Мәдени орын аудан ажарын арттырмақ
Қандай жаңа нысан да сәулет өнерінің белгілі бір уақытынан сыр шертеді. Олардың көріктенуі, жаңадан бой көтеруі сол мемлекеттің ахуалын аңғартады. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тарихында Қазалы ауданы да түрлі мақсатқа арнап салынған құрылыс жұмыстарымен толыға түсті. Солардың қатарында жаңадан бой көтеріп жатқан аудандық мәдениет үйі ғимараты да бар.
Аудан халқының өсуі мен уақыт талабына сай қажеттілікті қамтамсыз етуді мақсат тұтқан игі іс өткен жылы шешімін тапқан болатын.
Әйтеке би кентінен бой көтерген мәдениет ошағы заманауи талаптарға иек артқан. Қос қабаттан тұратын ғимараттың жалпы ауданы 1932,64 шаршы метрді құраса, оның 10826 шаршы метрі нысанға тиесілі. Сыйымдылығы 600 көрерменге лайықталған орталық қос қабатты болғанымен, көремен залының биіктігі үш қабатқа жақын.
Жобада үш бөлім бар. Оларда көрермен залынан бөлек, әртістерге арналған, бишілер жаттығатын, бөлімнің әкімшілік-қызметтік, санитарлық бақылау, техникалық жабдықтау бөлмелері мен кітапхана, сақтау қоймасы, клуб қызметі қамтылған.
Қазірде құрылыс алаңында қызу еңбек қарқынды жүргізілуде. Ғимараттың сыртқы жұмыстарын жүргізуге бетоншылар, кірпіш қалаушылар, электр жөндеуші, түрлі жұмысшылардан құралған 50-ге тарта адамның тынымсыз тірлігін көріп, көңіліміз сүйсінді. Олардың дені – жергілікті мамандар. Учаске бастығы Бағдат Құтановтың айтуынша, алдағы уақытта құрылыс тағы да бірнеше қазалылықты жұмыспен қамтымақ. Бүгінгі таңда су кіргізу ісі шешімін тапса, жылу, байланыс, кәріз жүйелері жүргізілу үстінде.
Бұған дейін ел игілігіне көрікті, типтік үлгідегі аудандық аурухана ғимаратын сыйға тартқан мердігер «Қазқұрылыссервис» ЖШС бұл өнер ордасының кент көркін одан әрі асқақтатарына сенімдері кәміл.
Ғимарат сырты кирамикалық панельмен қапталатын болса, ауласында мерекелік шаралар ұйымдасытыру, би, демалыс, балалар, ұлттық ойындар алаңдары, автокөлік тұрағы, жазғы күрке орналастырылады. Бізді қызықтырғаны – ол жерде қазақы үйлер тігетін аула да ұмыт қалмағаны болды. Сондай-ақ айналаға тас төсемелер қаланып, жайқалатын жасыл белдеу, субұрқақ та мұнда келген адамға тыныштық пен жайлы көңіл-күй сыйлауға әсерін тигізбек.
Құрылыс прорабы Еркебұлан Үргенішбаевқа жолыққанымызда, нысан келер жылы пайдалануға берілетінін естідік. Жұмысты кешеуілдетіп, тоқтатуға ешқандай кедергі жоқ көрінеді.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА