Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдың бойын жайлаған жер

Сырдың бойын жайлаған жер

Сырдың бойын жайлаған, Жібек жолын бойлаған, тамыры терең, тарихы кенен Қазыналы Қазалы өңірі қасиетті жерге баланады. Осы өңірге қарасты халқы жайсаң елді мекен – Майдакөл ауылы саналады.
Экономиканың күре тамыры мен тоғыз жолдың торабына айналған «Қазалы-Майдакөл» бағытындағы жолдың жөнделуі мен «Әлсейіт» көпірінің пайдалануға берілуі көптен күткен аудан халқына оң әсерін тигізуде. Бұл Арал ауданына қарасты елді мекеннің тұрғындарына да тиімді болғаны сөзсіз.
Аудан орталығынан 67 км қашықтықта орналасқан. Ақжона ауылдық округіне Майдакөл және Жалпақ елді мекені кіреді. Жер қоры 7523 гектарды құрайды.
Ақжона ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық даму жоспары қолда бар ресурстар мен әлеуметке, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық дамудың проблемаларын шешу кезінде барлық мүдделі тараптардың өзара іс-қимылына негізделді.
1932 жылы «Ворошилов» колхозы, 1974 жылы Майдакөл күріш совхозы, 2005 жылы Ақжона ауылдық округі, Майдакөл ауылы болып қайта құрылды.
Соңғы 5 жылдықта халық саны 1080 адамнан 1050 адамға кеміген. 2022 жылдың 1 қаңтарына ауылдық округ халқының саны 1050 адамды құрады, оның ішінде 0-16 жас аралығындағы балалар саны – 104-ке жетті. Көші-қон сальдосы теріс көрсеткішке ие. Жыл сайын орта есеппен 25 адам келіп, 20 адам көшіп кетеді.
Ауылдық округ бойынша жыл сайын орта есеппен 42 адам дүниеге келеді, сәйкесінше туу деңгейі жоғары болып саналады. Халықтың негізгі үлесін экономикалық белсенді халық саны 417 адам құрап тұр.

Кәсіпкерлікте ілгерілеу бар
Ауылдың кәсіпкерлік саласының дамуында ілгерілеушілік бар. Ауылдық округте орта мектеп, емхана, ауылдық клуб, ауылдық кітапхана, мешіт, монша, шаштараз, су торабы халыққа қызмет көрсетеді. Сонымен бірге 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 77 кәсіпкерлік субьектісі тіркелген.
Жаңа бизнес бастамаларға мүмкіндік ашып отырған мемлекеттік қолдау шараларына Майдакөл өңірінің халқы белсене қатысып келеді. Осы ретте «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында мал сүтінен құрт, ірімішік, айран жасау жобасы бойынша Кәмшат Ибаева, грант игері атанды. Қазір қызу іске кіріскен. Сонымен бірге нан өнімдері, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және тігін тігу бағыты бойынша да ауыл тұрғындары мемлекеттік гранттарға ие.
Округ тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. 14 шаруа қожалықтың 5-уі «Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асыруда. Өткен жылмен салыстырғанда мал басында өсім бар.
Ауылдың 83 жұмысшысы жұмыс жасайтын “Рза-Агро” ЖШС-і былтыр 645 гектар күріш егіп, одан орта есеппен 53 центнерден өнім алған. Биыл 605 гектар күріш егілді.
«Әсет» шаруа қожалығы 20 гектар жерге бақша дақылдарын, ауыл тұрғындары ауыл маңына қауын, қарбыз және картоп дақылдарын егіп, жемісін көршілес Арал ауданы, Ақтөбе, Байқоңыр қалаларына және аудан орталығына апарады. Майдакөл ауылы тұрғындарына бау-бақша көкөністерін егу үшін Бекарыстан би және Түктібаев аралығындағы тас жолдың бойындағы Құлпыбай учаскесінен бау-бақша егу үшін 30 гектар және Қурайлы, Бозарық каналы бойынан 20 гектар, Жаңаталап учаскесінен 20 гектар жер учаскелері бөлінген.
Енді бірі ауылға іргелес жатқан аумағы 15 гектарды құрайтын «Айжанкөл» көлінен маусымында балық аулап, кәсіп етеді.
Округ бойынша 977 мүйізді ірі қара, 698 жылқы, 15 түйе, 1878 уақ мал және 200 құс есепке алынды. Барлық мал басы бірдейлендіріліп, базаға енгізіліп, сырғаланғандығын жеткізді мамандар.

Өнер мен білім тоғысқан мекен
Ауыл орталығындағы №98 орта мектепте 200 оқушыға 47 мұғалім дәріс береді. Мектеп жанындағы «Ертарғын» шағын орталығында 20 бала тәрбиеленуде.
Округтегі дәрігерлік емханада 1 дәрігер, 7 орта және кіші қызметкер халыққа медициналық көмек көрсетеді.
Ауыл тұрғындарының және жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ауылдық клубта халыққа мәдени шаралар өткізіліп, түрлі үйірме жұмыс жасайды. Ұлтымыздың бабадан қалған ұлттық мұрасы – айтыс өнерін дамыту мақсатында «Ақберген» жас ақындар үйірмесі жұмыс жасап келеді. Үйірме құрамындағы 6 ақын айтыс сахнасында өнер көрсетіп, аудандық, облыстық, республикалық додаларда жүлделі орындарды иеленіп, ауыл мерейін асқақтатып келеді.
Ауылда орналасқан барлық мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік емес ұйымдар мен ауыл кәсіпкерлері мәдени-көпшілік және рухани шаралардың ортасынан табылатыны қуантады.
Сонымен бірге 21476 дана кітап қоры бар ауыл кітапханасы халыққа рухани қызмет көрсетіп келеді. Ауыл жастары халық санының 25 процентін құрайды. Жастардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуы мен парасаттылық нормалары негізінде тәрбие беру, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында түрлі шаралар өткізілуде.

Абаттанған ауыл, жайқалған көше
Өткен жылы да атқарылған жұмыстар аз емес. Төрт көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауыл орталығынан абаттандыру жұмыстары бойынша «Жастар алаңы» салынып және демеушілік есебінен жаңадан салынған мешіт халық игілігіне пайлануға берілді.
– Биыл ауыл орталығындағы үш көше Орталық, О.Кітабалиев, К.Ерімбет атындағы көшелердің автокөлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, тұрғын үйдің ауыз су құбырын сервистік желіге қосу, электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Осы жобалардың барлығына да ауылдың жұмыссыз азаматтары тартылды, – дейді округ әкімі Нұркен Сералиев.
Ауылдық округте санитарлық тазарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 25 дана қоқыс жәшігі жасалып, күл-қоқыстар арнайы орынға шығарылуда. Орталықтағы 7,5 га жерге егілген көлеңкелі ағаш күтімге алынып, аяқ су арықтары тазартылып, жасыл белдеулерге қоршау жұмыстары жүргізілді. Биыл Орталық, О.Кітабалиев, К.Ерімбет көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– Өткен жыл ауылымыз үшін табысты болды. Аудандық бюджеттен абаттандыру жұмыстарына қомақты қаржы болініп, мердігер мекеме "Сыр Маржаны және К" ЖШС-і арқылы келісімшартқа сәйкес тиісті жұмыстары жүргізілді. Майдакөл ауылының орталығына «Жастар алаңы» салынып, пайдалануға берілді, – дейді ауыл тұрғыны Гүлназ Дәрібаева.
Ауылдық округте санитарлық тазарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 25 қоқыс жәшігі жасалып, күл-қоқыстар арнайы орынға шығарылуда. Орталықтағы 7,5 гектар жерге егілген көлеңкелі ағаш күтімге алынған. Аяқ су арықтары тазартылып, жасыл белдеулер қоршалды.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
02 шілде 2022 ж. 577 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930