Халық ұғымындағы тыйымдар
Қазақ халқында ыдыс-аяқ, тұрмыстық жабдықтарға қатысты салт-дәстүр мен ырымдар көп. Ықылымнан үлкендер ыдыс-аяқты ас ішетін жабдық-бұйымдар деп қастерлейді. Әрбір құралға айрықша мән берген. Мәселен, анам пышақтың шалқасынан жатқанын жақсыға баламайтын. Мұндайда ол «шаңырақты, отбасын бәле-жәледен сақтасын. Соғымға көрінсін» деген ниетпен жүзін түсіріп қоятын. Осы сынды ежелден жалғасып келе жатқан халықтың қағидасын қалт жібермей орындайтындар қазір де арамыздан табылады. Дегенмен заман ағымынан қалыспауға тырысқан адамдар бұл күні ондай ырымдардан қол үзіп қалуда.
Жақында бір құрбымды кезіктірдім. Бір сөзінде: Сол көзім қоймай тартылып жүр. Анам қайтыс боларда да осылай болып еді. Үрейленіп тұрғаным дей бергені сол көлік айдап келе жатқан таксист аға қой сойып, қан шығаруға кеңес берді. Сосын оның басын асып, екі көзіне дем салғызып жеу қажеттігін айтты. Оның сөзінше, бұдан кейін көздің тартылуы басылады-мыс. Аң-таң күй кешіп, жүйкең тынықпай, шаршағанның әсері болар деген ойымды да құп көрген досым майда жандық алып құрбандыққа шалуды діттеді. Бір таңқаларлығы, кездейсоқ жүргізушінің айтқан жоралғысын екі етпей жасаған құрбымның көз тартуы алғашында бірден тыйылмай, екі-үш күннен соң қойды. Осындайда қазақтың нанымына таңқалмасқа шараң қалмайды екен. Ендеше осы сынды кейбір сенімдерді еске түсіруді жөн көрдім.
Бала кезімде әжем су құйылған немесе тағам салынған ыдыстың бетін ашық қалдыруға және беті жабылмаған тағамды жаратуға болмайтынын күбірлеп айтып жүретін. Халық ұғымында ашық қалған асты жын-шайтан жалап кетеді деп санайды. Сонымен бірге ыдыстың беті ашық қалса, улы жәндіктер түсіп кетіп, суды немесе тағамды бүлдіреді деген де пайым бар.
Егер көршілер тамақ әкелсе, ыдысын бос қайтармайды. Бос қайтару көңілі дархан бабалар ұғымында дым көрмегендікке баланған. Бие сауатын көнекті төңкермейді және түбін таяқпен немесе қолмен ұруға болмайды. Көнекөздердің айтуынша, бұлай жасағаннан ырыс-несібе кетеді.
Қазанды ашық қалдыруға да, төңкеруге де тыйым салынған. Халық ұғымында қазанды төңкеру шаңырақ қаңырағанның белгісі ретінде қабылдаған. Жаугершілік заманда бүтін бір отбасының үлкен қара қазанын төңкеріп кету үрдісі болған. Бұл сол шаңырақтан ешкім аман қалмағанын білдірткен екен.
Сонымен қатар ас ішкен ыдысты төңкеріп қоймайды. Ол ырысыңның таусылғанын айқындайды. Қонаққа кетік кесеге шай құймайды. Бұл қонақты құрметтемеу болып саналады. Ішінде не бары білінбейтін ыдыстан да ас ішуге болмайды. Ақ шыныдан жасалған ыдыспен ауқаттану қажет деп қабылдаған ырымшыл халқымыз. Бұрынғылардың үрдісі бойынша ыдыстан су ішерде азырақ төгіп жіберу қажет. Мыс және қола ыдыстарды тамаққа пайдаланбаған. Мұндай ыдыстарда тағам бүлінеді екен.
Жақын адамға пышақ сыйламайды. Егер жақын адамның пышағы өте ұнаса, оны ұрлап алады. Өйткені пышақтасып қалады деген сенімді берік ұстанған. Ошақты, ыдысты аттамауды бала-шағаның құлағына құйып отырған. Бәлкім бұл ырым-тыйымға толы жоралғылардың да астарында біз білмейтін тылсым бар шығар. Екінші жағынан оны тәрбиелік мәні зор өсиет деуге де әбден саяды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА