«Отыз ұлың болғанша…»: Қазалыда тағылымды қойылым сахналанды
Бүгін Қазалы ауданында Нартай Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрының гастрольдік сапары аясында халық жазушысы Флорид Буляковтың «Отыз ұлың болғанша…» атты мұңды комедиялық қойылымы сахналанды.Қойылымды қазалылық көрермен жылы қабылдап, театр өнерпаздарының кәсіби шеберлігіне жоғары бағасын берді.
Шығармада өмірдің сан қилы өткелінен өткен, қартайған шағында жалғыздықтың зардабын тартқан төрт кейуананың тағдыры арқылы адамға ең қажетті мейірім, жанашырлық, жылылық пен адамдық қарым-қатынастың қадірі көркем жеткізілді. Қойылым күлдіре отырып ойландырып, мұңайта отырып адамдық құндылықтарды тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.
Кеш соңында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов сөз сөйлеп, Нартай Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрының шығармашылық ұжымына аудан жұртшылығы атынан ризашылығын жеткізді.

Аудан басшысы өз сөзінде қойылымның мазмұнына тоқталып, жалғыздық, қарттық, отбасы, адамдық парыз секілді маңызды мәселелердің сахна арқылы шебер жеткізілгенін атап өтті. Сондай-ақ Бибіхан рөлін жоғары деңгейде сомдаған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Камила Әбжанова мен барша өнерпаздарға алғысын білдірді.

Аудан әкімі театр ұжымына Қазалы көрерменіне мазмұнды қойылым ұсынып, рухани кеш сыйлағаны үшін алғыс айтып, шығармашылық табыс тіледі. Нартай Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрының ұжымына Алғыс хат табыстады.
Қойылымнан кейін өнерпаздар қазалылық көрерменнің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді.












