Егіс даласы мен қырманда қызу тіршілік жүруде
Бүгінде ауданда егін жинау науқаны қарқынды жүргізіліп, егін шаруашылықтары ала-жаздай күтіп-баптап өсірген Сыр салысын төкпей-шашпай жинап алуда. Шаруашылық құрылымдарының қырмандарына егістік басынан күріш тиелген жүк көліктері толассыз ағылуда.
Аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев Жалаңтөс батыр ауылындағы «Жалаңтөс батыр», «Jankent Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Мерей» шаруа қожалығының егіс алқаптары жәе қырман басындағы қызу жұмыстардың барысын көрді. Шаруашылық басшыларымен кездесіп, егін жинау науқанының ұйымдастырылуы мен алқаптардағы жұмыстардың қарқыны талқыланды.
Биыл аудан бойынша 2447 гектар алқапқа күріш дақылы орналастырылды. Бүгінгі күнге дейін 736 гектар күріш орылып, 530 гектар алқаптағы өнім бастырылды. Нәтижесінде жалпы 1988 тонна күріш өнімі жиналды.Егін жинау науқанының уақытылы әрі сапалы аяқталуы – шаруалар үшін маңызды міндет. Осыған байланысты жауапты сала мамандары мен шаруашылық басшыларына егінді ысырапсыз жинап, науқанды белгіленген мерзімде аяқтау бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
Қырман басындағы берекелі істі көрген Жалғас Оңғарұлы жұмысшыларға сәттілік тілеп, егілген ел несібесін дер кезінде жинап алуға тілектестігін білдірді.














