Сәбиді қырқынан шығару қастерлі
Қазақ халқы ырымшыл әрі тойшыл халық. Баланың туған кезінен есейген шағына дейін салт-дәстүр бойынша тойланады. Мұндай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан игі дәстүрдің бірі – нәрестені қырқынан шығару болып саналады. Ежелден сабақтастығын үзбей бүгінге жеткен ұлттық үрдістің астарында терең мағына мен қандай да бір сыр жатыр. Қырқынан шығару – сандар құпиясын ерекше қастерлегендіктен баланың дүниеге келгеніне қырық күн толғанда атқарылатын наным-сенімге негізделген.
Бұл кезде баланың “қарын шашы”, “сүт тырнағы” алынады. Қарын шашты тастамай шүберекке түйіп қояды. Кейде тіл-көзден сақтайды деп бесігінің басына тұмар ретінде іліп, шошынғанда сонымен қағып аластайтын болған. Кейбір мәліметтерде сәби шағының ескерткіші ретінде де сақтаған. Негізінен “қарын шашы алынбаған бөбектің назасы қатты болады” деп сенгендіктен оны түгел алады. Қалыңмалы көп болсын деген ырыммен, қызды қырық күннен асырып, қалың малын аз төлейтін жерден қыз алайық, тез ер жетсін деп ұлды 37-39 күнде қырқынан шығарған. Бұдан бөлек қыздың ер балаға қарағанда ширақтығын ескерген халықтық тәжірибенің де көрінісі бар.
Дәстүр бойынша сәбидің шашын, тырнағын алу мен шомылдыруға өнерлі, өжет, ісмер және пысық әйелдер таңдалады. Осы игі қасиет балаға да жұғысты болсын, сол адамға тартсын деген ырымнан туындаған. Әжелер мен қыз-келіншектер арнайы алынған жаңа тостағанға қырық қасық су құйып тұрып жақсы тілектерін білдіріп отырады. Оның үстіне еселеп тағы құйылады. Нәресте малды болсын деген жоралғымен қырық құмалақ төгіледі. Рәсім біткеннен кейін қасық пен тостағанды шомылдырған адамдарға береді. Жөн-жосығына қарай әшекейлерден кәде тартылады. Сол үшін алдын ала суға құмалақпен бірге күміс теңгелер, әшекей бұйымдар, асықтар салынған. Бұл келін болып түскен соң ауылындағы туыстарының үйін аралаған кезде жасы үлкен апалар “итаяғыңа саларсың” деп берген бұйымдардан құралады. Оны сол жердегі әйелдер бөліп алады. Алғашқы шомылдырған суын “шілде суы” деп ыдысқа құйып сақтайды. Кейін оның денесі қызарып, бөрітсе су шипа болады деп есептеген.
Қырық күн киген “итжейдесіне” әртүрлі тәттілер салынып, ит мойнына байланады. Шәуілдекті қуалай ұстап алған балалар мойнына оралған тәттіні бөлісіп жейді. Бала қырық күнге дейін екі дүниенің ортасында тұрады деген сеніммен жаңа босанған әйел мен сәби үйден сыртқа шықпай ерекше бағым-күтімде болады. Сондай-ақ “адамның қарнынан шыққан” деп баланы иіскеп, сүюге тыйым салған. Қырық күннен соң ана мен бала ширап, қатарға қосылады.
Баланың қырқынан шығар тойына әнші, ақындар шақырылып, ақсақалдан балаға азан шақыртып ат қойып бата беруді өтінген. Қазақ халқының ежелден бүгінге жеткен қастерлі салтының ерекшелігі осында.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА