Даладағы тірлік қаланы дамытады
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасын дамытушы сала. Бүгінде дән сеуіп, мал бағамын дегендерге мемлекет жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Содан да болар жыл сайын қамба астыққа толып, қорадағы төрт түлік саны артқан. Мұндай оң нәтижеге Қазалы ауданының да таласы бар.
2022 жылдың қаңтар-маусым айларында 4 667,7 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 1,9 процент артқан. Оның ішінде мал шаруашылығы 4 659 миллион теңге және егін шаруашылығы 8,7 миллион теңгенің түсімін қамтыған. Бұдан бөлек маусым айының басына дейін 2 399,5 тонна ет, 6 813,9 тонна сүт, 281,9 мың жұмыртқа өндірілген. Ауылшаруашылық өнім ретінде 4 901 ірі тері, 6 964 дана ұсақ тері жиналды.
Жергілікті ауылшаруашылық саласының бүгінгі жетістігі көбіне сандармен есептеліп жатады. Соған сай мал басынан ақпар беріп көрелік. Биылғы жылдың бірінші шілдесіндегі санақ бойынша, ауданда 49 435 мүйізді ірі қара, 68 797 қой, 47 549 ешкі, 45 668 жылқы тіркелген. Сонымен қатар Ойсыл қара төлі 13 мыңнан асса, 8 801 бас құс тіркеуге алынған.
Өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда төрт түлік бойынша мал басында айтарлықтай өсім бары анық. Аудан бойынша барлық мал басының 2,5 % ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, 33 % шаруа қожалықтарында, 64,5 % жеке халықтың үлесінде. Сондықтан бұл бағыттағы жетістікті шаруа адамдарының маңдай терімен келді десек жарасады. Бұған жеңілдетілген несиелердің инерциясы әсер еткені анық.
Мемлекеттік «Іскер» және «Агробизнес» бағдарламалары арқылы ауыл шаруашылығы құрылымдары жыл басынан бері 154,6 миллион теңге несиеге 441 бас мал сатып алды. Сондай-ақ, қаңтар-мамыр айларында ауылшаруашылығы саласының негізгі қорына 24,1 миллион теңге инвестициясы салынғанын білдік. Ал егіс көлемі жайында аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай айтып берді.
– Биыл аудан бойынша 17 402 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Ойға алған меже толығымен орындалды. Атап айтайық, дәнді дақылдар 6772, күріш 6361, жаздық бидай 303, арпа 78, тары 30 гектар жерге себіліп, дала еңбеккерлері күтімін жасауда. Сонымен бірге майлы дақылдар 263, мақсары 100, картоп, көкөніс, бақша 2364, көкөніс 970, және 1064 гектар аумаққа бақша отырғызылды. Өткен жылдары орын алған табиғи жайсыздыққа байланысты биыл қам жасап, мал азықтық дақылдарын, оның ішінде жаңа, ескі жоңышқа, сүрлемдік жүгері ектік. Ал негізгі дақыл – күріштің көлемі 6361 гектарға тұрақтады. Егін жинау маусымында, бұйырса, «Лидер», «Рапан», «Янтарь», «Регул», «Сыр Сұлуы», «Примум» сортының өнімін қамбаға салуды ойлап отырмыз, – дейді сала басшысы.
Биыл Сырдария өзенінде қалыптасқан су тапшылығына байланысты межеленген күріш егісінің көлемі 377 гектарға кем орындалып, есесіне әртараптандыру бағытындағы дақылдарға ерекше мән берілген. Мәселен, жаздық бидай 14, арпа 48, мақсары дақылы 148, картоп 30, бақша 14, көкөніс 70 және жоңышқа 53 гектарға артық орналасыпты. Соған сай 2022 жылы ауданға барлығы 628,2 миллион текше метр су лимиті бекітілген. Оның ішінде дақылдарды вегетация кезінде тұрақты сумен қамтамасыз етуге 358,2 млн. текше метр және экологиялық қажеттілікке ықпалдаса 270 миллион текше метр бөлінген.
Бірнеше ай бұрын диқандар тірлікке кірісіп, далалыққа аттанғаны белгілі. Сонда көктемгі дала және егін егу жұмыстарын жүргізу үшін барлығы шаруалар мен әкімдіктің 290 ауыл шаруашылығы техникасы қатысты. Мемлекет тарапынан 980 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, бүгінгі күнге шаруашылықтарға 740 онна дизель отыны литрі үшін 200 теңгеден таратылып берілді.
Егісті егу бар да, оны күтіп-баптау бейнеті бар. Шаруашылықтар егінді күтіп-баптау және ескі жоңышқа дақылын жинау жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Қазірдің өзінде күріш егісінің 3 450 гектары үстеп қоректендірілсе, 2500 гектар арам шөпке қарсы өңделді.
Бұдан бөлек, сүрлемдік жүгері дақылының гектар үстеп қоректендіріліп, суғару жұмыстары жүргізілуде.
Мал азығы – жан азығы болып тұрған сәтте, жоңышқаның да бағасы аспандап кеткенін көрдік. Кешеге дейін ораққа түсетін 4291 гектар ескі жоңышқа дақылының бірінші орымынан 5109 тонна шөп дайындалды. Бүгінде екінші орым басталып, бүгінгі күнге 961 гектар орылып, 1 391 тонна шөп дайындалды. Мамандар орта өнім гектарына 15 центнер деп бағалап отыр.
Қазалылық ауылшаруашылық өнімдері биылдың өзінде шетел асып үлгерді. Есеп бойынша 3177,1 тонна өнім экспортталды.
Атап айтқанда, 2421 тонна ақ күріш пен күріш қалдығы Ресей Федерациясы, Украина, Ирак, Тәжікстан, Монғолия, Түркия елдеріне 557 тонна балық өнімдері, «СПК Қызылорда балық» ЖШС 145,4 тонна, ЖК Игіліков 301,5 тонна, Ресей Федерациясы, Германия, Қытай елдеріне және 561,5 тонна қамыс Германия, Нидерланд, Дания елдеріне жөнелділген.
Бұл күні Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмен болуына байланысты «Жалаңтөс батыр» ЖШС егіс алқабын суландыру жұмыстары кешуілдеп жатыр. Осының салдарынан кей каналдарға мүлде су шықпай, күріш дақылы күйіп кету алдында тұр. Бұл мәселені шешу үшін «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің биыл су тапшылығының алдын алуға байланысты алынған 3 насосы пайдаланылуда. Олардың екеуі арқылы «Оң жаға» арнасынан 5Х-1 каналына секундына 1 текше метр су жіберілуде. Бұл канал арқылы «Жалаңтөс батыр» ЖШС-ның III және IV ауыспалы егістігіндегі 125 гектар күріш су ішеді.
Ал үшінші насос «Оң жаға» арнасына орналастырылып, 5Х-2 каналын суландыруда. Бұл канал шаруашылықтағы 100 гектар егістікті сумен қамтамасыз етеді. Бірнеше күн бұрын осында арнайы барған аудан әкіміне «Жалаңтөс батыр» ЖШС директоры Абзал Сәрсен орын алған қиындықты егжей-тегжейлі айтып берген.
Осы тұста айта кету керек, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тиісті сала басшылары мен «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің бастығы Бабахан Таймановқа шаруашылықтағы егістікті суландыру үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін тапсырды. Қажет болған жағдайда егістікті қосымша су айдайтын насостармен қамтамасыз ету жағын да қарастыру керегін айтты.
Айта кетейік, «Жалаңтөс батыр» серіктестігі биыл 415 гектар жерге күріш дақылын екті. Одан бөлек, егістікті әртараптандыру бағытында жоңышқа, бидай және мақсары дақылдарын да орналастырған.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ