Әмірлікті мойындатқан қолөнер шебері
Құрманқазының кіндік қаны тамған жер Қазалы топырағы болса да, алды-артына қаратпайтын жастық жалын өзге өңірлердің өмір көшіне ерте ілестірді. Оның негізгі себебі, бала кезден-ақ сурет салу мен қолөнерге деген ерекше қабілетінен болса керек.
Құрманқазы Қадыров 1959 жылы Жаңақазалы поселкесінде дүниеге келді. Орта мектепті бітіру бойына суретшілікке қоса домбыра, гитара, пианино аспаптарында еркін ойнай беретін талантты жасты сол кезге тән сурет мұғалімінің тапшылығына байланысты мектеп директоры осы пәннің мұғалімі болуға көндірді. Бірер жыл ұстаздық еткен ол білімін әрі қарай шыңдауды жөн көрді.
1981 жылы Ленинград қаласындағы И.Е.Репин атындағы кескіндеме және сәулет институтының академиялық сурет, 1983-1985 жылдары В.А.Серов атындағы көркемсурет училищесінің кескіндеме бөлімінде дәріс алады. 1989 жылы сол қаладағы қала құрылысы және сәулет өнері мектебінің сәулет бөлімін бітірген.
Құрманқазы Алматының Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің көркемсурет және бейнелеу өнері факультетін де үздік тәмамдаған. Сол кезден бері Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында қала құрылысы және сәулет бөлімінде сәулетші, жетекші сәулетші, Есік қаласында жетекші сәулетші-дизайнер болып қызмет атқарды.
Қазақ халқының табиғатпен біте қайнасқан болмысында ерте заманнан-ақ ағаштан, темірден, сүйектен, тастан, теріден және тағы басқа табиғи материалдардан сәндік бұйымдар жасау дәстүрі болған. Оған байтақ өңірдің әр түкпірінде көне заманнан ескерткіш күйінде біздің дәуірімізге жеткен оба тастар, тарихи ескерткіштер, жүздеген жылдар бұрын жасалған бағалы да қарапайым тұрмыстық заттар дәлел бола алады. Ел арасынан шыққан қолөнер шеберлері туындыларын өздері өмір кешкен тұстағы салт-дәстүр, наным-сенімге, сол қоғамның талабына сәйкес табиғат үндестігімен байланыстыра отырып, халықтың талғамына сай таңдай қақтырарлықтай шеберлікпен жасай білген. Содан да мұндай дүние ғасырлар өтсе де өз құнын жоймай, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған.
Жерлесіміз Құрманқазы Қадыровтың шығармашылығында да ұлтымыздың төл өнерімен әдемі үндестік таба білген, өзіне ғана тән болмысы, табиғи сипаты бар. Ұлттың өмір салтын, рухани дүниесін, мәдениетін, ауыздығымен алысқан ат тұяғының дүбірімен кең даланы еркін жайлаған ата-бабалар тірлігін нанымды жеткізе білген.
Атап айтсақ, «Шопан ата» шығармасының атауы қой түлігінің пірі – Шопан атамен байланыстырылады. Терінің бетіне ойылып салынған жайылған қойлар, жүгіріп ойнаған бала, аспандағы ай мен күн, ағаш жақтауындағы ою, тартылған қайыс жіптер, киіз үйдің керегесі, тірлігі мал шаруашылығымен астасып жатқан ауыл келбеті суретшінің ой ұшқырлығын көрсетіп тұр. «Алтын сақа» асықты жілікті, «Шежіре» шығармасы ортан жілік пен омыртқаны байланыстыру арқылы жасалған жұмыстар. Боялған терідегі петроглифтер, байланған қайыс жіптер, шегеленген асықтар салт-дәстүрімізден, шежіремізден сыр шертеді.
Қазақстан Республикасы Суретшілер және Дизайнерлер Одағының мүшесі Құрманқазы Қадыровтың сүйекті қолданып салған «Жамбас», «Жауырын», «Омпа», «Өткел», «Таразы», «Ақ жол», «Үш биші», «Қызыл елік» тағы басқа шығармаларының мақсаты – жас ұрпаққа атадан балаға беріліп келе жатқан төрт түлікке қатысты ата кәсіпті таныстырып, олардың қадір-қасиетін дәріптеу, иісі аңқыған шынайы қазақылықты санасына сіңіру.
Майлы бояумен кескінделген «Дәулеткерейдің күйі», «Толғақ», «Туған жер» полотналары, жоғарыда аталған және одан өзге алпысқа жуық суреттері философиялық және тәрбиелік маңызы зор жаңа ағымдағы шығармалар.
1998 жылдан бері жиырмадан аса түрлі деңгейдегі көрмелері өткізілді. Соның ішінде Есік қаласындағы жеке көрмесі, 2003 жылы Еуразиялық журналистер форумы, Еуразиялық парламенттік форум, 2004 жылы Астана қаласындағы «Адам және оның өнері», Талдықорған қаласындағы көрмесі, 2005 жылы Еуразиялық кино әртістері күндеріне арналған, 2006 жылы Еуразиялық журналистер форумы, 2007 жылы төртінші Еуразиялық кино артистері күндеріндегі көрме оның суретшілік өнерін көпшілікке кеңінен танытып, абыройын асырды.
Құрманқазы 2015 жылдың 15 қарашасы мен 20 желтоқсан аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Даби қаласында Әмірліктің бұрынғы шейхы Зайд ұрпақтарының ұйымдастыруымен өткен Халықаралық көрмеге арнайы шақыртумен қатысып, онда қазақ қолөнерінің ерекшелігін насихаттап, сертификат иеленіп қайтты.
Талантты жерлесіміз ҚР Дизайнерлер Одағының ескерткіш медалімен марапатталған, «Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі». Бейнелеу өнерінің шебері ретінде оның бірқатар туындылары Қазақстандағы және шетелдік жинақтарда сақтаулы.
Киелі ұлттық өнерді насихаттау жолында төккен тердің, сіңірген еңбектің еленуі – оның лайықты бағалануымен құнды. Жуырда ғана ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай «Қазақстанның Дизайнерлер Одағы» РМҚ Алматы облыстық филиалының директоры Құрманқазы Қайролұлы Қадыровке елдің мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ҚР Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденінің табысталуы осының айқын айғағы десек жарасар еді.
Әлімжан ӘЛКЕБАЙҰЛЫ,
Әйтеке би кенті