Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпті алаңдатқан қоғамдық көлік

Көпті алаңдатқан қоғамдық көлік

Ауданда көптеген мәселе көтеріліп, олардың біршамасы шешімін тапқан. Алайда, бірнеше жылдан бері көптің көңілін көншітпей келе жатқан өзекті мәселе қоғамдық көлік болып тұр. Оның жайы жыл өткен сайын күрделеніп барады. Бұл жөнінде кент тұрғындары қоғамдық көлік жүргізушілерін айыптаса, жүргізушілер көліктің аздығын айтып ашынады.

Қазір «Кондуктор дөрекі» деп шағымданатын жолаушылар қатары артқан. Оның үстіне көліктердің жүру регламенті дұрыс сақталмай, тұрғындардың аялдамада ұзақ тұрып қалатындары да бар. Бұл жайында instagram желісіндегі «Kazaly365» парақшасында да мәселе көтерілген. Онда бірі тұрғындарды қолдаса, екіншісі қоғамдық көлік жүргізушілерін қолдап, көп пікірі екіге бөлінді.
Бірі жұмысқа, енді бірі үйіне асыққан қарбалас сәттерде жолаушылар қоғамдық көлікті күтіп ұзын-сонар кезекке тұрады. Әсіресе, шалғайда тұратындар үшін қиын.
Бар мақсаты – жолаушыны көбірек мінгізу мен қалтаның қалыңдығы деп ашынады кент тұрғыны.
– Осыдан 3-4 жыл бұрын отағасы екеуіміз Жанқожа баба жанындағы көшеден жер телімін алып, баспана көтергенбіз. Бұл аумаққа 6-шы маршрут қатынайды. Бір өкініштісі сол, көлік діттеген жеріне жетпей айналып өтеді. Не қолыңды созып, не айқайлап та үлгермейсің. Мұндағы мәселе қоғамдық көліктің уақытылы жүрмеуі. Таңертең сағат 8:00-де жұмысқа шығар болсам, 6-ны 30 тіпті 40 минуттап күтемін. Ол аз десеңіз, келген көлікте адам санына шектеу жоқ. Олай деуім маршрутта 8 орын болса, жүргізуші 16 адамды мінгестіріп алады. Оған тығылысып отырмайын десең, келесі көлік жоғарыда айтқандай 30-40 минутта келеді.


Тағы бір айта кететіні, базар маңындағы аялдамада да тұрып алатыны бар. Ол ісіне наразылық танытып, жүруін сұраған жолаушыға жүргізуші «күткің келмесе таксиге мін» деген жауаптар қайырып жатады. Қалтасы жұқа қауым күні түспесе қоғамдық көлікке мініп қайтсін. Осы себептерден жұмыстан кешігіп, басшылық тарапынан сөгіс алып та жатамыз. Одан бөлек, жаз маусымы демалыс орындарына тапсырыс алады. Ал тиісті орынға шықсақ көліктің аздығын айтады.
Мұның шешімін табу үшін, қоғамдық көлік уақытын бақылап, қадағалайтын арнайы азаматтың болуы тиіс деп ойлаймын. Сол кезде бұл мәселе ауыздықталады, – дейді кент тұрғыны Гүлдана Алмусаева.
2019 жылы «Ковид-19» жер жаһанды жаулап жатқан сәтінде, халықты үйден шықпауға, оқшау­ланып, көптеген жұмыс орындары онлайн жүйеде жұмыс жасауға бекінген еді. Осы аралықта қоғамдық көліктерді уақытша тоқтатып тастады. Сол уақытта көптеген қоғамдық көлік жүргізушісінің кәсібі тоқтап қалғандықтан, көліктерін сатып жіберуге мәжбүр болды. Содан бері қоғамдық көліктің жетіспеушілігі белең алып келеді. Оның үстіне А нүктесінен В нүктесіне дейінгі жол аралығы 1 немесе 1 жарым сағатты уақытты алады. Бұдан кейін көлік аралығы межелеген уақыттан да асып түседі.
«Жалпы, қоғаммен жұмыс жасау өте қиын екенін көпшілік біле бермейді. Оны аялдамада күткен жолаушы қайдан түсінсін?» деген қоғамдық көлік жүргізушісінің де пікіріне құлақ асқанбыз.
– Шынына келер болсақ, өзімді халық игілігі үшін жұмыс жасап жүрмін деп айта алмаймын. Себебі, қазіргі уақытта бірінші орында нәпақа тауып, бала-шағаны асырау екенін өздеріңіз білесіздер. Сол себепті жолаушы қарасы азайған уақытта кішкене той-томалақ, демалыс кешендеріне адам тасуға тапсырыс аламыз. Оның үстіне ұрлама таксилер де аялдама аңдып, қоғамдық көлікті күткен халықты маршрут бағасымен алып кетіп жатады. Бұл күніне бір емес, бірнеше мәрте қайталанады. Содан соң көлікке адамды көптеп мінгізбеске және аялдамада кідірмеске амал бар ма?
Осы тұста такси жүргізушілерін кірістер басқармасы қадағаласа екен дейміз. Мүмкін сонда ғана мәселе шешімін табар деп ойлаймын, – дейді атын атамауды өтінген қоғамдық көлік жүргізушісі.
Бұл мәселе көпшілікке ыңғайсыздық тудырып отыр. Көпті алаңдатқан қоғамдық көлік шаруасы қашан шешілетіні әзірге белгісіз. Белгілі орынға да бірнеше мәрте шығып, мәселенің мән-жайын және шешу жолын талқыламақ болып едік. Алайда жауаптылар мұның жүгін ауыр санады ма, әйтеуір үн қатпады.
Серік АҚМЫРЗА

05 шілде 2022 ж. 381 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031