Қоғамдық көлік көңіл көншіте ме?
Қоғамдық көлік дауы қай кезде де өзектілігін жоғалтқан емес. Бұл тұста халық санының өсімі мен жолаушылар көлігінің талапқа сай болуы қатар жүретіні айтпаса да белгілі. Жыл өткен сайын көліктердің сыйымдылығы, жаңалығы талап етіледі. Мұны жергілікті билік мемлекеттік сатып алу конкурсына салғанда егжей-тегжейлі бақылайды. Алайда соңғы уақытта тұрғындар қоғамдық көлік қызметінің сапасына шағымдануда. Бірер күн бұрын осы мәселе төңірегінде инстаграм желісінде таралған постқа жүзге жуық адам пікір қалдырған.
Мақала авторының айтуынша, қазіргі таңда аудан тұрғындарына қызмет ететін қоғамдық көліктердің саны өте аз. Әсіресе қала мен кент арасына қатынайтын маршруттардың жағдайы көңіл көншітпейді. Оған дәлел ретінде бір-бірімен тығылыса мінген «Газельдің» ішкі көрінісінің суретін жүктеген. Бұдан бөлек постта кейбір қоғамдық көліктердің өз траекториясы бойынша жүрмейтіні де айтылған.
Қызу талқыға түскен шағымға парақша оқырмандарының көпшілігі қолдау білдіріп, пікір жазған. Алайда үлкен қалалардың өзінде мұндай жағдай қалыпты саналатынын айтып, көпшілікті сабырға шақырғандар да болды.
Мәселенің анық-қанығын білу үшін №1 және №7 маршруттарға жауапты, жеке кәсіпкер Сәлімжан Айтжановқа хабарласқан едік. Ол аталған жағдай бойынша жақында аудан әкімінің қабылдауында болғанын, қиындықты шешудің жолдарын талқыға салғанын айтты. Өзіне қарасты қоғамдық көліктер уақытымен, кезегі және ретімен талапқа сай жүріп тұрғанын жеткізді.
– Әлеуметтік желіде таралған шағым қарапайым тұрғынның емес, белгілі адамдардың арандатуы деп білемін. Өйткені менің қарауымдағы маршруттарда бұндай жағдай сирек орын алады. Бізге қойылған талап бойынша 16 қоғамдық көлік тұрғындар тасымалымен айналысуы шарт. Бұдан бөлек оның 8-і микроавтобус болуы керектігі көрсетілген. Ал біз 9 микроавтобус шығардық. Таңертең қоғамдық көліктің уақыт аралығы 6-7 минутты құраса, одан кейінгі мезгілде 10 минуттан аспайды, – дейді кәсіпкер.
Сонымен қатар С.Айтжанов бақылауындағы маршрут жүргізушілеріне көлік іші толық болса да барлық аялдамада міндетті түрде тоқтау керектігі туралы тапсырма берілген. Өйткені аялдамадағылар жағдайды өз көзімен көргені ләзім екен.
– Үлкен қалада автобустың толып келгенін көрген адам сыймайтынын білсе, у-шусыз келесісін күтеді. Бізде де сондай мәдениет қалыптасса екен. Көлік жүргізушісі «сонда да мінемін» деген адамды түсіріп, болмаса күштеп мінгізе алмайды, – деді ол.
Шынында да қойылған талапқа сай жұмыс істеп тұрған кәсіпкердің жағасынан алу жараспайтын секілді. Бірақ тұрғындар тілегіне де бейжай қарау мүмкін емес. 50 мың тұрғынға жуықтап қалған кент аумағына мүмкін, келер жылдан бастап қосымша маршрут қосу керек шығар. Сонымен бірге жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлерге көлемді автобустар мен уақыт интервалы төңірегінде қойылатын техникалық талап күшейтілсе мәселе оң шешімін табар ма еді? Қалай десек те халық сұранысын қанағаттандыру тиісті органдар құзырында.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ