Секция отырысы серпін береді
Бірер күннен кейін жаңа оқу жылы басталады. Бұған аудандағы білім ордалары, мектепке дейінгі даярлық педагогтары мен балабақша тәрбиешілері сақадай сай болуы тиіс.
Алдағы өтетін тамыз конференциясында аудандық білім бөлімінің басшысы негізгі міндеттер мен өзгерістер жайынан хабар беретіні белгілі. Оған дейін мектеп директорлары мен ұстаздар жаңа оқу жылындағы оқытудың әдіс-тәсілдері, білім беру мен тәрбие беру процесіндегі ерекшеліктер жайын талқылауы тиіс. Соған орай жуырда Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектепте «Білімнің басты құндылықтары: отаншылдық, білімге деген құштарлық, еңбекқорлық» тақырыбында секциялық отырыс өтті.
Алдымен аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Лаура Рзаққызы бастаған бөлім қызметкерлері тәрбиешілер мен педагогтарға жиынның мақсатын түсіндіріп өтті. Бұдан кейін білім ордаларындағы мектепалды даярлық сыныбының мұғалімдері балалардың ой-өрісін дамытуға арналған қолөнер бұйымдары, әдістемелік құралдармен танысты.
– Баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыруға физикалық, коммуникативтік және шығармашылық дағдылар бойынша дамытатын көрнекі құралдардың көмегі мол. Естеріңізде болса, мемлекет басшысының өткен жылы жариялаған қаулысында жеткіншектердің ойлау қабілетін ойын арқылы жетілдіруді атап айтқан. Бала тәрбиесіне қажет деп шешкен әдіс-тәсілдердің керегін алып, тың идеялар жайында пікір алмасу үшін келдік, – дейді №21 «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Ұлболсын Қонысбай.
Бұдан кейін жиналғандар ағылшын тілі ұстаздарының өздері ойлап тапқан оқыту құралдарын таныстырды. Шет тілі мұғалімдерінің бірі сөздік қобдишасын көрмеге қойса, ендігісі баннер арқылы баланың пәнге деген қызығушылығын оята алатынына сенімді көрінді. Көрме таныстырылымы аяқталғаннан кейін ұстаздар секция отырысында пікір алмасып, жоспарларын ортаға салды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА