жылы карантин талаптарын сақтай отырып, жастар арасында волейболдан округ әкімінің кубогы ұйымдастырылған. Ал биыл ұлттық спорт түрінен аймақтық аударыспақ, арқан тартыс, бұқа тартыс, асық ату, тоғызқұмалақ жарысы өткізілген. Сонымен қатар ауыл жастары арасында шағын футболдан және бильярд спортынан сайыс үнемі болып тұрады.
– Ауылдағы спорт алаңы 2011 жылы салынған. Біздің жастар үшін 1 спорт алаңы аздық етеді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жастардың бастамасымен, ауыл азаматтарының қолдауымен жаңадан 2020 жылы спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді. Біз түнгі жарықшаммен қамтамасыз еттік. Бұл болашағымыз балалардың игілігі үшін жасалған ізгі шаруа болатын. Мектеп ауласына жасалған спорт алаңның игілігін өскіндер көріп жатыр, – дейді ауыл әкімі.
Жастардың ауылды дамытуға деген белсенділігі жоғары. Олар ел ішіндегі тұрмысы төмен отбасылардың қыстық отынына қайырымдылық жасап, сенділік жұмыстарын ұйымдастырады. Сондай-ақ жасыл белдеулерге және ауыл орталығындағы жасыл желекке барлығы 1000-нан астам тал егілді.
Бекарыстан би ауылындағы «Диін» бағының негізін 1989 жылы ауыл ақсақалы Қ.Мәкенов пен совхоз директоры Н.Айтжановтың бастамасымен агроном Е.Шәметов қалаған. Ерғали ақсақал ауылға соғатын желдің бағытын ескеріп, қыстың көзі қырауда арқадан соғатын желге тосқауыл болсын деп бақты артқы бетке орналастырған. Тұжырымы дәл келген. Баққа Д.Бөлекбаев бағбандық етті. Маңдай терін төкті. Ауылда барлық дүние талан-таражға түсіп жатқанда баққа ие болды. Диін ақсақал ғұмырының соңына дейін қолынан кетпені мен шалғысын тастаған жоқ. Таза «бағбан» деген атқа лайық болған. Осындай еңбегінің арқасында халық алма бағын «Диіннің» есімімен атап кетті.
Жыл басында «Диін» бағына 150 түп алма, 50 алмұрт, 30 өрік көшетін отырғызған. Оған қоса қураған теректердің орнына қара тал егілген. Ауыл басшысы Қонысбек Құрманбаев айтпақшы, ағалар егіп, ұрпаққа табыстаған бақты жандандыру міндеті енді жастарға жүктелді.
Майдакөл ауылдық округіндегі халықтың мәдениеті аса жоғары. Кішінің үлкенге, үлкеннің кішіге деген ізеті басым. Тұрғындар бір-бірін сыйлап, қол ұшын созудан бас тартпайды. Ауылдың ауызбіршілігі артып, үлкен белестерді бағындыруы да осыдан болар бәлкім.
А.БАҚЫТҰЛЫ