Өңірлерге жас ғалымдарды тарту үшін ынталандыру шараларын енгізу керек - депутат
Ол өңірлік университеттерді қолдаудың кешенді бағдарламасын әзірлеуді ұсынды

Фото: iStockphotos

Фото: iStockphotos
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Нұрлан Дулатбеков ғылым мен жоғары білім саласындағы бірқатар жүйелі мәселені көтерді. Ол Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке депутаттық сауал жолдап, университеттердің автономиясын кеңейту, өңірлік жоғары оқу орындарын дамыту және ғылыми кадрларды қолдау тетіктерін жетілдіруді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, жаһандық бәсекелестік жағдайында адами капитал мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі факторларының біріне айналып отыр. Азаматтардың білімі мен кәсіби біліктілігі елдің экономикалық өсімі мен бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді.
«Әділет» партиясы ғылымды, білім беруді және адами әлеуетті дамытуды стратегиялық басымдық ретінде қарастырады. Партия бағдарламасында сапалы білім беру, ғылымды қолдау, білікті кадрлар даярлау және педагогтер мен ғалымдардың мәртебесін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев реформалардың табысы адами капиталдың сапасына, азаматтардың жауапкершілігіне және мемлекеттік институттардың тиімділігіне тікелей байланысты екенін бірнеше рет атап өтті. Осыған байланысты жоғары білім мен ғылым жүйесін одан әрі жетілдіру маңызды міндет болып қала береді. Сонымен бірге, шешімін талап ететін бірқатар жүйелі мәселелер сақталуда»,- деді ол.
Нұрлан Дулатбеков мемлекеттік жоғары оқу орындарының басқару және қаржылық мәселелерде орталықтандырылған жүйеге тәуелді екенін айтты. Оның пікірінше, заңнамада академиялық дербестік қарастырылғанымен, университеттердің нақты автономиясын қамтамасыз ету үшін корпоративтік басқару тетіктерін күшейту қажет.
«Мемлекеттік университеттердің автономиясын кеңейту және корпоративтік басқару қағидаттарын дамыту қажет», – деді депутат.
Ол ғылым мен қаржыландырудың негізгі бөлігі ірі қалаларда шоғырланғанын атап өтті.
«Өңірлік жоғары оқу орындары кадр даярлау ғана емес, ғылым мен инновацияның өңірлік орталықтарына айналуы тиіс», - деді депутат.
Ол осы мақсатта өңірлік университеттерді қолдаудың кешенді бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Сонымен қатар жастар саны қарқынды өсіп жатқан өңірлерде жаңа университеттік орталықтар құру мүмкіндігін қарастыру қажеттігін айтты.
«Жас ғалымдарды қолдау, өңірлерге тарту, ғылыми инфрақұрылымға қолжетімділікті кеңейту және қосымша ынталандыру шараларын енгізу маңызды», - деді ол.
Депутат ғылыми мансаптың үздіксіз жүйесін қалыптастырып, ғалымдарды өңірлерге тартудың жаңа тетіктер енгізу керек деп санайды.













