Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәулет өнерінің саңлағы

Сәулет өнерінің саңлағы

Тарихы терең, шоқтығы биік сәулет өнерінің адамзат өміріндегі маңызы ерекше. Ол – идеологиялық құрал ретінде саясатқа, мәдени-рухани кеңістікке, кешегі мен бүгінді сабақтастыра отырып халықтың таным-түсінігін қалыптастыруға және өзге де көптеген салаларға тікелей әсер ете алатын бірегей өнер. Оған өз туындысымен халықтың эстетикалық талғамына лайықты жауап бере алатындар ғана лайық. Жалпы, қазақтың сәулет өнері білікті де, білімді азаматтардың септігімен уақыт талабына сай дамып келеді. Солардың бірі – талантымен кеңінен танылған, сәулет өнерінің көптеген үлгілерін халық назарына сәтімен ұсына білген Қазалының тумасы, еліміздің «Құрметті сәулетшісі» Әлихан Тұрымбетов.
Алып ғимараттардың сәулетін арттырып, келбетін келістіріп жүрген Ә.Айтжанұлы 1963 жылы қазыналы Қазалыда дүние есігін ашқан. Кейін келе орта білімді тәмамдап, сол күнгі бала арманын жүзеге асырмақ мақсатта 1982 жылы Алматы қаласы, Алматы архитектура-құрылыс институтына түседі. Сөйтіп, 1989 жылы мамандығын жете меңгеріп, ондағы оқуды тәмамдайды.
Онан соң араға жыл салмай «Қызылорда граждан проект» ГПИ-да сәулетші болып орналасып, мансабының алғашқы табалдырығын аттайды. «Қызылорда граждан проект» ГПИ-да міндетін жоғары дәрежеде атқарып, мұнымен тоқтап қалмау керегін ұққан ол 2006 жылы «Алматы гор строй» көпсалалы компаниясы» ЖШС жүйесіне бөлімнің жетекші сәулетшісі лауазымына орнығады. Әлихан Тұрымбетов онда мансап баспалдағынан сүрінбей, сәулетшілер тобының жетекшісі болып тағайындалады. Жалынды жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Талантқа қанат болар сезім емес, сенім болуы керек» деген керемет сөзі бар. Өз талантын жалғыз сезіммен емес, көптің сенімін серт етіп, оны ақтай білген ол бүгінде «Алматы гор строй» көп салалы компаниясы» ЖШС-де бас сәулетші лауазымын еңсесін биік ұстап, атқарып келеді.
Әлихан Тұрымбетовтің негізгі жұмысы ғимараттар мен құрылыс элементтерінің темірбетон және металл конструкцияларының сызбаларын жасау, сондай-ақ коммуналдық шаруашылықты жобалау бойынша нормативтік құжаттарды әзірлеу екенін білдік. Ол Қазақстан Республикасындағы азаматтық және өнеркәсіптік ғимараттар мен құрылыстар жобалары бойынша жобалау-сметалық құжаттаманың орындалуын қадағалайды.
Одан бөлек, жобалық шешімдерді әзірлеуге, тапсырмаларды дайындауға қатысады. Жобалау үшін бастапқы деректерді жинауға, құрылысты жобалаудың, объектіні іске қосудың және жобалық қуаттарды игерудің барлық кезеңі ішінде бекітілген құрылыс объектілері бойынша техникалық мәселелерді шешу де Әлекеңнің құзырында.
Сәулетшілік еңбек өтілі 33 жылдан тұратын дара жолында, «Алматы гор строй» көп салалы компаниясында» 16 жыл жұмыс істеген.
Ә.Айтжанұлына әріптестерінің де көзқарасы оң.
– Әлихан еңбексүйгіш, әріптестерімен іскерлік қарым-қатынасты сақтай алады. Жұмысты жоспарлап, басқарушылық функцияларды да жүзеге асыруы өте жоғары. Жұмыста қойылған міндеттердің орындалуын қадағалап, өз ісіне асқан жауапкершілік танытады, – дейді «Алматы гор строй» көп салалы компаниясы» ЖШС-ің бас директоры Таңатар Сұлтанбеков.
Қазіргі таңда Алматы қаласында өмірлік жары Ару Сапармен 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, қыздарын қияға қондырған. Олардың барлығы жоғары оқу орнын тәмамдап, бүгін де әрқайсысы білікті маман иесі. Әкелік міндеті мен ел алдындағы еңбегін осылайша атқарып келе жатқан талантты сәулетші Әлихан Тұрымбетовтің алар асуы көп болғай дейміз.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
27 тамыз 2022 ж. 850 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930