Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаруасы шалқыған Шәкен

Шаруасы шалқыған Шәкен

Аудан орталығынан 110 шақырым қашықтықта орналасқан Шәкен ауылы бұрын Қазалы ауданы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоздың №2 фермасының орталығы болған. Шәкен ауылдық округі болып 2005 жылы құрылған. Құрамына Шәкен, Шилі, Шөлқұм елді мекендері кіреді. Бір-біріне көршілес Шилі мен Шөлқұм Шәкеннен 20-35 шақырым аралықта орын тепкен. Ауылдық округте барлығы 729 адам тұрады. Олардың негізгі тірлігі – мал шаруашылығы.
Көненің көзін көрген ақсақалдардың айтуы бойынша, Қосбармақбаласы Сатыбалдыдан 4 бала тараған. Соның біреуі Шәкен Сатыбалдыұлы. Шәкен ата шамамен 1814-1890 жылдары осы өңірде мал шаруашылығымен айналысқан.
– Қазіргі таңда ауыл Шәкен Сатыбалдыұлының атымен аталуда. Ол орта шаруа қатарындағы азамат болған. Руы құттықтың Кенжеғұлы Таттыбай. Сол замандары малдың жайымен жазғытұрым Сыр бойынан Арқаға қарай, күзге салым қайтадан Сыр бойындағы қалың қопаны жайлайтын болған.

Шәкен ата мал суару үшін арнайы өз күшімен құдық қазған. Сыр бойына қайтар жолдағы күзде мал жайылымына ыңғайлы болғандықтан басқа көшіп-қонушылар жайлап алмас үшін Шәкен атамыз өзінің ағайындарымен бір-екілі малымен осы жерді мекендеген. Шәкен атамыз аса сабырлы, уәдесіне берік, өте әділ болған деседі. Сондықтан да бір тайпа елдің мал жайылымы, шабындық жеріне ­байланысты мәселелермен айналысып басшылық жасаған, – дейді тарихи жәдігерлерді жинап зерттеуші Аманжол Жұмабеков өз дерегінде.
Шәкен Сатыбалдыұлының ұрпақтары аудан көлемінде Қожабақы, Өркендеу, Әйтеке би кентінде және Ақтөбе, Тараз қалаларында түрлі салаларда қызмет атқаруда. Қожабақы ауылында шөбересі Төремұрат ағамыздың жары 84 жастағы Зейне-Зайын тұрып жатыр.
Сонау алпысыншы жылдары ең алғашында ферма басшылығына Қабыл Шабарбаев келген. Кейін әр жылдары ферма меңгерушілігін Кемал Мергенов, Абибулла Қосболов, Әскер Байдомақов, Жаңбырбай Маханбетжанов, Темірбай Сейталиев қолға алды.
Шәкен ауылы 2005 жылы Арықбалық ауылдық округінен бөлініп, өз алдына округ болды. Осы кезде №134 мектеп мұғалімі Амантай Темірбайұлы ауыл әкімі болып тағайындалды. Тұңғыш ауыл әкімінің ең алғашқы қолға алған жұмысы – елге тұрақты тоқ көзін әкелуден басталды.

Ауыл басшысының игі шаралары осымен тоқтамай өз жалғасын тапты. Ол округке қарасты Шилі елді мекеніндегі бастауыш мектепті негізгі мектеп қылып ашты. Көне білім ошағының жанына қосымша құрылыс жасап, елдегі азаматтардың демеушілігімен мектеп қайта салынды.
2006 жылы халықтың ұсынысына сәйкес Шилі бастауыш мектебі негізгі мектеп ретінде іске қосылды. Бұдан кейінгі жылдары округ әкімі болып Сәнімкүл Күлікбаева, Болат Әміреев сайланды.
Бүгінде Шәкен ауылдық округінің басқарушылық тізгінін ұстаған Тимур Кималов ауыл ісін абыроймен атқарып келеді.
Отыз жылда бірде бір жөндеу көрмеген далалық жолды қалыпқа келтіру әрбір басшының басты парызы іспеттес. Тимур Ибраимұлы автомобиль жолдары бойынша Ақбай-Шәкен ауылы аралығына жол құрылыс жүргізу үшін технико-экономикалық негіздеме әзірлеуге «Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» басқармасына бюджеттік өтінім ұсынған. Өкінішке орай әлі күнге дейін қолдау таппапты.
Жол мәселесін сөз етсек, ауылдық округ бойынша 3 көше бар. Ұзындығы 4,5 шақырымды құрайтын табиғи құмды жолмен қамтылған. Ал көшелерді жарықтандыру бойынша Шәкенде 2 және Шиліде 1 көше жарықтандырылған. Бюджеттен ақша қаралып жыл сайын жоспарға сәйкес жөндеу түгендеу жұмыстары жүргізіліп тұр. Елді мекендердің өсуіне байланысты жарықтандырылмаған көшелер де жоқ емес. Олар да өз кезегін күтіп, жарықшамдар құрылуын талап етіп тұр.
– Жалпы мұндағы тұрғындар мал шаруашылығын дамытқандықтан елді мекенді дамыту бағытында бірнеше жобаны қолға алуды көздеудеміз.
Атап айтқанда, мал сою мен бордақылау алаңын салу, бие мен түйенің сүтінен қымыз бен шұбат өндіруді жүзеге асырмақпыз. Жоспар бойынша жұмыртқаның қымбаттауына байланысты құс өсіріп, шалғайда мал басын көбейту ойда бар. Мемлекеттік қолдаулар арқылы дала сәні төрт түлік тұқымын асылдандыру діттеліп отыр, – дейді Шәкен ауылдық округінің әкімі Тимур Кималов.
Ауыл басшысының айтуынша, кәсіпкерлер үшін ұлттық табиғи өнім қазы-қарта, құрт, ірімшік, сүзбе дайындау істері ұсынылуда. Тері-жүн өнімдерін өңдеуді жаңғырту мен сервистік және басқа да қызметтер көрсету орнын ашу қарастырылуда.
Округте 120 отбасы, 680 жан бар. Ауылда тұрғындар екі мыңға жуық мүйізді ірі қара, үш мыңдай жылқы, екі мыңдай түйе, жеті мыңға жуық қой-ешкі бағуда. Шәкен ауылында 150 орындық орта мектеп және 30 балаға арналған мектеп жанындағы интернат, емхана, клуб, кітапхана жұмыс атқарады. Округке қарасты Шилі елді мекенінде 50 балалық негізгі мектеп және 25 балақайды қамтитын балабақша бар.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
19 шілде 2022 ж. 659 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031