Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкен атауы жайлы не білеміз?

Шәкен атауы жайлы не білеміз?

Тарих – өмір ағысынан құралады. Сондықтан аталған тақырыпты қозғамас бұрын өткен уақыт өрімінің айтылуға тиіс тұстарын еске түсіре кеткен жөн шығар.

Шәкен кешегі Кеңес Одағы кезінде Қазақстанның 40 жылдығы (қазіргі Жанқожа батыр ауылы) совхозының №2 тауарлы қой фермасы орталығы болған. Аудан орталығынан 110 шақырым қашықтықта қоныс тепкен малды ауылдан ел дәулетін еселеп арттыруға лайықты үлес қосқан талай еңбек майталманы шыққан.

Егемендік еңсесін тіктеп, экономикалық әлеует жақсарған 2005 жылдары бұл елді мекеннің бағы жанып, өрісі өркендеді. Сегіз жүзге жуық халық тұрып, дархан даласы мыңғырған малға толған ырысты аумақ Арықбалық ауылдық округінен өз алдына енші алып, Шәкен ауылдық округіне айналды. Қазалы ауданының қарақұм беткейіндегі Шилі, Шөлқұмнан бөлек көптеген шағын елді мекендерді қамтитын Шәкен ауылдық округінде бүгіндері фельдшерлік-акушерлік бекет, орта мектеп, интернат, клуб, кітапхана, жылжымалы пошта бөлімшесі, мешіт тұрғындарға қызмет көрсетеді.

Енді «Шәкен атауы қайдан шыққан?» деген сауал төңірегіне оралайық. Бұған байланысты жауапты алғаш рет мал шаруашылығында ұзақ жыл тер төккен, еңбек және соғыс ардагері, Панфилов дивизиясында шайқасқан жауынгер Әбжами Алмаховтан естідік. 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында соғыс сарбазымен сұхбаттасу үшін арнайы құм қойнауындағы ауылға іздеп бардық. Сол жолы шай үстінде бүгінгі тілге тиек етілген сұраққа орай әңгіме туындағанда: «Бұрынғылардан жеткен айғақтарға сүйенсек, негізінен біздің ауылдың аты адам есіміне байланысты қойылған», – деп тамағын кенеп алған ақсақал көңіл қалтарысында жүрген сырды жеткізген еді.
Бағзы заманнан бастап қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі төрт түліктің бабын жасаумен қабаттаса өрбіген. Осындай малсақ жандардың қатарында ағайынды Шәкен мен Тәпен де болады. Ынтымақтаса шаруа қамын күйттеген ағалы-інілі екеуі жерден-жер аса жүріп, осы маңайға тұрақтайды.

Жазда маса-сонасы аз қарақұм өңірі бұлардың көңілінен шығады. Құдық қазып, жағдайын келістіре жүргізген соң қолдағы азын-аулақ мал басы қоңданып, саны да арта түседі. Уақыт өте келе қой отары көбейіп, жылқының үйіріне үйір қосылады.
Ағайынды екеуі отау тігіп, ұрпақ өрбітеді. «Сіз-бізі» мол туыстары да осы маңға шоғырлана бастайды. Сөйте келе бұл аумақ белгілі қонысқа айналады. Жұртшылық ауқымды елді мекенді қос ағайындының үлкені Шәкеннің есіміне теліп, «Шәкен ауылы» атап кетеді.
Шәкен елдің ауызбіршілігін сақтап, өмір бойы еңбекпен нан табуға дағдыландырады. «Жақсының ісі өлмейді» демекші, оның өнегесін көз көргендер кейінгі толқынға жеткізіп, әлі күнге өскен-өнген өңір бұрынғы атауынан айнымай, мұндағы тұрғындар ата­кәсіпті жалғастырып келеді.

Біз осы мақаланы жазар кезде Шәкен ауылдық округіндегі қоғамдық кеңес төрағасы, ардагер ұстаз Әзілхан Үмбетов және Шилідегі №259 негізгі мектеп мұғалімі Қуаныш Ысмағұловпен пікірлескенімізде жоғарыдағы Әбжами қария айтқан дерек көздерінің шындыққа жанасатынын мақұлдады. «Халық айтса – қалт айтпайды. Көнеден сақталған шежірелі жайттың мән-маңызын кейінгі ұрпақтың біле жүргені жөн. Қашаннан мал өргізуге жайлы қоныс – Шәкен бізге ыстық, әрдайым мақтан тұтар алтын бесігіміз!», – дейді олар.

Сахи ҚАПАР

17 шілде 2019 ж. 2 211 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031