Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Татулығы жарасып, дәулеті артқан

Татулығы жарасып, дәулеті артқан

Матай мен Дүйсен әулеттері Қазалы ауданының Майдакөл ауылында қазіргі Ақжона ауыл округінде дүниеге келіп, сол елде өркендеп өскен. Міне, осы әулеттердің құда-жекжат болғандарына 66 жылдың жүзі болыпты. Екеуінің де тұңғышы Мұстафа мен Ақзия 1956 жылы отбасын құрды. Ақзияның келін болып түскен шаңырағы берекесі мен бірлігі жарасқан өте қарапайым отбасы еді. Шаңырақтың ұйытқысы Айша әжені кішкентай кезімізден білеміз. Ол өзінің аналық мейірім шапағатын келінінен аямай, өз қызындай тәрбиеледі деп еститінбіз. Балдардың тәрбиесіне қаталдау болғанымен өте ерекше жан болатын. Оның сабырлығы, биязылығы, адамдарға деген ықылас пейілі кең еді. Біз үйге аялдағанда «құда бала келді» деп жылы қабақпен қарсы алып, дастарханын жаятын. Ерекше мінезін көріп таңқалмасқа болмайды. Осындай аналар көп болса үйге ырыс-несібе кіріп, отбасының бірлігі болар еді. Біздің Ақзия апамыз да өзінің әке-шешесінен алған тәрбиесінің арқасында келген жерін бақытты етті. Әулеттің ауызбіршілігін сақтап, ұйыған отбасылы болуына бар күш-жігерін салды.
Анамыз Күнбибі қыздарға: «Айналайын енді барған жерлеріңді ойлаңдар, бізге қарайламаңдар, атаң мен енеңе, жарыңа жанұядағы әр адамның көңіл-күйіне ауызбіршілігіне шын ықылас ниеттеріңмен қызмет жасаңдар. Сонда жаман болмайсыңдар!» деп айтып отыратын. Өмірден түйгенім, жанұя құрғаннан кейін келіннің жақсы болуы, сол шаңыраққа құт-береке кіруінің негізі – қыздың анасына байланысты болады. Себебі тәрбиенің басым бөлігін сол кісі береді. Көп жағдайда қызына анасының айтқаны әсерлі болады. Міне, сондай тәрбиенің арқасында Ақзия апамыз осы заманның ақылды ақжаулықты анасына айналды. Ол өзінің айналасындағы бауырларына ғана қамқоршы, ақылшы емес, ағайын туыстарға да қарайласа білді. Олай дейтінім, Мұстафаның немере ағасы Убай аға: «Біздің Ақзиядай адам жоқ. Қай кезде барсаң да дастарханы жаюлы, тамағы дайын тұрады. Өзінің жылы қабағы мен сөзімен-ақ жаның жайланып қайтасың» деуші еді. Әкем Дүйсен бала кезімізден: «Балам кісі баласының ала жібін аттама, ұрлық жасама, жалған сөз айтпа адам еңбегімен тапқан-таянғанының ырзық несібесі болады» санамызға құйып отыратын.
Мұстафа ағамыз бен Ақзия апамыз екеуі де екі әулеттің үлкені болғасын екі жаққа да тең қарады. Үлкендік оңай ма, жауапкершілік өте ауыр болды. Соған қарамастан Мұстафа жездем Қызылордада жүріп балаларына қол ұшын беріп, қамқорлық көрсетті. Үкі апамыз 8 класты бітіріп, сол Ақзияның қолына барып оқып білім алып жақсы ұстаз болып шықты.
Сол сияқты Өміркүл, Бақыт бауырларымның да облыс орталығынан білім алып, ел қатарына қосылып кетуіне себепші болды. «Мен мектеп бітіргеннен кейін анам Күнбибі мен әкем Дүйсен аман-есен үйден кіріп-шығып жүрсе болады. Бұл баланы Алматыға оқуға жіберіп, біз қайдан байыз табамыз» деп айтып мені оқудан бір-екі жылға алып қалмақшы болып Қызылордаға келдік. Анам Күнбибі әрі-бері мені оқуға жібергісі келмейтінін айтып көріп еді. Оған Мұстафа көнбей қойды. Сөйтіп, тездетіп інісі Өмірбек екеумізді жетектеп жездем Алматы қаласынан бір-ақ шықты. Алматыда өзінің досы Қияс ағамыздың үйіне қоныстандырды. Қияс ағай өте жақсы адам екен. Өзі доктор, профессор өте жоғары лауазымды адам болғанына қарамастан кішіпейіл, қарапайым. Қолынан келгенін аямай «айналайын қысылма, өз үйіңдей көр! Еркін жүріп, сабағыңа дайындал» деп жатады. Әйелі де жақсы екен. Бар жағдайымды жасап, қамқорлығын көрсетіп жүреді.
Бірде үйге Мұстафа жағдайымды сұрап келгенде көзімнен жас шығып, «анам мен көкемді қатты сағындым, оқуға келесі жылы келсем қайтеді» деген ойымды жеткіздім. Содан барлығы бар ақылын айтып, «келешегіңді ойла, ертең-ақ үйреніп кетесің» деп көндірді. Сөйтіп жүріп Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтының ветеринария факультетіне 1967 жылы оқуға түстім. Ал Өмірбек сельхоз институтының электрофакультетін таңдады. Келген жұмысы ойдағыдай орындалып, Мұстафа көтеріңкі көңіл-күймен ауылға қайтты. Біз студенттік өмірімізді ары қарай жалғастырдық. Сол жолы, бәлкім Мұстафа – жанашырлық танытып, оқуға алып бармағанда бүгінде білімі не мамандығы жоқ ауыл қазағы болар ма едім?! Осындай жездем мен апамыз біздің болашағымызды ойлап, кедергілерге жол бермей, қамқорлық танытқандарына Аллаға мың да бір рақмет айтамын.
Ал Ақзия апамыз да Мұстафа бауырларын өз бауырларынан кем көрмейтін. Осы әулетке өзінің адамгершілігі, қарапайымдылығы, үлкендердің ақыл-кеңесінің арқасында сіңісіп, жанұяның барлық жауапкершілігін өз мойнына алды. Өзінен кейінгі қайны інілері мен қайын сіңілісін өз бауырларындай тәрбиелеп, әрқайсысының өмірден орнын табуына зор үлес қосты. Осындай әулеттің ауызбіршілігінің арқасында Матаевтар әулеті көпке өнеге үлгі болуда. Біздің бала кезімізден бері Мұстафа ағамыз бен Ақзия апамыздың достарын жақсы білеміз. Ол туралы Құлмырза Тілеуов пен Мұстафа Матаевтың кітабында достар туралы толық айтылған. Біздің де осындай достарымыз болса екен деп армандадық. Қазалыға келсе болды барлық достары жиналып бірге жүреді, бірге қыдырады. Әсіресе жан досы Құлмұрза Тілеуов өте көңілді бәрін күлдіріп отырады. Достарының ішінде ең жақын бізді өте жақсы көретін Мұхан аға мен Сарқат апай еді. Сарқат апай отырыстарының гүлі болатын. Әсіресе Мұстафа төремен Ақзия апамызды мақтап, жақсы қасиеттерін айтып отыратын еді.
Қайран, дүние-ай... Осындай жандар қазір бұл өмірде жоқ. Жандары жаннатта болсын! Ақзия, Мұстафа жездені қатты сыйлайтын. Өмірде ер адамның басын төрге шығаратын әйел дейтіні рас екен. Төренің алаңсыз жұмыс жасауына, демалуына бар жағдайын жасағаннан оның жұмысқа деген қабілеті артып шабыты жақсара түседі. Бұл да ер адамға деген үлкен қамқорлық, қолдау болып есептеледі. Мұстафа төре мен Ақзия апамыздан өрген 3 бала 2 қыз өсіріп барлығын оқытып ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немерелерін бауырларына басып бақытты ата-ана болды. 5 баласы да жапырағы жайқалған Қазақстанға белгілі үлгі-өнеге тұтатын бір-бір әулет. Алла тіл көзден сақтасын! Осындай жандарды көріп түйген ойым, адамды бағалағанда байлығымен, қызметімен емес адамгершілігімен әрбір адамға өзінің шапағатын беретін, шуағын шашатын ешкімнің сыртынан әңгіме айтпайтын, адалдығымен, әділдігімен бағаласа, Мұстафа жездеміз бен Ақзия апамызды айтуға болар еді.
«Жақсының аты өшпейді» дегендей, олар тірісінде көп жанға ақылшы, қамқоршы бола білген. Халықтың алғысына ие болған асыл жандар Мұстафа ағамыз бен Ақзия апамыздың рухын құрметтейтіндер арасында мәңгі жасай береді. Марқұмдардың жатқан жері жайлы, иманы жолдас болсын!

Малкайдар ДҮЙСЕНҰЛЫ,
Қазалы ауданының құрметті азаматы
23 тамыз 2022 ж. 256 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031