Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аялаған шуақ толы жанымен...

Аялаған шуақ толы жанымен...

Қазақ халқының сүйікті перзенті, ұстаз, жазушы Зейнолла Қабдоловтың Алашқа құрметті мамандық иесі жайында айтпаған жақұты аз. Сондай құнды ойталқысының бірінде: «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау. Бірақ бұған өкінбеу керек. Жер үстінде адам тәрбиелеуден асқан абыройлы іс, ардақты жұмыс жоқ. Ұстаздық – ұлылық», – дегені бар. Мұны қаперге алған қазіргі толқынның мұғалім мәртебесін арттыруға күш салып келе жатқаны көрер көзге анық. Әлімсақтан өркениеттің қайнар бұлағына айналған ұлылық иелерінің құрметіне аудандық мәдениет орталығында әлгінде ғана өткен концерттік шара соның бір көрінісі десек жарасады.
Білікті ұстаздардың мерейі, өткен жылы Қазалы ауданы білімнің барлық көрсеткіштері бойынша табысты нәтижеге қол жеткізді. Ән, спорт, өнер, интелектуалды сайыстарда намысты қолдан бермейтінін сан мәрте дәлелдеді. Концерттің ашылуында сөз алған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қазалылық ұстаздар мен шәкірттер бағындырған биіктер жайына кеңірек тарқатып өтті.
– Соңғы үш жылда Президенттің пәрменімен мұғалімдер мәртебесі төрге жылжып келеді. Мұндай жағымды өзгеріс жергілікті білім саласымен қоса, аудан абыройын асқақтатып отыр. Мәселен, өткен жылы облыстық, республикалық пәндік олимпиада қорытындысына сәйкес қазалылық білгірлер өңір бойынша аудандар арасында көш бастады. Біздің өрендер секілді «Мың бала» Ұлттық олимпиадасынан жүлде алған қызылордалықтар кемде кем. Бұдан бөлек, Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей ұжымы олимпиада нәтижесіне сәйкес үшінші жыл қатарынан «Үздік ауыл мектебі» атанды. Бәрінен бұрын Ұлттық бірыңғай тест тапсырған түлектер жанды жадыратты. Сынақтан мүдірмеген жасындардың тест көрсеткіші 80 ұпайға жетіп, 56 оқушы «Алтын белгіні» абыроймен қорғады.
Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, елге қызмет етуге үйрету, соған бағдаршам болу – ата-бабадан келе жатқан ғұрып, пенде алдындағы парыз. Осы жолда мемлекет ел келешегі – жеткіншектердің қажетіне барлық игіліктен аянып қалмасы анық. Балалар жылында бір ғана білім саласында сан түрлі жетістік меншіктеліп, биіктерге шықтық. Жаңа оқу жылында ұрпақ санасына құйылатын білім мен тәрбие одан әрі еселену керек екенін естен шығармаймыз. Сол себепті қадірлі мамандық иесі – Ұстаздар қауымына жаңа оқу жылында сәттілік, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық тілеймін, – деді аудан басшысы. Бұдан кейін өткен оқу жылында еңбегімен мерейі еселенген ұстаздар қауымын марапаттау рәсімі басталды.
Сахна төріне алдымен ардагер ұстаз Бекет Қадірбек көтерілді. Сала ардагері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісін кеудеге тақса, Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің педагог-психологы Әйгерім Қожахметова министрлік биыл алғаш рет жариялаған «Мейірім» төсбелгісімен марапатталды. Бұдан бөлек, қосымша білімге ерекше сіңірген еңбегі үшін аудандық Қорқыт ата атындағы балалар өнер мектебінің директоры Сәукен Әлішке «Балалық шақ досы» төсбелгісі, аталған өнер мектебінің гитар класы оқытушысы Әділхан Ибраймовқа Оқу-ағарту министрлігінің «Құрмет гүрамотасы» табысталды. Министрліктің жолдаған ыстық ықыласы Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жамбыл Құлназаров пен №93 білім ордасының қазақ тілі және әдебиет пәнінің оқытушысы Райса Рахметтің «Алғыс хат» арқалауымен қорытындыланды.
Саяси өмірге белсене араласып, болашақтың кірпішін қалаудан қалыс қалмай жүргендер де абырой биігінен көрінді. №102 мектептің директоры Қуаныш Көмекбаев, №165 білім ордасының басшысы Майра Сәрсенбаева, аудандық оқушылар үйінің директоры Ерлан Әмірханұлы Республикалық орталық сайлау комиссиясының ризашылық лебізін сезінді.
Балаларға мейірім төккен тұлғалардың қуанышын еселеуден облыс әкімі де қалыс қалмады. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың «Алғыс хаты» Жанат Сәрсенбай, Марат Құдайбергенов, Сейілхан Бердібекұлы, Серікбол Сансызбаев есімді азаматтарға бұйырды. Сонымен қатар ондаған педагогқа аудан әкімі жылы лебізі мен гүл шоқтарын табыстады.
Мерекелік концертте ұстаздар құрметіне Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің балалар хор ұжымы «Ұстазым» әнін шырқады. Бірер күн бұрын арнайы жазылған бүлдіршіндер туындысы көптің көңілінен шықты. Бұдан бөлек «5-аймақ» вокалды инструменталды ансамблі, өнер мектебінің қор ұжымы, әнші Сәкен Кермеш пен ұстаз Ғалия Нұрсейтова қастерлі мамандық иелеріне әннен тарту жасады.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

02 қыркүйек 2022 ж. 300 0

Ғайып болған елес ауыл

14 мамыр 2024 ж. 75

Қамыс басындағы қыз

14 мамыр 2024 ж. 64

Қарақұмға қой көшкенде

14 мамыр 2024 ж. 62

Аналар ардақталған күн

14 мамыр 2024 ж. 53

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031